
Кеш қарайғанда аулаға шығатын әдетім бар. Таза ауа жұту үшін? Жо-жоқ, бұл үйдегілерге айтылатын сылтау ғой. Шындығына келсек көрші үйлерді бақылаймын. Әр үйде қайнаған тіршілік. Біреуінің жарығы мүлдем сөніп жатыр. Қараймын да әр терезеде әр қилы тағдыр барын түсінемін. Бірақ әйнектің ар жағындағы өмір анық көрінгенімен біз білмейтін тұстары қанша… Бүгін біз сіздерге қаланың шеткері шағын ауданындағы жан жайлы айтамыз. Әзірге үйдің жарығы жанып тұр. Бірақ…
Ана – әр шаңырақтың шамшырағы. Анасыз үй тастай қараңғы әрі суық. Сіз бен біз танысар алты кейіпкердің басты қорқынышы да сол. Өйткені олардың анасы аты жаман дертке шалдыққан. Ең қиыны күйбең тірліктің қамытын киген көпбалалы ананың алаңсыз ойнап жүрген кенжесі әлі кішкентай, балбақшаға барады. Бес баласын ел қатарлы жеткіземін деген ана өзінің қатерлі ісікке қалай душар болғанын білмей де қалыпты. Дәрігерлер сол жақ сүт безінің обыры деген диагноз қойыпты.
– 2020 жылдың көктемінде ауырып қалдым. Емханаға барып тексерілгенде онкология деді. Мейрам күндері, демалыс кездерінде болсын, қысқасы күндіз-түні жұмыс істедім. Қайтсем ақша табайын, балаларымның жағдайын жақсартайын деп жүргенде өзімнің сырқаттанып қалғанымды сезбей де қалыппын. Кейінгі уақытта моншада жұмыс істегенмін. Содан ауруым одан әрі асқынып кетіпті. Менің жағдайымда ыстық жерде жүру мүлдем қауіпті. Бірақ мен ол жайлы өте кеш білдім, – дейді Альмира Суттубаева.
Осыған дейін апатты үйде тұрған отбасыға әкімдік жалға пәтер берген және уақытша болса да паналап жүрген бұл үйден қашан шығып қалатындарын да білмейді. Айтуынша кезегі келгенше осы үйді паналай тұрса болады. Алайда Альмираның кезегі жеткенше ауру одан әрі асқынып кетуі мүмкін. Ана сол үшін қапалы. Өйткені қатерлі аурудан қанша емделгенімен құлан таза жазылып кетпейтінін біледі ол.
– Баспана бізге қаладағы ТҮКШ бөлімі арқылы берілді. Жалдап тұрып жатырмыз. Айына шамамен 15 мың теңге көлемінде төлейміз. Алайда үй бізге біржолата берілмейді, уақытша ғана. Ипотека ал дейді. Бірақ мен ондай қадамға бара алмаймын. Біріншіден жағдайым жоқ. Екіншіден ауруым асқынып кетсе, оны кім төлейді? Баспана алғым-ақ келеді. Дәрігерлер ауыр жұмыс істеуге болмайды деген. Сол қолым дұрыс жұмыс істемейді. Көп қозғалсам көз алдым қарауытып, басым айналады. Егер мен ақша таппасам ол қарызды кім қайтарады?, – дейді ана.
Балалар жүгері сатып жүр
Альмирамен сұхбаттасып отырып «Балалардың әкесі қайда?» деген заңды сұрақты қойдық. Сөйтсек он үш жыл бірге тұрған жолдасы ішімдікке салынып, шаңырақтың берекесі кеткен. Ақыры бөлек кетуді жөн санаған ана жалғыз өзі жұмыс істеп, балаларын бір өзі асырап жатқан жайы бар. Дегенмен ішімдікке салынған әке алимент төлеп тұрады екен. Бірақ қазіргідей қымбатшылық заманда алименттің ақшасына өмір сүру мүмкін емес. Осыған дейін еден жуса да азын-аулақ табыс тауып жүрген ана енді жұмысқа жарамай қалды.
