«Үміт оты-2022» мәреге жетті
Халықаралық Балаларды қорғау күні мерекесі мен Балалар жылына орай Үржар ауданында алғаш рет «Үміт оты-2022» облыстық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Үржар балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен өткен шараға облыс бойынша 5 пен 18 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдер қатысты.
Шығармашылық фестивальдың негізгі мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалар арасынан таланттарды анықтау, жеке қабілеттерін дамытып, шығармашылықпен айналысуына жағдай жасау, жеткіншектердің бойына патриотизм мен ұлтаралық ынтымақтастық сезімдерін қалыптастыру. Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестивальға сырттай іріктеу 13-20 мамыр аралығында онлайн форматта өтіпті. Бұл кезеңде облыс бойынша 12 мекеменің тәрбиеленушілерінен өтініш қабылданған екен.
Ал «Үміт оты-2022» фестивалінің екінші кезеңіне Катонқарағай, Тарбағатай, Аягөз, Зайсан, Үржар аудандарының, Семей қаласының өнерпаздары өтіп, Гала концертте өз өнерлерін көрсетуге мүмкіндік алды.
Естен кетпес керемет мерекелік шара 1 маусым күні әлеуметтік орталықтың әсем безендірілген сахнасынан бастау алып, аудандық Мәдениет үйінде өз жалғасын тапты.
Бұл күні барлық мүмкіндігі шектеулі балалар өз өнерлерін ортаға салып, арнайы киімдерімен ән айтып, би билеп, сурет салды. Фестивальға өтініш жіберген ешбір қатысушы назардан тыс қалған жоқ. Қатысушылар мен номинанттардың барлығына орталық директоры, байқаудың басты ұйымдастырушысы Салтанат Селиханова өз атынан Алғыс хат табыс етті.
Шалғай аудандағы қатысушыларға марапаттары пошта арқылы жіберілетін болады. Ал жүлделі І, ІІ, ІІІ орын иегерлері мен бас жүлде иегерлеріне Үржар ауданының әкімі Нұржан Тоқсейітов пен облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Альмира Мусинова арнайы кубок пен диплом табыс етті.
Мейрам Екпін