Руханият

Үш тілде еркін сөйледі

Бүгінгідей жаһандану дәуірінде адам өзін-өзі жетілдіріп отырмаса, көп нәрседе кенжелеп қалуы мүмкін. Өркениетті елдердің игіліктеріне қол жеткізу үшін де білім-біліктілік керек екені бәрімізге белгілі. Ал ол білім мен құнды ақпараттарға тіл арқылы қол жеткізеріміз анық. Неғұрлым көп тіл білсең, әлемдік ақпарат нарығына, білімнің қайнар көздеріне қолың еркін жетеді. Өз ана тіліңді құрметтей отырып, өзге тілді де меңгерсең, көптеген мүмкіндіктерге жол ашылмақшы.

Жаһандану дегеніміз – қарапайым сөзбен айтқанда, жоғары деңгейге жеткен елдермен қарым-қатынасымызды нығайту. Соның бірі – тілдік коммуникация. Бұл үшін халықаралық қатынас тілі болып жүрген ағылшын тілін үйренуге жастарымызды жатпай-тұрмай баулуымыз керек-ақ.

Жуырда облыстық мәдениет басқармасының «Шығыс Қазақстан лингвистикалық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен  қазақ, ағылшын, орыс тілдерін жетік меңгерген 21-35 жас аралығындағы жастар арасында «Тіл шебері» атты облыстық  байқау өтті.

Мұндағы мақсат – үштілді меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсету, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жастар арасында тілдік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастыру дейді ұйымдастырушылар. Аталған сайыс «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың  2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың өңірлік іс-шаралар жоспарына» сәйкес қолға алыныпты. Айтуларынша, «Тіл шебері» байқауына облыстың қалалары мен аудандарында іріктеуден өткен женімпаздар қатысқан. Үш тілді жетік меңгерген 6 үміткер байқаудың «Елтаным», «Өнертаным» және «Сөзтаным» кезеңдерінде бақтарын сынаған.

Байқаудың бірінші кезеңінің шарты бойынша үміткерлер қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға мемлекеттік тілде жауап берсе, екінші кезеңде ағылшын тілінде өнер көрсетіпті. Ал үшінші кезеңде экранда көрсетілген ұяшықтардағы суреттерге сөйлем құрап, орыс тілінде жауаптарын берген. Әр кезең сайын қатысушылар өздерінің үш тілді қаншалықты кәсіби деңгейде меңгергендерін байқатқан. Бұл обыстық байқауға Тарбағатай ауданының атынан да білімпаз жерлесіміз қатысып қайтты. Қазақы қалпын бұзбаған ауданның жас өрені Әйгерім Мәжитова мемлекеттік тілдің мәйегін бұзбай сөйлеп, дәрежесін көтеріп тастағаны өз алдына, ағылшын, орыс тілдеріне де жүйрік екендігін аңғартса керек, себебі байқаудың қорытындысы бойынша Әйгерім алты үміткердің арасынан алдыңғы шепке озып, жүлделі 2-орынды жеңіп алған. Аудан мерейін асырған жерлесіміз облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Әшімханқызының қолынан арнайы диплом және бағалы сыйлық алған. Мұны естіген ауылдас ағайындар да бәрекелді десіп жатыр.

Ерлан Бапанов

Тарбағатай ауданы

 

 

Осы айдарда

Back to top button