Денсаулық сақтау

Үміт отын жаққан орталық

Бұрын облыстағы мүмкіндігі шектеулі балалар оңалту, сауықтыру курстарынан өту үшін Алматыға, Нұр-Сұлтан қаласына, тіпті Ресейге баруға мәжбүр болып келсе, енді ондай емдеу орны өзіміздің Өскеменде де бар. Өткен жылдың желтоқсан айынан бастап Өскеменде балаларды оңалту, сауықтыру орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. «Қамқорлық» жобасы аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қорының қаржыландыруымен ашылған медициналық-әлеуметтік мекеме облыстық «Ана мен бала» орталығы базасында   қызмет көрсетуде.

Ерекше балаларды емдеп, оңалтады

Оңалту орталығы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік, ақыл-ой және физикалық жағынан дамып, жетілуін қалыптастыруға, түрлі жарақаттар алған, тірек-қимыл жүйесіне ота жасатқан сәбилердің сауығып, емделуіне, қозғалысын, сөйлеуін қайтадан қалпына келтіруге септігін тигізеді. Былтырдан бері осындай кешенді орталықтар еліміздің жеті қаласында қызмет көрсетіп жатыр. Облыста өмірге келгенінен арбаға таңылған, церебралды сал ауруының салдарымен күресіп келе жатқан, өзге де әртүрлі аурулармен ауыратын мүмкіндігі шектеулі балалар саны аз емес. Жаңадан ашылған орталыққа барып, сол мүмкіндігі шектеулі балаларды сауықтырып, оңалтудың қандай мүмкіндіктері бар екенін  көріп-білдік.

Өскемендегі балаларды оңалту орталығында     нейрохирургиялық,  неврологиялық аурулары бар, туа біткен кемістік, тірек-қимыл жүйесі, жүйке жүйесі аурулары, тағы да басқа аурулармен ауыратын балалар мен жасөспірімдерге және отадан кейін сауықтыруды қажет ететін балаларға  «Қамқорлық» жобасы аясында тұрақты түрде ақысыз, кешенді медициналық әлеуметтік, психологиялық және педагогикалық көмек көрсетіледі. Бізге бұрын мұндай орталықтарға бармаған, ешқайда емделмеген, өздігінен тамақ іше алмайтын  церебралды сал ауруымен ауыратын балалар көп келеді. Қасықты ұстау үшін алдымен күш керек, сол үшін ең бірінші баланың бұлшық еттерін шынықтырып, нығайтамыз, – дейді оңалту орталығының осы күнгі ең заманауи деген шетелдік озық құрал-жабдықтармен жабдықталғанын айтқан бөлім меңгерушісі Ольга Салмина.

Облыс аудандарынан келген балалар (1 жастан 18 жасқа дейінгі ) оңалту кезеңінде 21 күн бойы орталықта жатып ем-дом алады. Күтуді қажет ететін немесе кішкентай балалар орталықта ата-аналарымен бірге жатып емделуіне де болады.  Жергілікті жерде тұратын балалар амбулаториялық негізде күн сайын келіп-кетіп емделеді. Орталықта оннан астам емдеу, сауықтыру түрлерін қамтитын кешенді оңалту қызметтері көрсетіледі. Бәрі де тегін. Сонымен қатар балалар қажеттілігіне қарай оңалту шараларынан  бір жыл ішінде екі рет өтуіне де болады. Орталықта бір мезетте, мерзімде 50 бала емделеді.

«Көтерілмейтін қолым басыма жетті»

Біз есігін ашқан алғашқы – «Артромот» бөлмесіндегі  арнайы технологиялармен жасалған неше түрлі үлкенді-кішілі машина аппараттары сал ауруымен ауыратын, жарақат алған немесе тірек-қимыл жүйесіне ота жасатқан  балалардың аяқ-қолының бұлшық еттерін, тамырларын жетілдіріп, икемге келтіріп, қимыл-қозғалысын қайтадан қалпына келтіруге арналған екен.

Нұсқаушы дәрігер Елнар Ахметай жұмысын бастамас бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында мамандығы бойынша бір айлық тәжірибеден өтіп келіпті. Техникалармен, балалармен жұмыс істеу үшін Елнар ғана емес, орталықтағы барлық мамандар Нұр-Сұлтан қаласынан бір айлық тәжірибе алып қайтқан.    Оңалту орталығында емделіп жатқан 50 баланың сегізі күндізгі стационарда. Үш аяқты, екі аяқты әртүрлі машина-аппараттарда жаттығып, аяқ-қолдарының бұлшық еттерін нығайтып, еркін қимылдатуға тырысып жатқан екі ұл да ауылдан келіпті. Тарбағатай ауданының Ақсуат ауылынан келген 9 жасар Ернұр жазда велосипедтен құлап, қолын сындырып алған. Содан бері оң қолы икемге келмей, қатып қалыпты.

Осында келгенде қолымды мүлдем  көтере алмайтынмын. Осында және «Механотерапия» бөлмесінде жаттығып, басқа да түрлі жаттығулар жасап, емделіп жатырмын. Қазір көтерілмейтін мына қолым басыма жетті, арқама дейін де  жеткізе аламын. Қолымды қимылдатудан қорықпаймын, –дейді  Ернұр.

