Руханият

Қуандық Қыстықбаев, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының актері: – Жұрт мені қазір Қасым деп біледі

Қуандық Қыстықбаев, Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының актері:  - Жұрт мені қазір Қасым деп біледі

Таяуда Өскеменде Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалі өткен болатын. Міне, осынау өнер додасына еліміздің 8 драма театры, оның ішінде Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының ұжымы да қатысқан еді. Аталған драма театры актерлерінің ішінде жұртшылыққа кино әлемі арқылы да кеңінен таныла бастаған өнер адамдары бар. Солардың бірі – жерлесіміз, әйгілі партизан, Қазақстанның Халық Қаћарманы, көрнекті жазушы, көзі тірісінде аты аңызға айналған халқымыздың қайталанбас біртуар даңқты перзенті Қасым Қайсеновтің образын сомдаған актер Қуандық Қыстықбаев. Қуандық Қыстықбаевпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Атамыздың образын әбден зерттедім

– Қуандық, біз сені 2013 жылы көрермен назарына ұсынылған «Қасым» сериалы арқылы жақсы білеміз. Ержүрек батыр Қасым Қайсенов – жалпы қазаққа, оның ішінде шығысқазақстандықтарға ерекше қымбат тұлға. Байқауымызша, сенің де осы фильмнен соң танымалдығың арта түскен секілді. Мұнымен келісесіз бе?
– Әрине. Мен Қасым атамыздың фильміне дейін 4-5 фильмге түскен актермін. Және оның барлығында да басты рөлдерді сомдаған едім. Нақты айтсам, кино әлеміндегі актерлік жолым «Сардар» фильміндегі Құлжа рөлінен басталған болатын. Содан кейін ресейлік режиссердің «Человек ветер» деген фильмі мен «Семь майских дней» фильмдеріне түстім. «Кто вы, господин К» фильмінде із кесушінің рөлін сомдадым. Кино көрермендерінің қатты сынына ұшыраған «Келін» фильмінде де басты кейіпкерді ойнадым. Мұндағы рөлдерімнің әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Әр жерде әртүрлісің дегендей. Десе де, Қасым атамыздың халық арасындағы абырой-беделінің арқасы ма екен, қазіргі күні бұл фильмдер «Қасым» фильмінің көлеңкесінде қалып қойған секілді көрінеді кейде. Жұрттың бәрі мені қазір Қасым деп біледі. Кейбір үлкен кісілер атымды ұмытып қалса, «Ой, Қасеке, Қасым» деп қасына шақырып алып, батасын беріп жатады. Жалпы бұл фильм жұртқа жаққан, халықтың көңілінен шыққан өнер туындысы болды. Мен үшін де сонысымен қымбат. Кейде кейбір адамдар «Жалғасы қашан түсіріледі?» деп сұрап та жатады. Оның бәрі қаражат шешетін дүние ғой. Сондықтан нақты ештеңе деп айта алмаймын.
Қазақтың көзсіз батырының бейнесін сомдауға жүрексінген жоқсың ба?
– Мен бастапқыда кинодағы кейіпкерімнің Қасым Қайсенов екенін білген жоқпын. Ресейлік режиссер Леонид Белозерович мені киноға түсуге шақырғанда, қазақ жігітінің рөлін ойнайсың деді. Өзі менің суретімді, санаулы ғана киноларымды көріп, «киноға осы жігіт түседі» деп бірден шешім қабылдаған секілді. Маған кастингтен өткенім туралы өзі хабарлады. Тек сценарийді қолыма берген кезде ғана, «Капитан Кайсенов» тұрғанын көріп, кімнің образын сомдайтынымды түсіндім. Жүрексінгенім рас. Өйткені, мен әскерде болған емеспін. Әскерге бармаған кез келген актер үшін анау-мынау емес, батырдың рөлін ойнау қиынға түсетіні айтпаса да түсінікті ғой. Ал Қасым атамыз үш жылдық жасырын диверсанттық мектептен өткен адам. Және ол мектепті үздік бітірген жалғыз Қасым Қайсенов екен. Әскерге бармағанымды режиссерден жасырғаным жоқ. Бірден айттым. Ол мені бір майорға тапсырып қойды. Сол майор маған қалай жүру керек, қалай тұру керек, қару-жарақпен қалай жұмыс істеу керектігін – бәрін үйретті. Бір ай бойы өзім де Қасым атамыздың образын әбден зерттедім. Жазушының жазған дүниелерін, сұхбаттарын, ол туралы жазылған естеліктердің бәрін оқып шықтым. Осының нәтижесінде суда жүзген балықтай демесем де, рөлімді ойдағыдай ойнап шықтым. Тек орысша мәтін ғана кішкене қиындық тудырды. Қанша айтқанмен, қазақша тәрбиеленген соң, қиындау болды. Кейде қазақша түскенде бұдан да жақсы болар ма еді деген де ой болады.
Кейде кейбір актерлер уақыт өте келе өзі ойнаған кейіпкерге ұқсап кететіндері жайында айтып жатады. Қасым атамыз бен сенің мінезіңде ұқсастық бар ма екен?
– Мен өзім Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Қырғызсай ауылында туып-өскен жігітпін. Отбасымызда негізі он үш ағайындымыз, бірақ қазір қалғанымыз – сегізбіз. Әпке-ағаларымның бәрі Алматыда, ауданда, ауылдың төңірегінде тұрады. Ағаларым мен әпкелерімнің барлығы да домбыра тартып, ән айтады. Десе де туған үйден алыста, Астанада жүргені де, өнер жолын қуғаны да менмін. Үйдің кенжесі болғандықтан ба, Қасым атамыз секілді ерке болып өстім. Кейде біреулер мінезің жұмсақ деп айтып жатады. Бірақ өзім бәрібір мінезімде бір қаталдықтың бар екенін байқаймын. Осы жағынан алғанда Қасым ағаға ұқсастығым бар деп ойлаймын. Бірақ Қасым атамыз соғыста өте қатал, талапшыл болғанымен, адам ретінде жүрегі жұмсақ адам екен. Жазғандарын, сұхбаттарын оқыған кезде менің көзім осыған жетті.

