Қоғам

Қуандық пен Әнуарға зор үміт артамыз

Қуандық пен Әнуарға зор үміт артамыз


Үржарда болашағынан көп үміт күттіретін спортшы жастар аз емес. Соңғы жылдары байрақты бәсекелердегі айтулы жетістіктерімен жерлестерін қуантып жүрген осындай ұлдарымыздың ішінде Әнуар Жұмагелдин мен Қуандық Стамполов та бар.

Бір қызығы, Әнуар да, Қуандық та күрес әліппесін ауылда, жергілікті бапкер Асқарбек Тастамбековтен үйренген. Шәкірттерінің қарым-қабілетін алғашқы жаттығуларынан-ақ байқаған білікті бапкер оларға шеберліктерін шыңдай түсу керектігін айтып, арнайы спорт мектептеріне баруға ақыл-кеңес береді, артынша екеуінің қалаға аттануына көмектеседі. Содан жас балуандардың бірі Өскеменге, екіншісі Семейге жол тартады.

Араға көп уақыт салмай Әнуар мен Қуандық бапкер үмітін ақтай бастады. Әуелі аудандық және облыстық жарыстарда топ жарған жас балуандар артынша республикалық, тіпті, халықаралық сайыстарда олжа салып, алтыннан алқа тағынады.

Мәселен, Қуандық Стамполов 2017 жылы Тараз қаласында өткен самбодан жастар арасындағы ел біріншілігінде жеңімпаз атанып, осы күзде жалауын желбірететін Әлем чемпионатына жолдама алды. Одан соң Алматы қаласында ұйымдастырылған жастар арасындағы Азия кубогының жүлдегері атанды.
Әнуар – дзюдо күресінен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының екі мәрте жеңімпазы. Ресейде өткен «Сібір жұлдыздары» халықаралық жарысында алтыннан алқа таққан спортшы. Ол Өзбекстанның Шыршық қаласында Азия кубогі үшін өткен сайыста бірінші орын алып, көк Туымызды биікте желбіретіп, еліміздің Әнұранын шырқатты. Осы жарыстың қорытындысы бойынша Әнуар Жұмагелдин Тайландта өтетін Азия біріншілігіне жолдама алды.
Байрақты бәсекелерде жүлдеге қол жеткізіп, тұғыр биігінен көрінген осындай балуандар – біз үшін зор мақтаныш. Біз, Әнуар мен Қуандықтың ауылдастары, жігіттеріміздің татами төрінде әлі талай рет атой саларына сенеміз.

Балуандардың бапкері Асқарбек Тастамбековке шәкірттеріңіз биік белестерді бағындыра берсін, ал өзіңіз олжа салар балғын балуандар даярлай беріңіз демекпіз. Мақала жазылуы барысында қуанышты хабар естідік. «Семей» спорт академиясының алғашқы түлектерінің бірі – жерлесіміз Қуандық Стамполов Ташкентте өткен самбодан жастар арасындағы Азия чемпионатында алтыннан алқа тағынып, өзінің мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Марат Ботаханов
Бақты ауылы,
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button