Биылғы Мемлекеттік сыйлыққа үміткер шығарманың бірі – жазушы Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбайдың «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясы. Тарихи үштомдықтың көтерген жүгі ауыр, бірақ, автор дәуір көріністерін оқырман ұғымына мейлінше жақын жатық тілмен өрнектеген.
Кенесары ханның қаһармандығы мен азаттық жолындағы күресін кеңінен суреттеген тұтас туындының мазмұны терең әрі тартымды. Қазақ тарихының үш-төрт ғасырлық ауқымын қамтыған аласапыран оқиғалар тұшымды сипатталған. Әсіресе, рухты қозғайтын сол заманның қоғамдық-әлеуметтік оқиғалары, саяси әрі мінез-құлық құбылыстары шынайы және кестелі түрде көрсетіледі. Бұл шығарма ұлттық рухымыз бен намысымызды әйгілейтін, Тәуелсіздіктің төл туындысы.
Бір таңқаларлығы, «Қазіргі уақытта көлемді шығармалар оқылмайды» деген желеумен оқырмандар мен көптеген қаламгерлер ықшам дүниелердің ығымен кетіп бара жатқан кезде Әділбек арзан ұғымға бой алдырмай үш томдық ұсынып отыр. Тарихи тақырыптардың немесе белгілі бір кезеңдердің келбетін ашу үшін кеңінен қайырып, тереңінен сүзбесең шығарма діттіген жеріне жете алмайды. Кенесарының да тарихтағы рөлін сәйкесінше сомдау үшін трилогия жазып шығуға тура келген. Сондықтан, өзіне сенген, өзекті тақырыпқа тәуекелшіл қаламгерлер ғана кең тынысты, ауқымы үлкен шығармаларға бел байламақ. Ол – дербес сананың болмысын байқатады. Әділбек Алпысбайдың Кенесары хан тақырыбына баруын біз осы тұрғыдан түсініп, қазіргі қоғамға қат болып тұрған өзекті шығарма беріп отырғанына алғыстымыз. «Семсер жүзіндегі серт» трилогиясының бір ерекшелігі – қазақ халқы кезінде қандай қаһарман әрі әділетті болғанын шынайы әспеттеп, оқырманына үлкен әсер силайды. Қазіргі қоғамның ұлттық сана, қазақы болмыс тұрғысынан қуаттануына ықпалы басым.
Трилогияның бірінші томы Тезек төренің тебіренісімен басталады. Тебіреністен гөрі толқу, қобалжу десек дәлірек. Оның толғанысында қазақ халқының сол замандағы әлеуметтік-психолгиясы, ішкі-сыртқы жағдайы қаз-қалпында көрініс табады. Тезекпен бірге өзің де іштей ширығып, кейде тынысың тарылып булығасың, буырқанасың. Бұл – автордың кейіпкерді образдаудағы нағыз шеберлігі болса керек. Оқып көріңіз: «Сырт нобайы тойға кетіп бара жатқандай көрінгенімен лекіген көңілдің шаттығы тұмшалана береді. Сарықзыл аттың теңселе салған жорғасы ер үстендегі иесін ғана емес, оның көкейінде қотарылысқан ойын да тербеп келе жатқаны аян. Шайқалған дүниеде шалық кешкен – ұлы жүз қазақтарының, нақтырақ айтқанда, албандардың аға сұлтаны Тезек төре еді. Әлдебір ішкі байламының тоқтамына жаны қанағат таппай, бұғалық түскен бұладай шыңғыра аласұрады».
Бір өңірдің аға сұлтанының жан дүниесін бұғалық түскен бұладай бұлқындырып қойған не нәрсе? Трилогияның бірінші томында осы түйткілдің түп төркіні, қалтарыс-бұлтарысы сары майдан қыл суырғандай сипатталады. Аға сұлтанды аласұрғызған жайдың негізгі себебіне сәл тоқтала кетейік. Қырғыз елінде сол тұста мейманасы тасып тұрған Орманбет деген манап шешешіне ас беретін болып қазақ, қырғызға сауын айтады. Оған Тезек төре шақырылады. Бұл уақыт Кенесары ханның қырғыздар қолынан мерт болғанына көп ұзамаған, қазақ жұртының өкініш-күйініші басылып, ызасы тарқамаған шақ. Орыс империясына арқа сүйеген айырқалпақ ағайынның Орманбеттей атқамінері Кенесарының басын кесіп, ақ патшаға тапсырғаннан бері тіптен айбынданып алған. Бір өңірдің аға сұлтаны бола тұра немере ағасы Кенесарының арасына түсе алмағаны және оны өз қолымен өлтірген Орманбетпен дастархандас болу Тезек төреге бір жағынан намыс. Бармайын десе күндері орыс патшалығына қарап отыр, «Кенесары ағасымен ымыралас болған» деп Орманбет ортаға от тастап жіберсе мұның да шаруасы бітпек.