– Маңдай тер, табан ақымен тапқан табысым оңайлықпен келді деп айта алмаймын. Күні бойы тік тұрып ыдыс-аяқ жудым, еден жудым. Қысқасы, қара жұмыс істедім. Ал қазір ше? Қымбатшылық жайлап жатқанда өмір сүру керек, жұмыс істем ақша табу керек. Ем алып жүрген соң дәрігерлерден рұқсат сұрадым. Мамандар жағдайың күрт нашарлап кетуі мүмкін. Жұмысқа жарамсызсың дейді. Ақша болса жетпейді. Балалардың мектепке барар уақыты да жақындап келеді. Оқу жылы біте салысымен. Балаларым жаз бойы жұмыс істейміз деді. Бір жағынан қуандым, бір жағынан ана болған соң жүрегім де ауырды. Балаларымның ерте жастан еңбекке аралсқаны жақсы-ақ, бірақ жарты жолда ешкімге арқа сүйей алмайтындары жаныма батады. Қазір жүгері сатып жүр. Осылайша үйге ақша әкеледі, – дейді Альмира.
Үй кезегі қашан келеді?
Көпбалалы анамен сұхбаттасып отырып, бес баласын сөзге тартқымыз келген еді. Бесеуі де жақ ашпады. Тек кенжесі: «Бізге үлкен үй бере ме? Өз бөлмем болғанын қалаймын», – деп қалды. Осы тұста Альмира ханымнан үй кезегі жайлы сұрадық.
– Менің жағдайымды қалам ұстаған біраз журналист жазды. «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері хабарласты. Көңілімде баспаналы боламын деген бір үміт жылт еткен. Алайда жер үйде тұра алмайтынымды біліп, басқа жанға бұйырсын деген оймен бас тарттым. Себебі от жағу, су тасу, қар күреу сияқты жұмыстарды істеуге менің әлім жетпейді. Үй кезегінде бармын. Екі-үш жыл ішінде аласыз деген. Бірақ ол екі-үш жылда не боларын кім біледі. Егер ауруым асқынып кетсе, балаларым далада қалады ғой. Мүмкін уақытынан бұрын үй алып қалармын деген ниетпен әкімнің қабылдауына баруды ойлап жүрмін, – дейді Альмира.
Тамақ ішудің өзі қиындап кетті
Алимент және балалардың тапқан қаражаты. Иә, осы екеуіне азық-түлік алынып жатыр. Бірақ Альмира Суттубаеваның қазіргі жағдайы қалай?
– Шүкір. Жақсарып қалдым. Химиотерапия алдым, ем қабылдадым. Дәрігерлер шақырған уақытта тексеріліп, дәрі-дәрмегімді қабылдап тұрамын. Әрине, денсаулығым бұрыңғыдай деп айта алмаймын. Тамақ ішудің өзі қиынға түсіп жүр. Ем ала бастағалы қу жаным қалды. Енді тісім түсіп жатыр. Оны салдырту үшін тағы да қаражат керек. Бірақ оқу басталарда ол бізге артық шығын, – деп күрсінді ол.
Қонақ үйден ас үйге өткенімізде пеш үстіндегі ыдыста бес жұмыртқа қайнап жатты. Осы тұста Альмирадан азық-түлік себеті беріле ме деп сұрадық. Былай деп жауап қатты:
– Бізге көбіне еріктілер көмек береді. Менің жағдайымды білетіндер көп. Мейрам кезінде киім-кешек, азық-түлік, ет әкеп береді. Ұзақ уақытқа жетеді деп айта алмаймын. Дейтұрғанмен жадырап қалатыным рас.
Тағдырдың тауқыметін тартқан көпбалалы ана өз денсаулығынан гөрі балаларының болашағын көбірек ойлайды. Баспанаға қол жеткізуге асығуы да сондықтан. Балаларының жағдайына алаңдамай өмір сүргісі келеді. Бірақ ол мүмкін бе? Күткен кезегі қашан келеді? Ол да белгісіз…
Көңіл түкпірінде көпбалалы ананың есігін еріктілер ғана емес, атқамінерлер де келіп қақса екен, үйдің жарығы үнемі жанып тұрса екен деген тілек