Үржарда он жолақты бассейн ашылады

«Ауылға бассейн не керек, өзен-көлге барып шомыла бермей ме?» деп ойлайтын шығар кейбіреулер. Алайда керек. Қазақтың қарадомалақ балақайларының арасынан Баландиндер шығу үшін бассейн керек ауылға!
Суда жүзу спорты тұңғыш 1896 жылы Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізілген. Содан бері Олимп шыңын бағындыруға ұмтылған саңлақтар бұл спорт түрінен де тұрақты бақ сынап келеді. Олардың санатында біздің отандастарымыз да бар әрине. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қазақ жүзгіштері Олимпиада ойындарының бірнешеуіне қатысты. Мәселен, 1992 жылы Барселона, 2000 жылы Сидней, 2004 жылы Афина, 2008 жылы Бейжің, 2012 жылы Лондонда ел намысын қорғады. Өкінішке қарай осы байрақты бәсекелердің бірде-бірінде спортшыларымыз олжа салмады және олардың ішінде бірде-бір қазақ ұлтының өкілі жоқ еді. Тек 2016 жылы Рио төрінде өткен төртжылдық додасында алматылық Дмитрий Баландин алтын медаль иеленіп, жүзу спортынан жүлде алуға болатынын дәлелдеді. Осыдан кейін-ақ елімізде Баландин болғысы келген балалардың қатары көбейді, әсіресе ауылдық жерлерде. Тиісінше, мемлекетіміз де жастардың талап-тілегіне, қызығушылығына қарай жүзу спортына ден қойып, қалада ғана емес, аудан орталықтарында да бассейндер ашуға кірісті. Соның бірі – осы Үржар ауылындағы ірі бассейн кешені.
– Он жолақ етіп жасалған бассейн залының құрылысы аяқталып қойған. Бүгінде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі бөліктен тұратын орталықта медициналық бөлімше, киіну бөлмесі, дәмхана, сондай-ақ монша да бар. Бассейнге түсетін жердің тереңдігі – 2 метр, ал шығар жағы – 1,5 метр. Жолақтардың арақашықтығы – 1,65 см. Жүзуге өте қолайлы. Осындай мүмкіндік жасалып жатқандықтан жастардың жүзуге ден қоятыны сөзсіз. Жаңа спортшылардың да есімдері шығып қалар, – дейді аудандық құрылыс бөлімінің маманы Пернебек Жорабаев.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылдың күзінде басталған. Қазір ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықтың қуанышына айналған бассейннің ашылуын күтіп жүргендер көп.
- Бассейннің ашылуына да аз қалды. Бұқаралық спортты дамыту еліміздің әлеуметтік дамуының басты бағытының бірі. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға басымдық беру қажеттігін айтқан еді. Осы орайда аудан жастарына арнап бассейн салуды құптаған облыс басшылығына алғыс айтамыз. Енді ауылдан да үлкен-үлкен жарыстарда жүлде алатын жастарымыз көптеп шығар деген үміттеміз, – дейді аудандағы жас маман Серікжан Қажытай.
Иә, жас маманның бұл үміті де ақталатын күн алыс емес деп білеміз. Ендеше үйге қамалып алып телефонға телміріп өсіп келе жатқан кейінгі буынды бассейнде жүздіріп, бозкілемге аунатып, шаршы алаңда жаттықтырсақ еш өкінбейміз.
Балауса Қожаева