Ағымнан жарылсам

Уақыт шіркін, шапқан аттай, ескен желдей…

Мұндай қорытындыға бүкіл қаламгерлік ғұмырын өзі өскен өңірінің гүлденуі мен өркендеуіне арнап, бір басылымда тапжылмай қырық жыл еселі еңбек етіп, бүгінде сол «Дидарының» ең үлкен дидарлы ақсақалына айналып отырған ізгі жанның өмір сапарына ойша шолу жасағанымызда келдік. Есімі елімізге кеңінен танымал, қарымды қаламгер Мұрат аға Әміренов сексен жастың сеңгіріне шығып отыр.

Қарапайымдылығын жыр ғып айтады

Мұрат ағамен бірге қызмет еткен әріптестері, өмірдегі сыйлас, аралас замандастарының қай-қайсысы болмасын бірінші кезекте оның қарапайымдылығын жыр ғып айтады. Оны газетке алғаш араласқан 2003 жылдары өзіміз де байқадық. Ағамыз үлкен қара сөмкесін қолтықтап, дәлізді бойлап, ойға шомып кабинетіне кіріп бара жатады. Кіреді де бірден «советский» жасыл жазу машинкасын дырылдатып іске қосады. Ойы өткір, қаламы жүйрік ағамыз мақаласын да шапшаң жазады. Ал ертеңінде газетке басылған мақаласын оқырмандарды қойып, ұжымдағы әріптестерінің өзі де таласа-тамсана оқып, лайықты бағасын беріп жатады. Оған кеуде соғып, бәлсінетін тағы ағамыз жоқ, «а, солай екен ғой» дейді де қара сөмкесін қолтықтап алып, келесі тапсырмаға асықпай, аяңдап кетіп бара жатады.

Мұрат ағаның сексен жылдығына арнап материал жазу ойымызда барын аңғартып, ағаға хабарластық. Редакцияға кездесуге шақырдық. Алайда аға үйінде кең отырып, әңгіме шертуді жөн көрді. Айтқан күні, айтылған сағатта  пәтерінің қоңырауын бастық. Үш бөлмелі жаңа да кең үйде Әлия апай екеуі ғана екен, алыстан құдды бір ұлдары келгендей қарсы алды.

Құжаттарды парақтап отырсақ, ағамыздың өмірбаяны да қарапайым екен. Мұрат Құрмантайұлы 1939 жылдың қарашасында Ұлан ауданында Бозанбай ауылында дүниеге келіпті. 1957 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатты бітіреді. Орта білім алған соң Ұлан аудандық мәдениет бөлімінде үш жылдай автоклуб жүргізушісі әрі киномеханик болып істейді. Шаруада шыңдалған алғыр жас 1961 жылы ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түседі.

Алайда екінші курста әскери кафедра жабылып қалғандықтан, курстасы Дүйсен Жүнісов екеуі әскерге шақырылады. Артынан бірге оқыған Әміролла мен Әділ де аттанады. Содан үш жыл әскер қатарында Ташкентте азаматтық борыштарын өтеген соң, бәрі де Алматыға қайта оралып, үзілген оқуларын жалғастырады.

Бұл кезде кейін танымал жазушы болған Дулат Исабеков, әйгілі диктор Сауық Жақанова, балалар ақыны Ескен Елубаев бастаған алғашқы курстастары оқуларын тамамдап жатқан болатын. Ал бұлар болса, екінші курсты қайта жалғап, университетті 1969 жылы аяқтап, дипломын алады. Сол жылы елге оралып, Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (қазіргі «Дидар») газетіне орналасады. Алғашында орын болмай, үш ай кезекші (вахтер) болып істейді. Осы ұжымда үзбей 40 жыл еңбек етіп, 2006 жылы бөлім редакторлығынан құрметті зейнет демалысына шығады.

Ленинді құлатып, Қасымның атын бергізген

 Ал керісінше, тілші ретінде ұлттық мәселелерді көтеруде, тілге, мәдениетке қатысты дүниелерді, қоғамдағы келеңсіз жайттарды, кетеуі кеткен шаруашылықты сынауға келгенде Мұрат ағаны танымай қаласыз. Қаламын қару, намысын жалау етіп, алдыңғылардың қатарында атойлап шығады. Бірақ әділдіктен  ешқашан да  аттаған емес. Бұл бала кезден әке өсиетімен, баба қанымен сүйегіне біткен қасиет.

