Қоғам

Үржардың келіні үздік атанды

Мейрамтай Иманғали

Қазақ келінін құрметтеп, аялаған халық. Өйткені келін – ұрпағыңның анасы, ұлтыңның ұйытқысы. Үйге енген келінің көркем мінезді, келбетті әрі көреген болса, көсегеңнің көгергені.  Жақсы келін қашан да шаңырағыңды  шаттыққа толтырып, ырыс-берекеңді  еселей түседі. Осы аптада Ұлан ауданы, Қасым Қайсенов кентінде «Аяулы жас келін-2021» облыстық байқауы  өтті. Бұл байқау ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды.

Бастарына ақ жаулық тағып, келген жанға ерекше ізетпен сәлем салып сызылған қазақтың келіндерін көргенде, көңіліміздің өсіп қалғаны шындық. Облысымыздың әр өңірінен келген 16 келін, 16 әулеттің күлімдеген күні, шашылған жап-жарық шуағы.  Осымен сегізінші жыл қатарынан өтіп отырған дәстүрлі байқаудың негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды насихаттау, ұмыт қалған салт-дәстүрлер мен ас түрлерін, жөн-жоралғыларды қайта жаңғырту, келіндердің қоғамдық белсенділігін арттыру. Шынын айту керек, қазіргі таңда отау құрған жастар арасында ажырасу көбейді. Облыста  әрбір үшінші неке ажырасумен аяқталатын көрінеді. Ұйымдастырушылар осындай шаралар арқылы ажырасудың алдын алуды, отбасылық бірлік пен татулықты, отбасылық құндылықтарды нығайтуды көздейді.

Байқаудың әр кезеңінде қатысушылар түрлі сыннан өтіп, бақ сынады.  Сайыстың «Ас – адамның арқауы» атты бөлімінде келіндер бауырсақ пісіріп, самаурынға шай қайнатты, қазақтың көне тағамын әзірлеп, ақ дастархан жайды.

Тарбағатайлық  келін Тана Дүйсенбаева бауырсақты әдейі қара ұннан жасапты.

-Ақ ұнға қарағанда қара ұнның дәмі бөлек әрі денсаулыққа өте пайдалы.  Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз бауырсақты осы қара ұннан жасаған, – дейді ол.

Ал Алтай ауданынан келген келін Сағымгүл Бақытбек бауырсақты төрт бұрыштап жасаған екен.

-Біздің  әулетімізде бауырсақты осылай әзірлейді. Атам осы бауырсақты сүйсініп  жейді, – дейді ол әдемі жымиып. Бауырсақтың құрамы да қарапайым. Бір шыны сүтке сарымай, қант, тұз және ашытқы салып илеген екен.  Ал семейлік келін Назгүл Серікбайқызының қолынан шыққан ши бауырсағының  да дәмі ерекше тіл үйіреді.

-Мұны Семейде ши бауырсақ дейді. Ал біздің үйдегілер мұны «поп-корн» деп атайды, өйткені теледидардан  кино көріп отырып осы бауырсақты жегенді жақсы көреді, – дейді ол.   Ал шемонайхалық келін Жәния Хисабек бір қамырдың өзінен 4-5 түрлі бауырсақ пісіріпті.

-Жалпы бүгінгі байқауға қатысып жатқан келіндердің барлығы да пысық, жинақы, ұқыпты екенін байқадық. Біз, қазылар алқасы келіндердің  адамды қарсы алып, амандасуына, пісірген тамағының құрамын сасқалақтамай, ұғынықты тілмен түсіндіруіне, тазалағына,  іс-қимылының ширақтығына – бәріне назар аударып отырмыз, – дейді қазылар алқасының мүшесі, «Үздік мемлекеттік қызметші» медалінің иегері Бұлбұл Бакинова.

Сайысқа қатысқан келіндердің самаурынға шай қайнатуы да ерекше бір рәсім дерсің. Бірінің самаурыны тез қайнаса, бірі тіпті отты тұтата алмай түтінге көміліп жатты.

