ҮРЖАР ДЕСЕ ЖҮРЕГІ ЕЛЖІРЕП ТҰРАТЫН…

…1997 жылдың сәуірінде Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарының біріккені көпшілікке мәлім. Оның бірнеше себебі болды. Біріншіден, далиып кеткен басқару жүйесін қысқарту, екіншіден, бюджет қаржысын үнемдеу қажет болды.
Сол кезде екі облыс тұрғындарының арасында біраз түсінбеушіліктің боғанын несіне жасырайық? Алайда бірнеше жылдан кейін бұл бастаманың дұрыстығына көпшіліктің көзі жетті. Семей облысындағы экономикалық жағдай жақсарды, өңір тұрғындары еңбекақылары мен зейнетақыларын уақтылы алатын болды. Бұл кезде ел газеті «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болғандықтан облыс аудандары мен ауылдарын жиі аралап, іссапарға жиі шығатынмын.
Ұмытпасам, сол жылдың күз айы болатын. Үржар ауданына іссапарға бара қалдым. Табиғаты тамылжыған, Барқытбелдің күнгейіндегі аудан тұрғындарының тұрмысы жақсы екенін бірден байқадым, бұл кезде қауын-қарбыз, көкөніс піскен, олар базарлар мен сауда орындарында үйіліп жатыр. Бағасы арзан, Үржардың алмасы мен басқа да бау-бақша өнімдері көздің жауын алады. Қонақүйге орналасып болған соң аудан әкімі Дүйсенбай Селихановтың қабылдауына бардым.
– Ауданға хош келдіңіз. Үш аудан бірігіп, қарбалас жұмыстардан енді арыла бастадық. Мақаншы, Таскескен, Үржар аудандарын қосқанда 104 мың адам мекендейді. Енді осыншама тұрғындар бір ауданға бірікті. Негізгі бағытымыз – ауыл шаруашылығы, егін егу, мал өсіру, – деді Дүйсенбай Мағзұмұлы.
– Дүйсеке, танысқаныма қуаныштымын, сізді Ресейде туып, мектепті сонда бітірді деп естіп едік. Үржарға қалай келдіңіз? – деп сұрадым көмейге келіп қалған сауалды іркіп қалмай.
– Ол рас. Ресейдің Алтай аймағының Шипунов ауданындағы Вахитово ауылында тудым, сондағы орта мектепті үздік бітірдім. Қазір де бірге оқыған достарыммен қарым-қатынасымыз үзілген жоқ, жылына бір рет кіндік қаным тамған ауылыма барамын. Ресейдің жоғары білім беретін оқу орындарына көңілім толмай, Семейдегі зоотехникалық-мал дәрігерлік институтына оқуға түсіп, оны үздік бітірдім. Жолдаманы Үржар ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарға зоотехник қызметіне алған кезде қатты қуандым. Ертеректе Үржарда болғанымда бұл өңірді ерекше ұнатқан едім. Барқытбелдің баурайындағы табиғаты тамылжыған өңірде жаңа достар, көңілдері дариядай тасыған, ақылы кеніш ағалар таптым, қызметіме алаңсыз кірісіп кеттім, бірнеше жылдан кейін іскерлік қабілетімді бағалап, мені ұжымшар төрағасы қызметіне сайлады.
Ол кезде жігеріміз асып-тасып тұрған жаспыз, бірге қызмет ететін достарым да жаңашыл, құлшынып тұрған жандар. Жаңадан үйлер салдық, мал басын көбейтуге назар аудардық. Ауыл тұрғындарымен жиі кездесетінбіз, олардың әлеуметтік жағдайларын жақсартуға назар аударатынбыз. 1988 жылдан үш жыл аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқардым. Басқа қызметте жүргенімде де ел игілігі үшін аянбай еңбек еттім. 1995 жылдан Үржар ауданының әкімі қызметіндемін. Аудан көлемі үлкен, жоғарыда айтқанымдай, өңірде жүз мыңнан астам тұрғын бар, қысқасы, жұмыс жеткілікті, – деген еді Дүйсенбай Мағзұмұлы.
Баяғының батырларындай зор денелі, мінезі ашық азаматты бірден ұнаттым. Ертеңінде екеуіміз Мақаншы, Таскескен, тағы бірнеше елді мекенді араладық. Тұрғындармен кездесуде аудан әкімі өзінің іс-жоспарымен таныстырды. Тозығы жеткен жолдарды жөндеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлгізуге күш салатынын, Алакөлде жаңадан туристер демалатын үйлер салуға көңіл бөлетінін айтқан еді.
