Құқық

Үш мың қызметкердің жалақы қарызы өндірілді

Аймақта былтыр криминогендік ахуал біршама жақсарған. 2019 жылмен салыстырғанда қылмыстық құқық бұзушылықтар, соның ішінде кісі өлтіру, қарақшылық, тонау, ұрлық және бұзақылық қылмыстарының саны азайған. Бұл жөнінде облыстық прокуратураның өткен жылдың жұмысын қорытындылаған кеңейтілген алқа мәжілісінде айтылды.

Мәселен, заманауи ІТ-технологиялар қылмысты тіркеуден бастап, үкім шығаруға дейінгі барлық сатыларды цифрландыруға мүмкіндік бергені рас. Электрондық форматта органдар бес мыңнан астам қылмыстық істі тергеген. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысында пайдаланылатын мұндай формат оның ашықтығын қамтамасыз етіп, уақытты да ұтымды пайдаланып отыр.

– Пилоттық жобаны іске асыру шеңберінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында негізгі шешімдерді келісімдеу бойынша тоғыз мыңнан астам процестік құжаттар тексеріліп, келісілді. Тергеу органдарының әрекеттерді саралау және қайта саралау туралы екі мыңнан астам шешімі ертерек кезеңде заңға сәйкес келтірілді. Бұл қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарының бұзылуын азайтуға мүмкіндік берді, – облыс прокуратурасының баспасөз қызметіндегілер.

Алқа отырысында қоғамдық мүдделерді қорғау саласындағы жұмыс нәтижелері де баяндалды. Жер қатынастары, агроөнеркәсіптік кешен, халықты жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, мемлекеттік сатып алу және көші-қон мәселелері бойынша бірқатар маңызды талдаулар жүргізілген. Мемлекеттік бюджетке қадағалау актілері бойынша 1 млрд. теңге өндірілсе, жалпы ауданы 40 мың гектарды құрайтын 700-ге жуық пайдаланылмайтын жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылған.

Төтенше жағдай режимі уақытында прокурорлар бірінші кезекте шектеу іс-шараларының заңдылығын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдады. Қала мен аудандарда фармацевтикалық ұйымдарды бақылайтын ұтқыр топтар құрылды. Шекті бағаны көтергені және заңсыз сауда-саттығы үшін ондаған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бағаны көтеруден бөлек, фармацевтикалық қызметке рұқсаты жоқ тұлғалардың дәрі-дәрмектерді сату фактілері тіркелді. 9 мың медициналық бетперде мен қолғап, сондай-ақ 1800 литрден астам спирті бар өнімдер алынып, денсаулық сақтау мекемелеріне тапсырылғаны.

Құзырлы органның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенер болсақ, облыс прокуратурасы азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін қарауға ерекше назар аударуда. Шектеу шараларының енгізілуіне қарамастан, прокуратура органдарында өтініштерді қабылдау және кеңестер беру үшін барлық жағдайлар жасалған. Нәтижесінде прокуратураға 11 мыңнан астам тұлға өз құқықтарын қорғау үшін жүгінген, 6 мыңға жуық өтініш мәні бойынша шешімін тапқан. 1875 азамат жеке қабылданса, ал қадағалау органының басшылығы 1159 азаматты қабылдады.

– Мысалы, Абай ауданында шаруа қожалықтарының басшылары 4 айдан астам уақыт инвестициялық субсидиялауға берілген өтінімдердің қаралуын күткен. Тек прокуратура қызметкерлерінің араласуынан кейін ғана олардың өтінімдері қаралып, шешімдерді алған. Қабылданған шаралар нәтижесінде аудан кәсіпкерлерінің барлық 57 өтінімі қаралып, субсидиялар беріліп, кінәлі тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұдан басқа, Бородулиха ауданы тұрғындарының мәселесі  прокурордың қабылдауынан кейін шешілді. Прокуратура қызметкерлерінің араласуынан кейін ауыл тұрғындарына ауданы 4,5 мың гектар жайылымдық және шабындық алқаптары қайтарылды, ал 2,5 мың гектар жер қайтару сатысында, – деді облыс прокуратурасындағылар.

Сонымен қатар, прокурорлардың көмегі арқылы шамамен 400 млн. теңге сомасында 3 мың қызметкердің жалақысы өндірілді. Қабылданған шаралар нәтижесінде 375 млн. теңге сомасында алимент өндірілген. Қылмыстық жауапкершілікке 91, ал әкімшілік жауапкершілікке 109 борышкер тартылған.

Есепті кезеңде халықтың әлеуметтік осал топтарының қорғалуына да көңіл бөлінді. Дәрігерлік-консультативтік комиссия жұмысындағы кемшіліктер, оның ішінде күрделі операция жасалған адамдардың мүгедектігін уақтылы куәландырмау фактілері орын алғаны анықталды. Қадағалау актісімен облыстың 153 тұрғынына жәрдемақы тағайындалып, оңалту бойынша құқықтары қорғалған.

Прокуратураның араласуынан кейін туберкулезбен ауыратын азаматтар да ай сайынғы төлемдерін ала бастады. Нәтижесінде 79 млн. теңге төлем сомасында 900-ден астам тұлғаның құқығы қорғалды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау бойынша жұмыс қарқын алып, 114 баланы асырауға алған тұлғалар деректер банкіне енгізілді, 136 бала тұрғын үй алу кезегіне қойылды. Зорлық-зомбылық пен өз-өзіне қол сұғушылықты насихаттайтын 25 заңсыз сайт анықталып, бұғатталды.

– Осыған орай, ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып, арнайы балалар ұйымдарының жүйелі проблемаларын зерделеу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Семей, Аягөз және Өскемен қалаларындағы үш интернатта прокуратураның бастамасы бойынша қауіпсіздік мақсатында жазбаларды «бұлтты сақтаумен» бейнебақылау енгізілді. Мұндай жағдайда оны жою және өзгерту мүмкіндігі жоқ. Барлық осындай ұйымдарда полиция мен прокуратура қызметкерлерінің ұтқыр бекеттері құрылды. Жалпы жасөспірімдер қылмысының (219-дан 152-ге дейін), сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстардың (152-ден 123-ке дейін) тұрақты төмендеуі байқалып отыр, – дейді прокуратура қызметкерлері.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button