Қоғам

Уақытша тіркеу уақытша тұрғынға да қатысты ма?

Уақытша тіркеу уақытша тұрғынға да қатысты ма?


Еліміздегі азаматтарды тұрақты және уақытша тіркеу туралы заңдар өзгергеннен бері бір айға жуық уақыт өтті. 2016 жылдың 22-желтоқсанында Мемлекет басшысы терроризмге қарсы күрес шараларын күшейтуді қарастыратын заңға қол қойған болатын. Заңға сәйкес, жалға берушілер өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуге міндетті.

Қонаққа барып-қайтуға бір ай уақыт берілген

Заңға сәйкес «кімдер» деген сұрақпен ешкімді бөліп-жара алмайды екенбіз. Жаңа тәртіпке өз мекенжайын тұрақты түрде немесе уақытша ауыстырғысы келетін Қазақстанның барлық азаматтары мойынсұнуға міндетті. Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып еңбек етіп жүргендер, басқа қалада ұзақ уақыт емделіп жатқандар, студенттер межелі жерге жеткен соң 10 күн ішінде тіркелуі керек. Науқас жандар ауруханаға, іссапармен жүргендер қонақ үйге, студенттер жатақханаға деген сияқты. Ал туысының үйіне қонаққа келгендер, яғни, тұрған жері үшін ақша төлемейтін «уақытша тұрғындар» «Тұрғын үй қатынастары» туралы Заңның аясында бір айға дейін тіркеусіз жүре алады.

– Әрбір азамат өзінің тұрғылықты жерін ауыстырған кезде 10 тәулік ішінде тіркеуден өтуге тиіс. Дегенмен, ол уақытша тұрғындарға қатысты емес. Уақытша тұрғын деген тұрғын үй иесіне оның үйінде тұрып жатқаны үшін ақша төлемейтін азаматтар. Олар — біздің туыстар мен меймандар. Уақытша тұрғын түсінігі заңда нақты көрсетілген. Сондықтан сіздерге қонаққа келген меймандар тіркеусіз 1 ай тұра алады. Мәселе ұзақ уақытқа пәтер жалдап тұратындарға қатысты болып отыр, – деген болатын ІІМ Көші-қон полициясы департаменті басшысының орынбасары Галина Сәрсенова.

Тіркеуге отыру үшін тұлғаның жеке бас куәлігі және пәтер иелігі жөніндегі құжат қажет. Егер сіз пәтердің меншік иесі болмасаңыз, онда пәтер иесі сізбен бірге келіп, тіркеуге тұрғызуға жазбаша келісімін беруі керек.

Тіркелу үшін қайда барамыз?

Халыққа қызмет көрсету орталығына барамыз, әрине. Жоғары жақтағылар тіркелу уақыты 15-20 минутыңызды ғана алады деп отырғанмен, қазіргі алғашқы дүрбелең кезеңінде ұзын сонар кезектерде тұрып жатқанымыз өтірік емес. 18-қаңтарда электрондық үкімет порталында азаматтардың тұрғылықты жері бойынша уақытша онлайн тіркелу қызметі қолжетімді болды. Қанатқақты жоба ретінде енгізілген бұл әдіс әзірге «қалай болар екен?» жағдайында. Бұл туралы Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: – Тексеруден сәтті түрде өтсе, онлайн тіркелуді пилоттық режимде іске қоса аламыз. Қазір сынақ жүргізіліп жатыр, – деген болатын. Енді интернет арқылы қалай тіркелуге болатынын айтып өтейік.

Бұл қызметті пайдалану үшін әр адам алдымен электрондық цифрлық қолтаңба алып, порталға тіркелуі қажет. Қызметті онлайн түрінде пайдалануға мүмкіндік беретін тетікті қолдану үшін парақшада көрсетілген кестені толтырып шығу керек. Одан соң, берілген тапсырыс автоматты түрде Ішкі істер министрлігінің жүйесіне барып түседі. Ол 10 минутта тексеріледі, бұдан соң порталда «Уақытша тіркеу сәтті өтті» деген жазу пайда болады. Ал мұны нақты растау үшін мекенжай анықтамасын алып көруге болады. Тіркелу құны — 227 теңге. Аталған мемлекеттің баж салығын порталдың төлем шлюзі арқылы жүзеге асыра аласыз.

Бірақ онлайн режимде балаларды уақытша тіркеуге болмайды. Балаларды тіркеу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына бару керек.
Өскеменде уақытша тіркеу үдерістерін жылдамдату және жеңілдету мақсатында КШТ-дағы «Достық» сауда орнының аумағында қосымша халыққа қызмет көрсету пункті ашылды.