Театр – менің тынысым

– Қуандық, сен театр мен киноны қатар алып келе жатқан актерсің. Дегенмен қазақта «Екі кеменің құйрығын ұстаған суға кетеді» деген сөз бар. Алдағы уақытта киноға біржола бет бұрғың келмей ме?
– Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы театрда актер болып жүргеніме он жеті жылдың жүзі болды. 1998 жылдан бері осы қара шаңырақтамын. Осы уақытқа дейін талай рөлдерді сомдадым. М.Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысында» –Қобыланды, «Қарагөзінде» – Сырым, Ж.Әлмашұлының «Бәйтерек басындағы кездесуінде» – Исатай, І.Жансүгіровтің «Махамбетінде» – Махамбет; У.Шекспирдің «Ромео мен Джульеттасында» – Ромео, А.Цагареллидің «Гамарджобасында» – Князь, Е.Жуасбектің «Терең тамырларында» – Елбасының рөлін сомдадым. Театр – менің өмірім, тынысым. Шынымды айтсам, театрсыз өмірімді елестете алмайды екенмін. Сондықтан да алдағы уақытта мүлдем киноға кету жайын тіпті ойламаймын да. Ал киноға түсу туралы ұсыныс болса, бас тартпаймын. Мен үшін оның түк те қиындығы жоқ. Театр басшылары енді алдағы уақытта киноға түсетін актерлерге жеңілдік те жасамақ. Бұрын киноға түсу үшін «безсодержание» алып кететінбіз. Енді киноға түсерде театрдағы айлығымызды сақтап, жіберу жайын қарастыруда.
Рөл таңдайсың ба? Тек басты рөлде ғана ойнағысы келетін актерлер көп қой.
– Бұрын мен негізінен лирикалық рөлдерді сомдайтынмын. Кейін келе рөл таңдамайтын болдым. Комедиялық, трагедиялық рөлдердің барлығын да ойнай беремін. Тіпті, үш-ақ минуттық рөлдерім де бар. Бірақ соның өзін барымды салып, шеберлікпен сомдауға тырысамын.
Өскемендегі Қазақстан драма театрларының ХХІІІ республикалық фестивалі туралы не айтасың? Фестиваль кезінде сахналанған қойылымдар көңіліңнен шықты ма?
– Әрине, жақсы дүниелер бар. Мұндай театрлар фестивалі бізге, яғни актерлерге керек. Мұндай шаралардан біз көп нәрсе үйренеміз, көңілімізге тоқимыз. Бірақ фестивальға қатысқан театрлардың саны аздау болған секілді. Небәрі сегіз театрдың ғана өнерін тамашалауға мүмкіндік алдық. Жақсы, тың дүниелер болды. Өзіме Ш.Құсайынов атындағы Ақмола облыстық қазақ драма театры сахналаған «Алдаспан. Ж.Тәшенов» спектаклі қатты ұнады. Содан кейін Қазақ хандығының 550 жылдығына орай қойған Семейдің Абай атындағы музыкалық драма театрының «Керей Хан-Хан Жәнібек» спектаклінің тілі өте шұрайлы екен. Маған ұнады. Сондай-ақ, Семейдегі Ф.Достоевский театрының Анна Батуринаның «Фронтовичка» қойылымын ерекше атағым келеді. Бір таңғалғаным, аталған пьесаны соғысты көрмеген, жиырмадан енді ғана асқан жас драматург қыз жазыпты.
Жалпы, көңіліңде осыны ойнасам деп армандап жүрген рөлдерің бар ма?
– «Генерал болуды армандамаған солдат солдат емес» дегендей, әр актер Гамлетті ойнағысы келеді ғой. Мен соңғы ханымыз Кенесары туралы кино түсірсе, соның бейнесін сомдасам деп армандаймын. Жалпы, режиссерлеріміз қазіргі біздің жастығымызды, әдемілігімізді, бір сөзбен айтсақ, мүмкіндігімізді пайдаланып қалса ғой деп ойлаймын. Жас болғанда да сол қырыққа таяп қалдық қой. Нағыз қамал алатын жастамыз. Осы орайда драматургтерімізден жақсы шығармалар күтетініміз рас. Жазам десе тақырып дегеніңіз көп қой. Әсіресе, Алашорда арыстары туралы жақсы дүниелер туса, қандай ғажап болар еді. Бірақ бұл тақырып әлі де жабық күйінде қалуда.

Сұхбаттасқан – Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button