ҚоғамТОП

«ҮМЗ» АҚ-ның басты байлағы – адам

Үлбі металлургиялық зауыты – Өскемен қаласының негізгі өнеркәсіптік кәсіпорындарының бірі. «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом холдингінің еншілес компаниясы саналатын ҮМЗ өз алаңында уран, тантал және бериллий сияқты үш ірі өндірісті біріктірген. Бұл ретте айта кетер жайт, зауытта кәсіби кадрларға деген сұраныс қашан да жоғары.

Біз «ҮМЗ» АҚ персонал жөніндегі директоры Мадина Пепенинамен сұхбаттасып, қазіргі уақыттағы сұранысқа ие мамандықтар, жаңа қызметкерлерді тарту іс-шаралары, жұмыстың артықшылықтары мен қызметке орналасу тәртібі жайында сұрап білген едік.

– Мадина Валеевна, дәл қазір зауытта қандай мамандық иелеріне сұраныс бар?

– Бүгінде ҮМЗ-да көптеген мамандық сұранысқа ие. Атап айтсақ, кәсіпорынға инженер-жобалаушы, автоматика және бақылау-өлшеу аспаптарының шебері, слесарь, электрик, электр жабдықтарын жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі электр монтаждаушы, инженер-бағдарламашы, технологиялық үрдістерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері жөніндегі инженер, дефектоскопист, ағаш ұстасы, физика-химиялық зерттеулердің зертханашысы сияқты мамандар аса қажет.

– Зауыттағы бос жұмыс орындары туралы қайдан білуге болады?

– Бос жұмыс орындарының толық тізімімен https://hrekap.kazatomprom.kz, https://qsamruk.kz, https://enbek.kz сайттарынан немесе instagram-дағы зауыт жастары бірлестігінің парақшасынан (om_umz) білуге болады. Біз, сондай-ақ бос орындар жәрмеңкелері, колледж, мектеп оқушыларымен кездесулер сияқты кәсіби бағдарлау іс-шараларына үнемі қатысып тұрамыз. Мәселен, 2023 жылы Өскеменнің 10 мектебінде дәл осындай іс-шаралар ұйымдастырылды, ал 2024 жылы үгіт-насихат жұмыстарымен облыстың аудандарын да қамтымақпыз. Осындай жұмыстың арқасында соңғы үш жылда кәсіпорынға 30 жасқа дейінгі 300-ге жуық қызметкер қабылданды.

– Оқу орындарымен бірлескен жобаларыңыз туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Жылдар бойы «ҮМЗ» АҚ қала мен облыстың білім беру мекемелерімен осы бағытта тығыз қарым-қатынаста жүйелі жұмыс жүргізіп келген. Әлі де солай. Бұл ынтымақтастықтың көп жылдық тарихы бар деуге де болады. Біз Өскемен көпсалалы технологиялық колледжімен, Шығыс техникалық-гуманитарлық колледжімен және Өскемен қаласының қызмет көрсету саласы колледжімен әріптестік байланыс орнатқанбыз.

Бұл бірінші кезекте зауытта сұранысқа ие мамандықтар бойынша дуальды оқыту бағдарламаларына қатысты. Мұндай оқыту студенттердің кәсіпорында ақылы тәжірибеден өтуін де қамтиды. Мысалы, көпсалалы колледжбен бірлесіп, 2013 жылдан бері гидрометаллург-аппаратшыларды, ал 2017 жылдан бастап токарьларды, жөндеуші-слесарьларды, электр монтаждаушыларды, автоматика мен бақылау-өлшеу аспаптары жөніндегі слесарьларды даярлаймыз. Ал зауыт қызметкерлері серіктестік шеңберінде білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысып, дипломдық жобалар мен өндірістік практика жетекшілері міндетін атқарады.

– Қызметкерлердің жұмыс орнында өндірістен қол үзбей біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар ма?

– ҮМЗ-да персоналдың біліктілігіне үнемі талдау жүргізіледі. Қажет болса, маманды оқуға жібереміз. Жұмысшылардың қосымша мамандықтар алуы да қалыпты жағдай. Жалпы, 2023 жылы 3 442 қызметкеріміз біліктілігін арттырған. Сондай-ақ кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында ҮМЗ өз қызметкерлеріне кәсіптік және техникалық, жоғары оқу орнынан кейінгі білім (бакалавриат және магистратура) алу үшін гранттар да ұсынады.

– Түйіндемені қалай жіберуге болады?

– Ол үшін Kazatomprom.kz сайтына кіру керек (іздеу жүйесінде Қазатомөнеркәсіп деп тереміз). Әрі қарай, «Мансап – Бос жұмыс орындары – Жеке кабинет» бөлімдеріне өтіп, логин ретінде электронды поштаны көрсетіп тіркелеміз (тіркелуді белсенді қылу сілтемесі дәл осы поштаға келеді). Түйіндемені толтырамыз. Енді іріктеудің барлық кезеңі туралы ақпаратты Жеке кабинетке кіріп біле аласыз.

– ҮМЗ-да жұмыс істеудің негізгі артықшылықтары туралы айтсаңыз.

– «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК АҚ-ның басқа да еншілес компаниялары сияқты, ҮМЗ үшін де басты құндылық – адам. Бұл нені білдіреді? Тұрақтылық, ертеңге деген сенім, өндірістегі жұмыс қауіпсіздігі және әлеуметтік қолдау. Соңғысы туралы айтар болсақ, қызметкерлердің жалақысы мен төлемдердің жекелеген түрлерінің мөлшері уақыт өткен сайын ұлғайып келеді. Бұған қоса, демалысқа шыққан адамға материалдық көмек беріледі, Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарының демалыс базаларына және шипажайларына жолдамалар ішінара өтеледі. Әрбір қызметкер оқуға және өз санатын (разрядын) көтеруге құқылы. Зауытта сабақтастық жүйесі жақсы дамыған. Бірінші басшылар үшін бұл кәсіпорын алғашқы да жалғыз жұмыс орнына айналды. Қазіргі заманда мұндайды күнде кездестіре бермейсің.

Осы айдарда

Back to top button