Ернұр сияқты ауыл балалары мұнда келуі үшін ең алдымен олардың ата-анасы аудандағы балалар дәрігерлеріне айтып, солардың көмегімен порталға тіркелуі тиіс. Содан соң педиатрлар арқылы оңалту орталығына хабарласып, тапсыратын талдау (анализ) түрлерінің тізімін алып, нәтижелерін жинайды. Талдаулар дайын болған соң орталыққа алдын ала  хабарласып, орынның босайтын күніне қарай Өскеменге келеді. Барлық сұрақтар бойынша оңалту орталығына мына телефон нөмірі: 8 (7232) 41-15-27 арқылы хабарласуға болады.

Арманға қадам бастырған құлтемір

Орталықтағы арнайы жабдықталған бөлмелердің бірі сал ауруымен ауыратын балаларды оңалтуға арналған. Осында тұрған «Локомат» роботы өздігінен жүре алмайтын балалардың адымдап қаз-қаз басуына көмектеседі. Баланы ұстап тұратындай арнайы ремендері мен манжеттері бар құлтемір машинаның міндеті – баланың өздігінен жүруіне әсер ету, талпындыру, қызықтыру. Қызықты технологияға құрылған «Локоматтың» көмегімен бала адымдап, алдыға қарай жүруге, арманына қадам басуға   машықтанады.  Ал емдеу-денешынықтыру бөлмесіндегі «Атлант» пневмокостюмінің ішіне ауа толтырылғанда бала өзін ғарышта жүргендей сезінеді. Ата-аналар да, дәрігерлер де ғажайып құралды «ғарыш костюмі» дейді екен. Салмағын сезінбейтін, қысымды сезінбейтін кеңістіктегі айрықша жағдай баланы  жүруге үйретеді. Пневмокостюмдердің өлшемі  әртүрлі, балалардың  үлкені де, кішісі де ауа толы костюмді киіп, ешқандай кедергісіз, өз бетінше қимыл қозғалыс жасауға, жүруге үйренеді.

Оңалту орталығының «Шунгит бөлмесіндегі» шунгитті материалдар балалардың ағзасындағы энергетикалық күшті молайтып, күш-қуатты қалпына келтіреді. «Тұзды құм» бөлмесінің қабырғасы, төбесі, еденіне дейін тұзбен жабылған. Тұздың буы иммундық жүйеге, тыныс органдарына жақсы әсер етеді дейді орталық мамандары. Сәуле төге жарқырап, шұғыла шашып тұрған бөлмедегі баяу сазды  әуен балалардың  көңіл-күйін көтеріп, ерекше әсерге бөлейді.

«Гидромассаж» бөлмесі де оңалту орталығына келген балаларды сауықтыруға үлкен үлес қосып жатыр.

Белгілі бір қысыммен бала денесіне шашырап жатқан судың бала организміне әсері жан-жақты. Бала бойын жазып, демалып, жайбырақат қалыпта тұрған жағдайда жасалатын су массажы оның тұла бойын түгелдей  сергітіп,  жеңілдетеді, – дейді бізді арнайы бөлмелердің ерекшеліктерімен, емдеу тәсілдерімен таныстырып жүрген орталықтың дәрігер сауықтырушысы Светлана Қасенова.

Иә, оңалту орталығына келген ерекше баланың әрқайсысына мұнда ерекше ем-дом, ерекше сауықтыру шарасы, ерекше жағдай жасалғанын көрдік. Орталықтың дефектолог, логопед, психолог мамандары балалардың тілін, ақыл-ойын дамыту бағытында жұмыс істеп, мүмкіндігі шектеулі балаларға барлық жағынан қамқорлық көрсетілуде. Әр баланың қабілетін ашу, қызығушылығын тудыру, ой-өрісін дамыту жолында бар күшін сала еңбек етіп жатқан мамандардың бірі – дефектолог Фариза Манасова балалардың әлеуметтік жағынан дамуына сенсорлық, эрготерапия бөлмелерінің тигізіп отырған септігі  көп екенін әңгімелеп берді. Балалардың тезірек оңалып, сауығуына, дамуына ата-ана да бірге  атсалысып, неғұрлым жеткілікті көңіл бөлсе, нәтижесі де соғұрлым жоғары болады.

Оңалту орталығында жатқан өскемендік қыз Вероника былтыр қазан айында Быструха ауылы маңында, тасжолда жол апатына түсіп, ауыр жарақат алған. Бір жарым ай травматологиялық бөлімде емделіп, гипсі алынған соң осында келіп, сауықтыру шараларынан өтіп жатыр. Қазір аяқтарын ақырындап қозғап, жүруге талпына бастаған. Мұның өзі де үлкен жеңіс. Үш жасар Мария туа біткен маймақ аяғына жасалған отадан кейін оңалтуға келген.

Қызым үш жаста, осы орталыққа екінші рет келіп, сауықтыру шараларын алып жатырмыз. Алтай қаласынанбыз. Қызымның аяғы «маймақ» болуына байланысты былтыр осындағы «Ана мен бала» орталығында ота жасатқанбыз. Отадан кейін осы оңалту орталығына келдік. Қазір нәтижесі көрініп келеді. Қызым аяғын түзу басып жүре бастады. Баламның оңалуына орталықтағы құрал-жабдықтардың, мамандардың көмегі көп тиді, сол үшін орталық ұжымына алғысым шексіз, – дейді Мария Черкашинаның анасы.

Бірін түзу жүруге, бірін былдырлап сөйлеуге, бірін қозғалуға машықтандырып, қоғамға бейімделуге, отыруға, тұруға үйретіп, сауықтырып жатқан оңалту орталығы ерекше  балалары бар ата-ана жанарына үміт отын жаққанын ұқтық.

         Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button