Дүйсенбай Мағзұмұлының қызметі жоғарылап, 2003 жылы облыс әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Өз саласын жетік білетін іскер басшы бұл қызметті де абыроймен атқарды. Білекті сыбанып тастап қызметіне алаңсыз кірісті. Ал ауыл шаруашылығында проблемалар бастан асатын. Мал тұқымын асылдандыру үшін аудандардың шаруашылықтарын аралады, мамандармен ақылдасты. Асыл тұқымды ірі қара малы біздің қысы суық, жазы ыстық ауа райына көндіге ала ма? Оны зерттеді, шет елдерге іссапарға шықты, ақыры, Шемонайха, Бородулиха, Бесқарағай аудандарының қожалықтары асыл тұқымды малға ие болды.
2004 жылы облыс басшылары Дүйсекеңді қайтадан Үржар ауданын басқаруға жіберді. Ауыл шаруашылығының қарбалас істері қашан азайып еді? Ол кездері де Үкімет ауыл шаруашылығын қолдауға қаржыны аямай молынан беретін. Мал асылдандыруға субсидия бөлініп, шаруа қожалықтары еңсесін тіктей бастады, бөлінген қаржыға олар жаңа техника сатып ала бастады. Үржар ауданында егістік көлемі ұлғайды, соя өсіріле бастады. Ал сояның қасиетін көрші ел жақсы біледі, сояны қымбатқа сатып ала бастады. Дүйсекең аудан әкімі болып қызмет еткен үш жылда өз қаржысына Жансүгіров атындағы орта мектепке, Науалыдағы балалар үйін компьютерлендіруге үш миллион мың теңге, тұрмысы төмен отбасыларына, үйлері өртенген жандарға қаржылай қолғабыс жасағанын бұл күндері көздері көріп, араласқан дос-жарандары жыр қылып айтады. Ал аудан спортының атақ-даңқы ол кезде де дүркіреп тұрған. Қазақтың біртуар батыр ұлдары Олимпиада ойындарының чемпионы, Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, КСРО-ның жеті дүркін чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен Дәулет Тұрлықановты арнайы шақырып, спорт мектебіндегі балалармен кездесу өткізетін, ал оның тәрбиелік мәні бар екенін әркім біледі.
Үржар десе Дүйсекеңнің жүрегі елжіреп тұратын. Аузының суы құрып мақтап, кейін басқа қызметте істеп, Өскеменде тұрып жатса да, Үржарына апта сайын қатынап тұрды. Бұдан кейін Д.Селиханов облыстық көші-қон департаментінің басшысы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметтерін атқарды. Облыс әкімі Д.Ахметовтің кеңесшісі, «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамында кеңесші қызметінде де іскер басшы өзінің мол білімі мен тәжірибесін өңірдің өсіп-өркендеуіне арнады. Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы, Үржар ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет» ордені, жиырмаға тарта, оның ішінде онға таяуы еліміздің мерейтойлық медальдары, «Еңбек даңқы» белгісі азаматтың ажарын ашып тұр емес пе?!
Шығыс Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, экономикасының дамуына ерекше үлес қосқан қоғам қайраткері, ауыл шаруашылығының майталманы Дүйсенбай Мағзұмұлы өткен жылдың жазында іссапарда жүргенде мына дүниені жалмап бара жатқан тәжтажалды жұқтырып алады.
– Дүйсекең Үржар десе ішкен асын жерге қоятын. Он жылға тарта Өскеменде лауазымды қызметтер атқарған кезде Үржардағы үйін сатқызбай, «Шолпан, зейнеткерлікке шыққан соң осы үйде тұра береміз, көкөніс, бау-бақшамен шұғылданамыз, шіркін, жер жәннаты Үржарыма жететін жер жоқ!» деуші еді. Азаматым қанға сіңген әдеті бойынша үйде отыра алмайтын. Жұмыс, жұмыс деп үнемі іссапарда жүретін. Сырқаттанып жүрсе де, ауруханаға кеш барды. Амал бар ма, соңына балалары мен немерелерін, мені қалдырып асығыс мәңгілік мекеніне аттанып кете барды, – дейді Дүйсекеңнің жары, ұзақ жылдар Үржарда ұстаз, білім ордасына басшылық жасаған Шолпан Сіләмғалиқызы.
«Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дегендей, Дүйсенбай Мағзұмұлының мағыналы ғұмыры, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі ешқашан ұмытылмақ емес. Ендеше, асыл азаматтың бейнесін мәңгілік есте қалдыру мақсатында Үржарда өзі тұрған немесе басқа көшеге есімін берсе, жерлестері қарсы келмес деген ойдамыз.
Оңдасын Елубай,
журналист, «Құрмет» орденінің иегері
Өскемен.