Өткен жылғы бюджеттің атқарылуы, 2021 жылғы салық-бюджет саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуы, сондай-ақ өңірді дамыту бағдарламасы облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясында қаралып, облыстың басты қаржылық құжатына қатысты екі негізгі мәселеге облыс әкімі Даниал Ахметов жан-жақты талдау жасады. Сессия жұмысына қала-аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Аймақ басшысы өз баяндамасында өткен жылдың ішінде Шығыс Қазақстан пандемия жағдайына сәтті бейімделіп, экономика өсімінің сенімді қарқынын көрсеткенін атады.
– Өткен жылы облыс пандемияға байланысты күрделі жағдайларға сәтті бейімделіп, экономикада өсімнің сенімді қарқынын көрсетті. Жалпы өңірлік өнім 105,2 пайыздан асты. Республика бойынша бұл көрсеткіш 104,1 пайызды құрады. Облысты дамыту бағдарламасы бойынша нақты секторда негізгі индикаторлар орындалды. Өнеркәсіп саласында 103,4 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 113,4 пайызға, ауыл шаруашылығында 103,8 пайызға, шикізаттық емес тауарлар экспортының көлемі 118,9 пайызға өсті. Бұл – жалпы нәтижелер, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Облыс бюджетіне қатысты экономикалық оң көрсеткіштердің барлығын таяуда ғана өткен облыстық қоғамдық кеңестің барысында да аймақ басшысы кеңінен айтып өткендіктен және ол көрсеткіштер газетімізде жарияланғандықтан, қайталамауды жөн көрдік.
Даниал Ахметов сессияда биылғы 3 мамырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үш жаңа облысты, соның ішінде Абай облысын құру туралы құжатқа қол қойғанын атап өтті. Семей қаласы мен сол маңдағы аудандардағы бірлескен өмір ағысында және нәтижелі жұмыс жылдарында келешекте атқарылар шаруаға қажетті барлық алғышарттар, әлеуметтік-экономикалық база жасалғанына тоқталды.
Енді жаңа облыстың құрылуына байланысты, сондай-ақ басқа да бірқатар алғышарттар бойынша екі өңірдің экономикасында өмірлік қажеттіліктерден туындаған маңызды құрылымдық өзгерістер жасау қажет.
Облыс басшысы айтып өткендей, өңір экономикасының негізгі алыптары – ол өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және ішкі туризм салалары. Бұл нарықтың басқа да пайдалы секторларын дамыту үшін ынталандыру болмақ. Сонымен бірге олардың әлеуеті екі өңірдің барша тұрғындарының мүддесі үшін барынша іске асырылуы қажет және бүгінгі таңда аталған бағытта көп жұмыс атқарылған.
Облыс әкімі Ақтоғай, Сәтпаев кен орындарындағы кешенді жұмыстар, кен базасын толықтыру, өндіріс пен жұмыс орындарын ұлғайту туралы да айтты. Оның ішінде кәсіпкерлікті қолдау шеңберінде инвестициялық бағдарламаларды, түрлі әлеуметтік-мәдени, спорттық жобаларды іске асыру бар.
Ауыл шаруашылығында мал шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда, сүт шикізатын қайта терең өңдеуге, дайын өнім көлемін ұлғайтуға ерекше назар аударылған.
– Таяудағы бес жылдың негізгі бағытын біз бірнеше жыл бұрын айтқан болатынбыз. Әсіресе сүтті мал шаруашылығына көбірек бет бұруымыз керек, – деді Даниал Ахметов. Облыс әкімінің пікірінше, егін шаруашылығын дамытумен қатар, бұл аграрлық сектордың кірістілігін арттыру факторларының біріне айналмақ .
Баяндамада айтылғандай, өткен жылдардың бәрінде де көлік инфрақұрылымын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп, жалғасуда. Бұл – туризмді дамыту, қонақтарды, туристерді қабылдау үшін өте маңызды шаруа. Семей, Өскемен, Үржар әуежайларын қайта жөндеу жолаушылар ағынын ұлғайтпақ. Ендігі кезекте Зайсан әуе айлағының мүмкіндіктерін кеңейту тұр.
– Облыстың өткен жылғы дамуын қорытындылай келе, бәріміз бірге, бұрын болмаған қауіпке қарсы тұра алғанымызды ескеріп өту қажет. Бұл бәріміздің ұйымшылдығымыз және сапалы жұмыс істеуіміздің арқасында мүмкін болды. Облыстық мәслихат депутаттары да өз үлестерін қосты. Шешімдер тез қабылданды, пікірталастар мазмұнды және сындарлы сипатта болды. Шешімді қарау және қабылдау кезіндегі жеделдік үшін алғыс білдіремін, – деді Даниал Ахметов.
Дәурен Аллабергенұлы