Қоғам
Үй тазалауда жіберілетін қателіктер

Кей нәрселерді дұрыс істемесеңіз, ретін сақтамасаңыз, үй жинау процесін созып аласыз немесе өзіңізге зиянды болуы мүмкін.
- Терезе, айнаны бірден ылғал майлықпен сүртпеңіз. Әйтпесе айғыздап тастайсыз. Сондықтан алдымен терезедегі шаңды құрғақ дәкемен сүртіп алып, содан соң ғана ондағы саусақ іздерін, кеуіп кеткен тамшыларды және тіс пастасының қалдықтарын ылғал дәкемен кетіресіз.
- Шаңсорғышты қоспас бұрын үйдің шаңын сүртіп аласыз. Бұл – қате. Құрғақ тазалау ылғал тазалаудың алдында болуы керек. Егер бұл ережені бұзсаңыз, бір жұмысты бірнеше рет қайталау керек болады.
- Тазалаушы құралды жиһаздың бетіне шашасыз. Бұл да дұрыс емес. Жуғыш ерітіндіні алдымен шүберекке құйып, содан соң ғана онымен жиһаздарды, терезелерді сүртуге болады. Бірден жиһазға құйсаңыз (шашсаңыз), ол жиһазды құртады және орны шырыштанып қалып қояды. Тазалаушы құралдың нұсқамасын оқыңыз: егер оны бірден жиһазға шашуға болатыны жазылып тұрса ғана солай істеуге болады.
- Арнайы сұйықтықтарды өте көп қолданбаңыз. Көпшілігінің құрамы химиялық заттардан тұрады. Оның кесірінен үйдегі адамдарда аллергиялық реакция пайда болуы мүмкін. Бірнеше химиялық құралды бір-бірімен араластыруға болмайтынын да ұмытпаңыз.
Әзірлеген – Жасын Қалибек