Үржарда алғашқы мешіт қалай ашылды?
1962 жылы шекараның Қытайдағы бетінде қалған қазақтардың бір легі Қазақстанға қарай өткені белгілі. Аягөз ауданының тұрғыны Сілембек Қожабергенұлы редакциямызға сол кезеңнен бір үзік сыр шертетін хат жолдапты. Хатта аталмыш көштің арасында келген әкесі Қожаберген Жанатұлының Үржарда алғаш мешіт ашу үшін КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы Алексей Косыгиннен қалай рұқсат алғаны туралы естелік айтылған. Кешегі естелік – бүгін тарих. Соны ескеріп, аталған хатты оқырманға ықшамдап ұсынып отырмыз.
«Әкеміз Қожаберген, әкесінің аты Жанат, 1904 жылы Қытай халық Республикасында, Еміл жағасында дүниеге келіпті. Алты жасынан бастап ауыл молдасынан мұсылманша сауат ашады. Ол кезде молдаға оқуға бергенде «еті сенікі, сүйегі менікі» деп береді екен. Молда жас шыбықты кесіп әкеліп, дайындап қоятын. Тәртіпке бағынбаған балаларды шыбықпен тартып жібергенде қарап отырған өзге балалар жым болады дейтін.
Әкеміз 6-7 жасында құранды оқып үйреніп, басынан аяғына дейін аударып шықтым деп отыратын. Әкеміз қарапайым еңбек адамы болған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда дегендей, Тарбағатай, Барлық, Майлыжайыр сияқты табиғаты сұлу, ауасы таза өлкеде мал соңынан көшіп-қонып өмір өткізген. Дегенмен бір ауылды ауызына қарататындай сөз өнеріне жуық жан болатын. Арқалық батыр дастанын, Әсет Найманбаевтың және Абайдың өлеңдері мен дастандарын жатқа айтатын. Жақсы-жаманды көп көрген шежірешіл, әңгімешіл кісі еді. 1962 жылы, көктемде алғаш шекара ашылғанда елмен бірге Қазақстанға өтіп, Шұбартау ауданының орталығы, Мәдениет, Көктал совхозына дәм айдап барып, Кіші Көктал дейтін бөлімшесінде әкеміз бас шопан, қалғанымыз көмекші болып алты жылдай қой бақтық. Сары деген жайлауына барғанда таңертеңгі шайдан кейін жанында бірнеше қимас досымен төбе басына шығып алып, беттерін шығысқа қарай бұрып, артта қалған туған жерді сағынып, қауқылдасып тұратын. Шекараның арғы бетінде қалған қалың туыс пен баба қонысқа деген сағыныш әкемізді біраз қинағаны есімізде. Айналдырған бір айдың ішінде сақал-мұрты ағарып шыға келді.
Бірақ отанның аты – отан. Келе-келе мұндағы жұртпен де етене араласып, өмір арнасына ілесіп кеттік. Шұбартаудың табиғи жағдайы Еміл бойында өмірінің ең мазмұнды шақтарын өткізген әкеміздің көңіл райына үйлеспеді. Бірақ басқа жаққа көшуге рұқсат жоқ еді. 1968 жылы совхоз директоры Айтқазы деген кісі жұмыс бабымен Үржарға ауысатын болады. Әкеміз ебін тауып, сол адаммен бірге Үржар ауылындағы Абай атындағы мектептің жанындағы Подгорная көшесінде орналасқан үйге қоныстанады.
Көркіне көз тоятын көрікті мекенде үмітке толы жаңаша өмір бастағандай қуанышты күндер өтіп жатты. Шамасы жетпісінші жылдардың аяғына таман әкеміз зейнетке шығып, Рамазан айында маңайдағы намаз оқитын көрші ақсақалдарды жинап алып, тарауық намаз оқитын.
Сондай салиқалы кештердің бірінде әкемізге бір ой келіп, Жылқыбай деген құрдасына Үржарда мешіт ашып көрсек деген бастама айтады. Құрдасы Жылқыбай: «Сен басшы болсаң, мен қосшы болуға дайынмын», – деп құп алады. Жылқыбай екеуі тізе қосып, жауапты орындарға барады. Ол кезде «Дін – апиын, дін – қараңғы ін» деп ұрандайтын құдайсыз өкімет билік жүргізіп тұрған кез еді. Аудандық, облыстық деңгейдегі басшыларға бара-бара табанын тоздырады.
Басшылар қырсыздық танытты екен деп бастаған істі аяқсыз тастайтын емес, ақыры Алматыға барып, Баязит қажы Ахметұлы деген кісіге жолығады. Ол кісі білген ақыл-кеңесін айтып, Үржарға да келіп қайтады. «Шешінген судан тайынбас» деген, біреуді жалдап алып, орталық Мәскеуге орыс тілінде хат жолдайды. Алексей Косыгиннен «ашылсын» деген жауап келеді. Аллаға мадақ-мақтауларын айтып, қуаныштарымен өзара бөліседі. Дінсіздер мен ауыл молдалары мешіттің ашылуына қарсы болады.
Жылы есімде жоқ, әкеміздің бос тұрған үйі бар еді, сол үйді уақытша мешіт қылып, бас мүфти болған Нысанбайұлы Ратбек қажыны шақыртып, мешіттің ашылу салтанаты өткен еді. Кейін Алла рақымынан үміт ететін ауыл ақсақалдары бірігіп, орталықта біреудің үйін сатып алып, іші-тысын кеңейтіп, жөндеп, мешітті сол жерге ауыстырады. Лайбұлақтан Рәуік деген кісіні Алматыға апарып, сынақтан өткізіп, молдалыққа сайлапты. Рәуік қатарлас бір әйел адамды мешіттің есеп-қисабын атқаруға қабылдап, кейін екеуінің басын қосып, шариғат үкіміне сай ерлі-зайыпты атандырып, некесін қиған. Күндердің күнінде Рауік Аягөз қаласындағы мешітке ауысады. Түркістаннан бір молда екі жыл істеп, ол да ауысып кетеді. Насыр деген кісі мешіттің есеп-қисабын атқарады. Одан кейін әкеміз қартайып, шамасы кете бастады. Абырой болғанда, ол кезде ел арасында иманға бет бұрғандар көбейіп, кеңдік заман орнай бастаған еді.
1997 жылы 19 ақпанда әкеміз өмірден өтеді. Анамыз Бибі он бір құрсақ көтердім деуші еді, ендігі тірі жүрген – үшеуіміз. Үлкені – мен, Сіләмбек, 2000 жылдың басында дәм айдап Аягөз қаласына көшіп келген жайым бар. Менен кейінгі інім – Әнуарбек, Үржарда тұрады. Кіші ініміз – Әбділдабек, Алматыда тұрады.
Мінеки, Үржардағы алғашқы мешіттің ашылу тарихы осындай».
Сіләмбек Қожабергенұлы
Аягөз ауданы.