Қазақ та, қырғыз да орыс патшалығына бодан болып қалғаннан бері түбі бір туған екі ағайын арасын арандату белгілері белең ала түскені белгілі. Арандатудың үлкен бір нәтижесі Кенесарының қатігездікпен өлтірілуі. Айласы алшысынан түскен орыс ұлықтары шағын ұлттарды шағыстырудың сан түрлі жолдарын жалғастыра түсуге ынталы болды. Оны қазақтың тізгін ұстарлары да жақсы сезініп, қақпанға түсіп қалмау үшін сақ болуға бейімделді. Бұл тұста қазақ даласы орыс патшалығына тұтастай бодан бола қоймаған, ішінара кейбір сұлтандар бұйдасын бергенімен бірқатар аймақтың атқамінерлері шылбырын ұстапай жүрген кез. Ақ патша үшін соның бәрін тұқыртудың, өзге де бұратана жұртты үрейлендірудің төте жолы – Кенесары жорығын басып-жаншып, өзінің көзін жою болды. Ақыры дегендеріне жетті…
Жалпы, Әділбек Алпысбай романдағы оқиғаларды үш кезеңге бөліп, Кенесары тұлғасы мен ол бастаған ұлт-азаттық күресін осы тарихтың кіндік діңгегі етіп алғаны – дұрыс көркемдік шешім болған. Өйткені, тарихшылардың межелеуінше, патшалық және кеңестік отаршылдыққа қарсы қазақ даласында 200 жыл аумағында өрістеген 300-ден аса қарулы қарсылықтың ішіндегі бүкіл ұлтты тұтас қамтыған батыр да емес, басқа да емес, ханның өзі бастап, басқарған бірден-бір көтеріліс, дәл осы Кенесары жорығы екені белгілі. Оның үстіне, аталмыш трилогия – Есенберлиннің «Қаһарынан» кейін, Тәуелсіз Қазақстан әдебиеті тарихында Кенесары қозғалысына басы бүтін тікелей арналған ең алғашқы кесек туындының орнын иеленіп отыр деп еш күмілжімей айтуға болады. Автор Кенесарыдай нақпа-нақ тарихи тұлғаны аңыз кейіпкерге айналдырмай, оған таңылған теріс кескіндемелерді оңдап, оның нағыз ел бүтіндеуші, жерін қорғаушы қаһарман образын қалпына келтіруді нысанаға алған. Сол замандағы сыртқы күштер мен ішкі ықпалдардың саяси жақтары, үстемдік идеологиясы ирімдері нанымды суреттелген. Олай дейтініміз, трилогиядағы оқиғалар тарихи деректермен дәлме-дәл келіп, ел жадын жаңғырта түседі. Мәселен, көптеген сұлтан-төрелердің патшаға жағынып, Кенесарыға қарсы келуі, Сыпатай секілді кейбір батыр-мансаптылардың опасыздық жасауы, Тәнекенің кек қайтаруы, Сүйінбай мен Қатаған айтысындағы қақтығыстар, тағы сол сияқты дәйектер оқырманды алға жетелеп, өткен шақтың күнгейі мен көлеңкесін пайымдауға итермелейді. Өйткені, мұнда тек қазақ халқының емес, жалпы Орта Азия елдерінің сол кездегі ахуалы, тыныс-тірлігі, рухани өрістері де барынша көрініс тапқан.
Үш ғасырлық күресті ұлықтаған үштомдықтың алғашқы томы «Арланның азуында» сонау Тәуекел, Есім ханнан бастап, Абылай дәуірінің ақырына дейінгі кезеңге тарихи-әдеби шолу жасалған, ортаңғы том «Сертте» Кенесары ханның азаттық пен тәуелсіздік жолындағы арпалысты күресі нақты оқиғалар негізінде көркем бейнеленіп, ал соңғы үшінші том «Рухта» Кенесарының ержүрек ұлы Сыздық сұлтанның әке жолын жалғастыруды көздеген жанкешті әрекеті әңгіме болады.
Артық айтқандық емес, «Семсер жүзіндегі серт» атты үштомдықты толық оқып шықан адам бұл шығарманың шындықпен ғана суарылғанына көз жеткізеді. Трилогияның өн бойында Кенесары тұлғасы мен Тәуелсіз мемлекет құру мақсат-мұраты алтын арқау болып тартылған. Соңғы ханымыздың адами және ерлік қасиеттерін айқындай түсіп, оның ерен әскери қолбасшы, хас батыр болмысын ашуға тырысқан. Бұл жастардың ой-санасындағы отансүюшілік пен мемлекетшілдікті күшейтетіні сөзсіз. Осы жағын ескерсек, қазақ халқының үш-төрт ғасыр басынан кешкен хикметтерін сипаттайтын шоқтығы биік шығарма тудыру мәртебесі жаңа ғасыр әдебиетінің өкілі – Әділбек Ыбырайымұлының еншісіне бұйырғанын байқаймыз. Бұл назар аударатын деталь. Себебі, кез келген тарихи тақырып, оның ішінде Кенесары хан туралы ой толғап, үш томдық кітап жазу әркімнің қолынан келе беретін шаруа емес. Жазғысы келгенімен не батылы бармауы, болмаса қаламгерлік қуаты жете бермеуі мүмкін. Қаламгерлік қуат жағынан Әділбек Ыбырайымұлы бұған дейін әңгімелер мен повестерді есептемегенде «Ұяластар», «Адам-айуан», «Зауқайыр» секілді кесек романдар ұсынған жазушы.
Қай жағынан алғанда да «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясының көтеріп отырған тақырып ауқымы өте кең, әдеби көркемдік деңгейі биік, сюжеті тартымды туынды. Тәуелсіздік ұғымын қоғам санасына орнықтыра түсу бағытында дәл осындай шығармалардың пайдасы өте зор. Сол себепті де, Әділбек Ыбырайымұлының «Семсер жүзіндегі серт» роман-трилогиясын мемлекеттік сыйлыққа үміткер болуға әбден ылайықты деп есептейміз.
Қайрат Зекенұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.