Мәселен, 2002 жылға дейін облыс орталығындағы орталық алаңда қасқайып тұрған күн көсемнің орнынан алынуына да, Өскеменнің іргесіндегі Ұлан ауданының орталығы Молодежное кентіне даңқты партизан Қасым Қайсеновтің есімінің берілуіне де бірден бір себепкер болған  Мұрат аға екенін біреу білсе, біреу біле бермейді.

– «Күн көсем қашанға дейін тұрады?» деген шағын мақаламды «Егеменге» жолдап кеп жібердім. Бас газеттің бірінші бетінде жарияланды. Арада екі-үш күн өткенде әлгі атамыз көзден ғайып болды. Ендігі бір бітіре алмай жүрген шаруам, Қасым Қайсенов атамыз ескерткішінің қаладағы жанар-жағармай бекетінің қасында мұңайып тұрғаны. Біріншіден, ескерткіш атамызға ұқсамайды, мұны Ғаббас Қабышев та жазған, менде жаздым кезінде. Екіншіден, жанында түнгі клуб, кеңселер қаптап тұр, орны тым қолайсыз. Соны қасындағы Жастар саябағының орталығына қондырсақ, арманым болмас еді, бұл туралы «Дидарға» да, «Жас Алашқа» да шықты, әзір нәтиже болмай тұр, – деген Мұрат аға даңқты партизанның туған жеріне келген әр сапарында онымен бірге жүрген, інісі ретінде дербес тапсырмаларын да талай орындағанын ерекше сағынышпен еске алды.

Мұрат аға жайлы бірге істеген әріптестері де үлкен ілтипатпен, зор құрметпен лебіз білдірген-ді.

– Шығыста ол бармаған, ол жазбаған мамандық иесі кемде-кем. Тегінде Мұрат Әміренов не жазса да, көрген-білгенін оқырман көкейіне қонымды етіп,  қиюын тауып, қисынын келтіре жазу шеберлігі шыңдалған тілші. Түйткілді мәселенің түйінін дөп басудағы көрегендік, байқағыштық қасиеттері  кейінгі жастарға үлгі боларлық қасиет дер едім. Тілшілік тәжірибесінде лепірме сөзді, көлем қууды қаламайтын, қысқа да нұсқа жазудың майталманы осы ағаларың, – дейді онымен көп жыл бірге қызмет еткен әріптесі, ардагер журналист Ғалия Омарханова.

– Мұрат Құрмантайұлының бүгінгі жұмысты ертеңге қалдырмайтын ерен еңбекқорлығын ерекше атар едім. Жас озған сайын шау тартудың орнына өршелене өрге шабар хас жүйріктің мінезін сан мәрте танытты. Ұзақ жыл бірге істегенде байқағаным, оның пікірімен санаспайтын жан жоқ болатын,– дейді Қазақстан Журналистер одағы облыстық филиалының директоры, «Дидарды» ұзақ жыл басқарған Жұмәділ Әділбаев.

Марапаттан кенде емес

Мұрат ағаның журналистік жолдағы ұзақ жылғы еңбегі уақытында ескеріліп, лайықты бағаланды да. Кеңестік заманда, 1985 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталды. Әскерде жүргенінде «Ұлы Жеңістің 25 жылдығы» медалін кеудесіне тақты.  2010 жылы «Қазақстанның Құрметті журналисі» атанды. 2006 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді. Бұдан бөлек «Еңбек ардагері», «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы», «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» медальдарының иегері. Екі мәрте Қазақстан Журналистер одағының съезіне делегат болып қатысты. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бірінші құрылтайына облыс делегациясы сапында қатысып қайтты. 1987 жылы экономика тақырыбына жазып жүрген журналистердің Мәскеуде өткен Бүкілодақтық семинарына Қазақстаннан барған он журналистің бірі болып қатысу абыройына ие болды. Жазушы Павел Бажов атындағы сыйлықтың лауреаты. Есімі Шығыстың өткендегі және бүгінгі кездегі танымал тұлғаларымен бірге «Шығыс Қазақстан облысының энциклопедиясына» енді. Алайда бұларды да ағаның өзінен емес, сарғайған құжаттарды адақтап отырып, білдік. Бұл да бағана айтқан шектен тыс қарапайымдылығының «арқасында» шығар. Енді осылардың қатарын Ұлан ауданының, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атақтары толықтырып тұрса, тіптен жарасып кетер еді.

