Қоғам

Үш жүзден астам баланы кене шақты

– Мейрам күндері табиғат аясына шығып, сергіп қайтқымыз келген еді, алайда кене шағып, емханаға түсіп жатқандар көп дегенді естіп үйде қалуды жөн көрдік. Себебі немерем әлі кішкентай. Кененің қауіпті екенін білеміз ғой, – деді редакцияға қоңырау шалған Өскемен қаласының тұрғыны Арай Сағатбекова.

Рас, былай қарағанда зиянсыз көрінетін кіп-кішкентай жәндіктің адам денсаулығына қауіпті екенін елдің бәрі біледі. Әсіресе, топырақ қызып, көк шыққанда кенелер де кеселге айналады. Ендеше кенеден келер қауіптің қаншалықты екенін мамандар пікіріне сүйене отырып тарқатып берсек.

Кене несімен қауіпті?

Әдетте кенелердің белсенділігі сәуір-мамыр айларында артады. Бірақ көктем біткенде кенелер жоғалып кетпейді. Тіршілігін жаз бойы жалғастыра береді. Тамыздың соңына қарай кенелер қайтадан қаптай батайды. Өйткені ересек дернәсілдер әрі қарай өсу үшін қанмен қоректену керек. Кененің шағуы аса қауіпті болмауы мүмкін, алайда, олар түрлі ауру таратады. Ең қауіптілері – энцефалит пен бореллиоз. Бұл аурулар адамның жүйке жүйесін зақымдайды, мүгедектікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Ауру асқынып кеткен жағдайда адамның өліп кетуі де ғажап емес. Энцефалит пен бореллиоздан өзге кенелер бабезиоз, геморрагиялық безгек, риккетсиоз, туляремия, эрлихиоз және тағы да басқа ауруларды таратады. Мамандардың айтуынша, кененің сілекейімен бірге қанға түсетін вирустар өте қауіпті. Бұл жәндіктер еліміздің барлық өңірінде кездеседі. Оның ішінде біздің Шығыста да кенелердің тіршілік етуіне қолайлы табиғи орта қалыптасқан.

Кене шаққаннан кейінгі жағдайды тұмаумен шатастырып алмау керек. Себебі белгілері ұқсас. Бас ауырады, дене қызуы +37, +39  градусқа дейін көтеріледі. Дене қалтырап, бөртіп, қызарып кетуі де мүмкін. Адамның өне бойы ауырып, тыныс алуы ауырлайды, жиі-жиі ентігіп, тамаққа деген тәбеті жоғалады. Сондықтан осындай белгілер байқалса бірден дәрігерге жүгінген абзал.

Шағып алса не істеу керек?

«Кене шағып алғанда не істеу қажет?» деген сұрақ сізді де алаңдата ма? Бірінші кезекте кененің аузын шаққан жерден абайлап шығарып алу керек. Жақын жерде дәрігерлік бөлімше жоқ деп қол қусырып отырмаңыз. Бастысы, кенені толығымен алып шықсаңыз болғаны. Егер де жәндікті алатын арнайы құрылғыңыз болмаса, жіптен жасалған ілмекпен, не саусақтарыңызбен алған жөн. Кенені суырып алған соң санэпидемстанция зертханасына барып анализ тапсырыңыз. Сынама нәтижесі бойынша дәрігер сізге ем жазып береді. Бактериалдық жұқпалар, соның ішінде бореллиоз, антибиотиктермен емделеді. Ал энцефалит болса жағдай сәл қиындау, сізге энцефалитке қарсы дәрі егеді, кене шаққан соң төрт күн бойы ем қабылдауыңыз шарт.

Қалай қорғануға болады?

Кенелер қалың шөптің, бұталардың, құлаған ағаштардың арасында тіршілік етеді. Олар ағаштан түседі деген ақпар шындыққа жанаса қоймайды. Бірақ табиғат аясына шыққанда жабық киім киіңіз. Дүкеннен кенеге қарсы крем мен спрей алсаңыз да болады. Бастысы денеңіз ашық болмасын.

«Кенелер көбейіп кетті» деген ақпар қаншалықты шынайы? Бұл туралы бізге облыстық Санитарлық-эпидемиологиялық департамент мамандары айтып берді.

–   Кейінгі мәліметтер бойынша кене шақты деген шағыммен 995 адам емханаға жүгінген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 364, бұл дегеніміз 36,5% бала зардап шегіп отыр. Өткен жылмен салыстырғанда кене шағу маусымы ұзаққа созылды. Себебі көктем жай шықты. Ауа райы салқындау болды. Осыған байланысты биыл көктем шыққалы беру кене шағу жағдайлары бұрынғыдан айтарлықтай аз, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Бағлан Тауанова.

Ресми мәліметке жүгінсек, биыл облыс аумағында кене инфекциясын жұқтырғандар жоқ. Күрделі жағдайдың алдын алу үшін кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулинді зардап шеккен 855 адам алған. Ал қалғандары, нақтыласақ:

–   54 адам медициналық көмекке кеш жүгінген;

–   33 адам медициналық көрсеткіштерге байланысты;

–   10 адам иммуноглобулиннің уақытша болмауына байланысты;

–   10 адам өз еркімен бас тартты;

–   14 адам вакцинация алып қойған;

–   19 жағдай – кене энцефалитімен сырқаттанушылық бойынша қауіпті аумақтарда болған.

Облыс бойынша кене энцефалитінің ошақтары – Глубокое, Зайсан, Алтай, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонайха аудандары мен Риддер, Өскемен қалаларының маңы.

Мамандар биыл кенелердің белсенділігі ауа райы қолайсыздығына байланысты төмен дегенді алға тартып отыр. Алайда күн жылынғанда күшейіп кетуі ықтимал. Сондықтан саяхатқа шығарда жоғарда айтылған кеңестерді естен шығармаған жөн.

Балауса Мэлсқызы

Осы айдарда

Back to top button