Қоғам

Үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен кездесті

Ержан Әбіш

Өскеменде референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штаб мүшелері аудан-қалалардағы үкіметтік емес ұйымдар өкілдерімен офлайн және онлайн режимінде кездесіп, ел мүддесі толық ескерілген конституциялық реформаның мән-жайын түсіндірді.

– Президент биылғы Жолдауында конституциялық реформаның басталатынын мәлімдеген. Себебі саяси жүйені түбегейлі жаңарту қажет, қоғам сұранысы – осы. Ал 29 сәуірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті съезінде Мемлекет басшысы Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын референдумға шығарып, жұртшылық талқысына салуды ұсынды. Халық өз тағдырын өзі шешуі тиіс делінді. Референдум өткізу күні маусымның 5-іне белгіленді, – деді штаб төрағасы, өңірлік Азаматтық альянстың жетекшісі Олег Чернышов.

Конституцияға енгелі отырған өзгерістер негізінен үш топқа бөлінеді. Олар Президент өкілеттігін шектеуді, сайлау жүйесін өзгертуді, азаматтар құқығын қорғауды күшейтуді көздейді. Штаб мүшелері реформаны жіті ұғындырып, қоғамға тигізер пайдасына тоқталды.

Штаб мүшесі, әлеуметтанушы Элеонора Столярова алдағы референдумды тарихи оқиға ретінде бағалап, реформалардың іске асуы науқанның нәтижесіне тікелей байланысты екенін атады.

– Біз отыз жыл демократиялық қоғам құруға тырыстық. Десек те, соңғы он жылда елде демократия тапшылығы қатты сезілуде. Бейбіт өмірді, қоғам қауіпсіздігін, ел экономикасының өркендеуін қаласақ, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды. Атап өтерлігі, бүгінде билікке, сайлау үрдісіне деген халықтың сенімі төмендеп кеткен. Алдағы референдумды барынша ашық, әділ өткізу аса маңызды, келешек дамуымыз осы науқанға тікелей байланысты, – деді ғалым.

Облыстағы прокуратура органдары ардагерлер кеңесінің төрағасы, штаб мүшесі Ғазиз Найзабаевтың пікірінше, конституциялық реформа Президент бастамасы болса да, ол ең алдымен ел тілегінен туындап отыр.

– Конституцияға енгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларды заң саласының маманы ретінде мұқият зерделеп шықтым. Реформа негізінен суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік жүйеге көшуді, қоғамды демократияландыруды және азаматтар құқығын барынша қорғауды көздейді. Бұның бәрі дұрыс. Жалпы, аталған мәселені референдумға шығарудың өзі – демократия көрінісі. 1995 жылы осы Ата Заң қабылданғанда ғана референдум өтті де, кейінгі төрт рет енгізілген өзгерістер Парламент қабырғасында мақұлдана салды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында суперпрезиденттік модель керек те болған шығар. Ал қазіргі жағдайда бір адамның қолына шексіз билік берген жөн емес. Президенттің партия басшылығынан кетуі де, ешбір партияға мүше болмауы да – қисынды әрі әділетті шешім, – деді ардагер.

Олег Чернышовтың айтуынша, 5 маусымда өзгерістер халық тарапынан мақұлданса, Ата Заңның жаңартылған нұсқасы өз күшіне тек келер жылдың 1 қаңтарынан бастап енеді. Осы аралықта елдегі көптеген заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер өзгеріске ұшырап, жаңадан қабылданады.

– Айталық, шалғай ауылдағы азамат құрылғалы отырған Конституциялық сотқа қалай жүгіне алады? Міне, осы секілді механизмдерді реттейтін арнайы актілер аталған мерзім ішінде әзірленуі тиіс. Егер бұл құжаттар нақты іске аспаса, халықтың билікке деген сенімі мүлдем жоғалуы ықимал. Үкіметтік емес ұйымдар да осы заңдардың орындалуына атсалысуы керек, – деді ол.

«Әділдік жолы» бірлестігі облыстық филиалының басшысы Әділ Пішенов халық арасында Ата Заңға енгелі отырған түзетулерге қатысты сауалдар көп екенін, түсіндіру жұмысын ширақ әрі жан-жақты өткізу қажеттігін атап өтті. Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері референдумның маңызын атап, қабылданатын заңдардың халық үдесінен шығарына сенім білдірді.

Іс-шара соңында кездесуге қатысушылар күллі облыс тұрғындарын ауызбіршілік пен белсенділік танытып, референдумға біркісідей қатысуға шақырды.

Осы айдарда

Back to top button