– Ол жерде ХҚО-ның қызметкері жұмыс істейтін болады. Қаланың кез келген тұрғыны өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасын алып осы жерге келеді немесе осы жерде қолтаңбаны жасайды. Ары қарай ХҚО қызметкері электрондық үкімет порталы арқылы оны уақытша тіркеуге тұрғызады. Біз қазір жергілікті өзін-өзі басқару орындарының көмегімен жедел топтар құрып, сауда орындарында, ЖОО ғимараттарында, әлеуметтік мекемелерде жедел филиалдарымызды ашып жатырмыз, – дейді Шығыс Қазақстан облысы бойынша ХҚО департаменті директорының орынбасары Азамат Рахымжанов.

Тіркелуден бас тартқан жағдайда не болады?

Егер бір ай ішінде тіркелмеген жағдайда полиция ескерту жасайды. Көші-қон қызметі азаматтың заттарын жинауға және басқа тұрғылықты жер табуға кететін уақытын есепке алады. Алайда 30 күн өткеннен кейін тіркеу болмаса 7АЕК айыппұл салынады. Жағдай екінші рет қайталанатын болса, айыппұл көлемі 13 АЕК-ке дейін (29 479 теңге) көбейеді.

Әкімшілік санкция тұрғын үйді немесе пәтерді жалға берушіге де қатысты. Оларға салынатын айыппұл — 10 АЕК (22 690 теңге). Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік пен үкіметтік емес ұйымдар 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік ұйым 50 АЕК төлейді. Сондай-ақ, тіркелу 1 күнде бекітіледі. Бұрынғы мекенжайдан тіркеуден шыққандығы туралы анықтамалар қажет емес. Жаңа мекен-жайға тіркелгенде, бұрынғы тұрған жерінен автоматты түрде есептен шығарылады.

Көші-қон полициясы мамандары жұрттың көкейінде жүрген ең өзекті деген он сауалға қысқа-нұсқа жауап берген болатын:

1. Ауылда да, қалада да үйі бар, екі жақта да бір айдан астам бойы тұратындар не істейді?
– Үй иесі мұндай жағдайда екі үйдің немесе пәтердің біріне тұрақты, екіншісіне уақытша тіркелуі қажет. Үй иесінің тұрақты тіркелгені туралы мәліметтер сақталып тұрады, қажет болғанда, тұрғылықты жерінен мекенжайы туралы анықтаманы ала алады.

2. Көшедегі адамдар тексеріле ме, тұрғындар арнайы анықтама қағазын өзімен бірге алып жүруі керек пе?
– Көшедегі адамдарды тексеру мәселесі қарастырылмаған.

3. Жеке куәлігі ескі үлгідегі азаматтар не істейді, олар тіркелгені туралы мәлімет енгізілген чипы бар жаңа куәлік алуға міндетті ме?
Ескі үлгідегі жеке бас куәлігін ұстап жүрген азаматтар оны жарамдылық мерзімі аяқталғанша пайдалана алады.

4. Азаматтардың тұрғылықты мекенжайға тіркелуін тексеру жұмыстары қалай жүргізіледі?
– Жергілікті учаскелік полиция қызметкерлері үй-үйді аралап жүріп тексереді. Сондай-ақ, арнайы жедел алдын алу шаралары кезінде бақыланады.

5. Уақытша тіркелу қанша уақытқа беріледі?
– Келу мерзіміне қарай 3 айдан 1 жылға дейін.

6. Бір мекенжайдағы үйге неше адамға дейін уақытша тіркеуге тұруға рұқсат?
– Тұрғын үй иесі қанша азаматты уақытша тіркеуге қоятынын өзі шешеді.

7. Қандай да бір себептермен тіркеуге тұратын мекенжай таппағандарға жеңілдік бар ма?
– Ол бойынша жеңілдік жоқ, бұл азаматтар әкімшілік жауапқа тартылады.

8. Тіркелуге қандай құжаттар керек?
– Үй иесінің келісімі, тіркелушінің жеке куәлігі, тіркелу туралы 227 теңге төленгені туралы түбіртек.

9. Балаларды жазғы демалысқа жібермек едім. Оларды да уақытша тіркеу керек пе?
– Тіркеу керек.

10. Егер де мен уақытша тіркеуге тұрсам, онда тұрақты тіркелген жерімнен шығып кетемін бе?
– Жоқ. Олар параллель жұмыс істей береді.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button