Үш мыңнан астам диқан соқа-сайманын сайлап, дайын отыр

Биыл облыстағы үш мыңнан астам диқан көктемгі егіс науқанын сәуір айының екінші онкүндігінде бастап кетпек. Ол үшін қажетті техникалар сайланып, себілетін тұқымның сапасы тексеріліп қойған.
Соңғы уақытта жаһанда болып жатқан саяси және санкциялық мәселелер әлем елдерін астықпен қамтамасыз етіп отырған бірнеше мемлекеттің экспорттық әлеуетін айтарлықтай төмендеткені белгілі. Алты құрлықтың бәрін қамтымаса да, кәрі құрлықтан бастап қара құрлыққа дейінгі аймақтың елдерін бидаймен қамтамасыз етіп отырған Ресей мен Украинаның арасындағы жағдай аталмыш мемлекеттермен тығыз сауда-саттық және экономикалық байланыста отырған Қазақстан үшін де оңайға соқпағаны белгілі. Экономикамыздың ауқымды бөлігі ауыл шаруашылығына негізделген біздің елге қажетті материал мен техниканың және тыңайтқыштардың уақтылы жеткізілмей қалуы ауыр соққы болатыны рас.
Естеріңізге салсақ, біз бұған дейін ел шаруаларының 45 пайызы көктемгі егіс науқанына дайын еместігі жайында жазған болатынбыз. Ол кезде 300-ден астам шаруашылыққа сауалнама жүргізген Кәсіпкерлер палатасы олардың 55 пайызының ғана дақыл егуге дайын екенін анықтаған. Қалғандары тұқымның, пестицидтердің, жанар-жағармайдың дер кезінде жеткізілмеуіне және бағаның өсуіне байланысты бұл жұмыстарды дер уақытында жүргізіп үлгермей қаламыз ба деп қауіптенетіндерін жеткізген болатын.
Биылғы көктемгі егіс науқанын жүргізуге «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы несиелеуге 70 млрд. теңге мөлшерінде қаржы қарастырылған. Дегенмен сала өкілдері бұл соманы егіс науқанын жүргізуге жетпейтінін айтады. Шамамен бір гектар алқаптың шығыны 100 АҚШ доллары болса, еліміз үшін бір триллион теңге қажет көрінеді. Оның үстіне, қарастырылған 70 млрд. теңгенің әзірге 24 миллиарды ғана оңтүстік өңірлерге бөлінгенін хабарлаған еді.
Дейтұрғанмен кейбір сарапшылар мұндай жағдайдың ел шаруалары үшін ұтымды тұстарының да бар екенін айтып, осындай кезде дақылды молынан егіп, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру мүмкіндігінің жоғары екенін алға тартты.
Дегенмен шаруаның жайы күннің райымен тығыз байланысты, өйткені егіс түсімінің тең жарымы дәннің көктемде топыраққа уақытында себіліп, күзгі орымға дейінгі аралықта оның күтіп-бапталуымен байланысты болса, қалған 50 пайызы ауа райына байланысты екені бесенеден белгілі.
Өткен жылдар өңір шаруалары үшін оңай соқпағаны белгілі. Пандемияға байланысты қойылған шектеулер, жаз ортасына қарай болған қуаңшылық өңірдегі егіс түсімін біршама төмендетіп жіберді. Дейтұрғанмен өткеннен алынған сабақ аймақтағы осы салаға жауапты мемлекеттік органдардың сақтығын күшейтпесе кеміткен жоқ. Атап айтсақ, биыл көктемгі егіс науқанын жүргізуге қарастырылатын шаралар шаруаның жайын жақсартуға бағытталмақ.
Санкцияның салқыны тимейді
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, әлемдегі келеңсіз жағдайлар мен санкциялар Шығыстағы көктемгі егіс науқанының сапасы мен уақтылы жүргізілуіне кері әсер ете қоймайды. Яғни, облыс шаруалары дәнді, дәнді-бұршақты дақылдармен және картоп тұқымдарымен толық көлемде қамтамасыз етілген. Жыл сайын майлы және жемшөп дақылдары бойынша аздаған тапшылық қалыптасқанымен, олардың жетіспеушілігі Павлодар, Алматы және Қостанай облыстарынан, сондай-ақ шетелдік тұқым өткізушілерден жеткізу есебімен жабылатын көрінеді.
Көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін облыстағы барлық тұқымдық материалдар сапалық көрсеткіштерге тексеріліп, шаруашылықтардағы тракторлар мен егіс және топырақ өңдеу техникалары қалыпқа келтірілген.
– Қолайлы табиғи-климаттық жағдайларда Шығыс Қазақстан облысы аумағында көктемгі дала жұмыстарын сәуірдің екінші онкүндігінде бастау жоспарлануда, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін атқарушы Ертай Қуанбаев. – Бүгінгі күні аудандар мен қалалардың көктемгі егіс науқанына дайындығы – шамамен 98 пайыз. Болжамға сәйкес, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 1393,3 мың гектарға жеткізілмек. Бұл өткен жылғыдан 14,6 мың гектарға артық. Ал болжамды құрылым бойынша дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 601,9 мың гектарға себіледі. Оған қоса, мал азықтық дақылдарын 274,4 мың гектар алқапта егу көзделген. Сондай-ақ осы жылы барлық дақыл түрінің тұқымын себу көлемі 109,9 мың тонна болады.
