«Үміт» балалар үйінің қайырымдылық концерті

Елімізде 2022 жыл «Балалар Жылы» деп жарияланды. Мемлекет басшысы атап өткендей, балалар жылы «Ұрандар мен мерекелік іс-шараларды өткізу емес, ең алдымен, билік органдары тарапынан балаларды қорғау мақсатында, денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру саласында нақты шаралар қабылдау» дегенді білдіреді. Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық шағы-біздің жалпыұлттық міндетіміз».
Балалар жылына орай, Amanat партиясының Өскемен қалалық филиалы мен облыстық волонтерлер фронт-офисімен бірлесіп «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері облыстық драма театрында қайырымдылық концертін өткізді. Жас жеткіншектердің өнерін тамашалауға келген көрермендер көп болды. Барлығы бір кісідей балаларды қолпаштап, құрмет көрсетіп отырды. Ән мен биден шашу шашып, залда ерекше атмосфера орын алды. Өнерге жақын өскен балғындар, көрермендердің қошеметінен ерекше әсер алғанын жеткізіп, бізді шабыттандыр дейді «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Юлия Соломатина. “Балалар жылына орай, өз өнерімізді паш етпекпіз. Бұл біздің биылғы жылдағы алғашқы концертіміз емес. Бірақ осы жылы үлкен сахнаға шығатын болғандықтан қобалжу болды. Бірақ жиналған көрермендерді көрген кезде, ерекше әсер алдық. Ыстық ықыластарына көп рахмет” деп ағынан жарылды. Қазақ “жетім көрсең, жебей жүр” деп тегін айтпаса керекті. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалардың қоғамда өз орындарын тауып, қол ұшымызды беру саналы адамның борышы болмақ. Қайырымдылық концерт аясында ұщқан ұясынан қанат қағып, үлкен өмірге қадам басып, мектеппен қош айтысып отырған балалар үйінің алты тәрбиеленушісіде Жоғары оқу орынның грантына ие болғанын, AMANAT партиясы Өскемен қалалық филиалының атқарушы хатшысы Арайлым Есімбекова сүйіншілеп жеткізді. “Өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға қолдау көрсетіп, жәрдемдесу басты мақсатымыз. Сондықтанда биылғы жылы мектепті бітірген «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне өңіріміздегі жоғары оқу орындарына білім гранттары табыс етілді. Сонымен қатар, бір баламыздың еміне атымтай жомарт жандар қаржы жинап, елордада ота жасалмақ. Игілікті істер жалғасатын болады” деді Арайлым ханым.
Иә, мұндағы балалардың барлығы өз алдына дарынды, өнерлі. Әлемнің бірнеше елінде болып, талай бас жүлделермен оралған. Ал бүгінгі қайырымдылық концертте жиналған барлық қаражат игі іске – сырқат балалардың денсаулығын қалпына келтіруге, колледждер мен жоғары оқу орындарында білім алуға қолдау көрсетуге, өңір мен республика бойынша мәдени-танымдық сапарларды ұйымдастыруға жұмсалмақ.
Қазіргі уақытта «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері өмірдегі өз орындарын тауып, елінің үмітін үкілеген азаматына айналды. Үлкен шаңыраққа әр жылдардың түлектері бас сұқпай кетпейді. Ұшқан ұя қашан да ыстық емес пе. Балаларын дербес өмірге дайындауды мақсат тұтатын ұжым мүшелері олардың әрқайсысын мақтан тұтады. Бір қуанарлығы, бауыр еті баласын тағдырдың тәлкегіне тастап, жеке басының қамын ойлайтын жүрексіз ата-аналар қатары азайып келеді.
Қуаныш Рахметоллаұлы