«Үржарайым» мың жарым баланы қабылдамақ

Оқушылар қайда демаларын, немен айналысарын ата-аналарымен бірлесе ойластыруда. Біреулері демалыс лагеріне барса, енді біреулері еңбек етіп, табыс таппақ.
– «Үржарайым» сауықтыру демалыс лагері жұмысын 10 маусымда бастайды. Лагерьде жаз бойы 11-14 жасар 1440 бала демалады. Оның ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан және жетім, ата-ана қамқорынсыз қалған бір мың бала жергілікті бюджет есебінен тегін демалса, оқу және спорттық олимпиаданың 440жеңімпазы ақылы жолдамамен демалады. Лагерь эстетикалық, патриоттық, ұлттық, спорттық тәрбие береді. Сондай-ақ 1-14 маусым аралығында бастауыш сынып оқушылары үшін мектеп жанында 51 лагерь жұмыс істейді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Сәуле Жүнісова.
Мектеп жанындағы лагерьлер шығармашылық, экологиялық-туристік, әскери-патриоттық бағытта жұмыс істейді. Балалар аудандық өлкетану мұражайына, «Батырлар аллеясына», Мақаншыдағы Әсет Найманбайұлы музейіне, Таскескеннің таңбалы тастарына, ауданның тарихи орындарына бармақ.
51 мектептің учаскелерінде көгалдандыру бригадалары жұмыс істейді. Оған 5-8 сыныптардың 6040 баласы тартылады. Тоғызыншы сыныптың 969 оқушысы құрылыс, оныншы сыныптың 657оқушысы еңбек отрядына барады.
Маусым айында балалар ауданнан тыс жерлерге экскурсияларға жіберіледі. Атап айтсақ, жергілікті бюджет есебінен Нұр-Сұлтан, Семей қалаларына 45 бала, Катонқарағай ауданының «Сұңқар» сауықтыру лагеріне 90 бала аттанады. Ата-аналар есебінен Таңсық ауылындағы Қозы-Көрпеш – Баян сұлу мазарына, Абайдың «Жидебай- Бөрілі» музейіне, Тарбағатай тауларына 150 бала үшкүндік саяхатқа барады.
Жағдайы төмен отбасылардан шыққан және жетім балалар санатынан екі жеткіншекті Италияның Чезенатико сауықтыру лагеріне тегін саяхатқа жіберу жоспарланып отыр.
Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.