Пайдасы мол дақыл себіледі
Жауапты тұлғаның айтуынша, облыста биыл көктемгі егіс жұмыстарын облыстың үш мыңнан астам шаруашылығы жүргізетін көрінеді. Жалпы, биыл себілетін дақылдардың басым бөлігі дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар болса, сонан кейінгі орын соңғы уақытта өсімі де жақсы, пайдасы да көп майлы дақылдарға тиесілі. Сонымен қатар көпшілік арасында сұранысқа ие азықтық дақылдар егілетін егіс алқаптарының көлемі де айтарлықтай ұлғайды. Ал картоп пен басқа да бақша дақылдары жекелеген аудандар мен қалаларда ғана егіледі.
– Облыстағы шаруашылықтар негізінен дәнді дақылдардың бидай, арпа, жүгері, сұлы, қарақұмық, тары, бұршақ сияқты түрлерін, ал майлы дақылдардың күнбағыс, соя, сафлор, рапс сияқты түрлерін отырғызуға көбірек көңіл бөледі, – дейді Ертай Қуанбаев.
Оның айтуынша, кейінгі жылдары облыстағы шаруашылықтар дақылдардың жаңа сорттарын да отырғызуға машықтана бастаған. Ол үшін өңірдегі шаруалар шаруашылық жұмыстарын ғылыммен ұштастырып, жаңа дақылдарды тәжірибе ретінде егуді қолға алған. Қазірде осы іске ден қойып, жаңа сортты дақылдардың өзіндік базасын қалыптастырған шаруашылықтар өңірімізде аз емес. Осындай жұмыстардың нәтижесінде ноқат, құмай, жасымық сынды дақылдардың жаңа сорттарын сұрыптап алған.
Минералдың қоры жеткілікті
Егіс түсімі мол болуы үшін жердің тыңайтылуы маңызды рөл атқарады. Осы себепті, алқаптарды тыңайтуға және залалсыздандыруға арналған минералдар мен тыңайтқыштар жеткізу де шаруаның басын ауыртып, балтырын сыздататын мәселе.
Десек те құзырлы басқарма қазір бұл бағытта айтарлықтай проблема жоқ екенін алға тартады. Минералды тыңайтқыштар бойынша өңір шаруалары отандық «КазАзот» және «КазФосфат» ұйымдарымен қажетті шарттар жасасқан. Сонымен қатар шетелдік тыңайтқыштар бізге Ресей Федерациясы арқылы тасымалданады. Әзірге шетелден тасымалданатын тыңайтқыштарды жеткізуде проблема жоқ.
– Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын табысты жүргізу үшін биыл облыстық бюджеттен минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуды субсидиялауға 2,1 млрд. теңге және оған қоса 354 млн. теңге қаржы бөлінді. Минералды тыңайтқыштар еліміздің «Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын арттыруды субсидиялау» қағидаларына сәйкес субсидияланады, – дейді Ертай Қуанбаев.
Жанармайдан тапшылық болмайды
Басқарма өкілі көктемгі егіс науқанын ойдағыдай өткізуде маңызды рөл атқаратын жанар-жағармайдың жеткізілуі де биыл жоспарға сай жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтсақ, көктемгі дала жұмыстарының белгіленген көлемін орындау үшін Павлодар мұнай өңдеу зауытынан 33 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Бұл көлем облыс шаруаларының қажеттілігін толық қамтамасыз етеді.
– Операторлардың босату бағасы наурыз айына бір литр үшін 198-205 теңге аралығында. Ал биылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін бөлінген дизель отынының бес мың тоннасы наурыз айында берілсе, 12 мың тоннасын сәуір айында, 11 мың тоннасын мамыр айында, қалғаны маусым айында берілмек, – деді Ертай Қуанбаев.
Осылайша, құзырлы ведомство шекаралық шектеулерге қарамастан өңір шаруалары түйіні шешілмеген мәселе жоқ екенін айтады. Көктемгі егіс науқанын уақтылы әрі ойдағыдай өткізу үшін барлық әзірлік жұмыстары ұйымдастырылған. Ендігі мақсат – ылғалды жоғалтпай дақылды себу. Ал егіннің көктеп, қамбаға түскенге дейінгі аралығын қадағалау екінші кезектегі шаруа болмақ.
Облыс аумағында отырғызылатын дәнді-дақыл көлемі
Инфографика
Көктемгі егіс жұмыстарына пайдаланылатын ауыл шаруашылығы техникалары
17557 трактор
4351 соқа
2676 культиватор
4219 тұқым сепкіш
5137 жүк көлігі
Азамат Темірбеков