Қоғам

Қуаныштарында шек болған жоқ

Қуаныштарында шек болған жоқ

Өскемендегі облыстық драма театрында 150 мүмкіндігі шектеулі бала жаңажылдық шырша мерекесінің қонағы болды. Мерекеге қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар құттықтады.
Жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан балалар шырша мерекесінің биылғы ерекшелігі – еңселі жаңа театр ғимаратында ұйымдастырылуында. Театр ұжымы да бүлдіршіндердің шырша мерекесіне ерекше дайындалыпты. Есіктен кірген бойы ертегілер әлеміне еніп кеткендей болған балалардың қуанышында шек болған жоқ. Клоундар мен қиял-ғажайыптар әлемінің кейіпкерлері қонақтар көңілін бірден баурап әкетті.
Жаңа жыл мерекесі сыйлықсыз болған ба? Өскемендегі «Қазцинк» сияқты іргелі кәсіпорын мен «KDV Қазақстан», «КСЕДА» сынды мекемелер балаларға деген базарлықтарын үйіп-төгіп жеткізіпті. Құшақтары тәтті-дәмділерге толған балалар мейірімді демеушілерге алғыстарын айтып жатты.
№21 мектептің 7-сынып оқушысы Ерзат Жанболатов жаңажылдық шырша мерекесіне ерекше дайындалып келгенін айтты.
-Аязатаға көрсететін өнерім де бар. Бұл мерекеге ерекше дайындалдым, күн санап тосқан жаңа жылға да жеттім. Бізге осынша сыйлық беріп жатқан мейірімді жандарға рақмет айтамын. Арманым – осы жаңа театрдың ішін көру болатын, керемет әдемі ғимарат екен, – дейді Ерзат.
Облыс әкімдігінің қолдауымен, білім және мәдениет басқармаларының атсалысуымен ұйымдастырылған жаңа жылдық шырша мерекесінің театрландырылған қойылымы ерекше болды. Балалар Ұлы жібек жолының бойымен жүріп отырып, 1001 түн ертегілеріндегідей, ежелгі шаћарларға қонақ болды. Алладин, Күнікей қыз сияқты жол бастаушы кейіпкерлер оларды түйелі керуендермен алып жүрді.
Аяз ата мен Ақшақар да аянып қалған жоқ. Олар мүмкіндігі шектеулі, қамкөңіл балаларға жан жылуын сыйлады. Бүлдіршіндер жыл бойы күткен аталарына өз өнерлерін көрсетіп, жаттаған тақпақтарын айтты.
Бүгінде мемлекет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға барынша көңіл бөлінген. Облысымызда осы санаттағы 13 мыңнан астам бала бар екен. Осындай балаларды қолдау мақсатында жыл сайын ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button