Сондай-ақ келіндердің қазақтың ұлттық көне тағамдарын әзірлеп, жаңғыртуы да бізді ерекше қуантты. Үлпершек, қарынбүрме, жаппасай, өрметөс – бәрі де көшпелі халықтың өмір салтынан хабар беретін тағамдар.  Бір байқағанымыз, сайысқа қатысқанкеліндердің біразы  ұлттық көне тағам ретінде қарынбүрме жасап әкеліпті. Ол қандай тағам? Сайыста Үржар ауданының намысын қорғаған келін Талшын Юсупахунова оны өте жақсы біледі. Қарынбүрме дегеніміз – кәдімгі малдың қарнына салынған ет. Сойылған малдың еті өз қарнына сыятын көрінеді. Сондай-ақ Талшын қазақтың ұлттық тағамы әсіпті де әзірлеп әкеліпті. Әсіпті кейбір жерде шыж-быж деп те айтатын көрінеді.  Өзі ұйғырдың қызы болса да қазақтың жігітіне тұрмысқа шығып, жар болып отырған Талшын қазақшаға да судай екен.  «Шай ішіп кетсең қайтеді, Мен ұсынған кеседен» деп, әндетіп, қазылар алқасы мүшелеріне күрең шайын ұсынып, құрақ ұшып-ақ тұр. Зайсандық келін Нұршырақ Жігерқызы әзірлеген  құрт тосап та қазіргі қазақ үшін өте таңсық тағамның бірі екені сөзсіз.

– Бұрынғы кезде ата-бабаларымыз майлы тағамдардан кейін тамақты жақсы сіңіру үшін құртты қайнатып, оған өрік-мейіз қосып, осындай құрт тосап әзірлейтін болған, – дейді Нұршырақ. Сондай-ақ Нұршырақтың дастарханындағы  қуырылған бидай мен сарымай да көзімізге оттай басылды. Бала кезімізде бидайды сарымайға былғап талай жегеніміз де есімізде. Сондай-ақ  таза қойдың майына шекер салып жасаған бал бауырсағының дәмі де керемет.

-Дүкеннің тәттілерін жегеннен гөрі осы бауырсақ әлдеқайда пайдалы, – дейді Нұршырақтың өзі.

Ал Көкпекті ауданынан қатысқан келін Айдана Қырықбаева үлпершек тағамын әзірлеп әкеліпті. Бұл тағамды алысқа ұзатылып кеткен қызға арнап төркіні ірі қара малдың жүрегінен жасайтын көрінеді.  Осы тағам арқылы ата-анасы жат жұртқа ұзатылған қызына «Жүректі бол, жұлдызым! Қайда жүрсең де сен біздің жүрегіміздесің» деген секілді жүрекжарды тілегін білдірген. Ұзатылған қыз бұл тағамды өзін әлпештеп өсірген ата-анасының сәлеміндей қабылдаған. Сондай-ақ жармалық келін жаппасай, шемонайхалық келін кеспе қуырдақ, абайлық келін сүттік,  тарбағатайлық келін өрметөс әзірлепті.

«Аяулы жас келін-2021» облыстық байқауының шығармашылық кезеңінде облыстың әр өңірінен келген келіндер «Мен қазақтың қызымын» деп, өзін-өзі таныстырып, «Жас келіннің бір күні» атты бейнероликті көрермендер назарына ұсынды. «Өнерлі өрге жүзер» атты бөлімде өз өнерлерін паш етті. Қарап отырсақ, келіндердің барлығы да бірінен-бірі өткен өнерлі. Бірі әуелете ән шырқаса, бірі мың бұралып би биледі. Ал тағы бірі актерлік өнерімен залда жиналған жұртшылықты тәнті етті.

Бір күнге созылған сайыстың қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен бірінші орынға Үржар ауданы атынан қатысқан келін Талшын  Юсупахунова лайық деп табылды. Екінші орынға шемонайхалық  Жәния Хисабекқызы, ал  үшінші орынға Аягөз ауданының келіні Еркежан Жансерікқызы ие болды.

Жеңімпаздарды облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Азамат Мұхамедчинов, Ұлан ауданының әкімі Ренат Құрмамбаев құттықтап, ізгі тілектерін білдірді.

Облыс жастары үшін маңызы зор осындай іс-шараны ұйымдастырып, өткізгені үшін Жастар ресурстықтық орталығының директоры Арайлым Есімбекованы Ұлан ауданының әкімі Алғыс хатпен марапаттады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Осы айдарда

Back to top button