Қаламгер аға зейнетке шыққан соң да осымен болдым демеді. Баспасөздегі көп жылғы еңбегінің жемісі ретінде оқырмандарға «Жүрек сыры», «Жылдар. Адамдар. Тағдырлар», «Өмір өрнектері» кітаптарын тарту етті. Очерктері мен публицистикалық мақалалары бірнеше республикалық жинақтарға енді. Өзінің «Дидарымен» әлі де тығыз байланысын үзбей, сүбелі дүниелерін жолдап тұрады. Облыстық, қалалық ардагерлер, ақсақалдар кеңестерінің мүшесі ретінде өңірдің қоғамдық-саяси өмірінің бел ортасында  жүр.

Тағы бір кітап тарту етпек

– Отбасында бақыттымын деп айтуға толық хақым бар. Зайыбым Әлия Әменқызы Алматы медицина институтының 1970 жылғы түлегі. Қырық жыл осы Өскемендегі №1 қалалық ауруханада терапевт дәрігер болып істеді. Қызым Құралайдың мамандығы экономист. Жолдасы Тірек – заңгер. Салауат, Әдемі, Аңсар есімді немерелерім бар. Біздің ендігі тірлігіміз, сол немерелер мен шөберелерді бағу емес пе? Біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кешіп келеміз. Өмірге өкпем жоқ. Ең алғаш журналистикаға келуіме ықпал еткен мектепте қазақ тілінен сабақ берген Зарықбай Ыбыраев, Раушан Сүлейменова сынды ұстаздарым болды. Бойдағы жылт еткен жалынды байқаса керек. Ал штатта орын болмаса да, амалын тауып редакцияға жұмысқа алған Мұқан Әбуғалиев ағамыз болатын, – дейді Мұрат аға.

Дегенмен де, кезінде бірге оқыған Әділ досының бірнеше мәрте «Егемен Қазақстан» газетіне қызметке шақырғанда белгілі себептермен бара алмағанын кейде есіне алып та қояды.

– Бұл газетте қызмет істеу аймақта жүрген әр тілшінің арманы ғой. Әділ досым басшылығымен келісіп, мені сырттай таныстырып, келісіп қойыпты. Бұл тоқсаныншы жылдардың басы-тұғын. Облыстық газет басшылығы тарапынан маған артылған үлкен сенім мен жауапкершіліктен аттап кете алмадым. Осындай мүмкіндік туып тұрған кезде үлкен шығармашылық ортаға жете алмай қалғаным өмірдегі бір өкінішім болды. Сондағы жанашыр досымның маған кейігені әлі есімде. Дегенмен Шығыста да атақ-абырой жағынан ешкімнен кем болмадым. Біздің заманда алдымызда ормандай қалың ағалар болды, Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлер, қаламы қарымды жазушылар қызмет етті. Солармен иықтаса бірге еңбек еттік. Қарап отырсам, қазір бірі жоқ, қатарластардың өзі жоқ. Қазіргі «Дидардың» ең үлкені мен болып қалыппын. Осы күнге жеткізген «Дидарымнан» әлі күнге қол үзбедім, үйге жаздырып аламын. Бүгінгі жастардың жазғанын саралап оқып тұрамын, – дейді қарт қаламгер.

Бүгінде сексеннің табалдырығына табаны тиіп тұрса да санасы сергек, еңсесі тік. Ормандай оқырманына тағы бір кітап тарту етпек ойы бар. Өмір бойы көлік жүргізіп келе жатқан ағамыз, кейінгі жылдары шетелдік көліктердің бірінен соң бірін таңдап жүріп теуіп жүр. Ана жылы «тайотаның» каринасын, одан соң камриін тақымдап жүрсе, енді ауласында сүліктей болып «лексус» тұр екен қаңтарылып. Әйтсе де, ағамыз соңғы уақытта кітап оқып, қағазға шүйлігуді біршама азайтыпты, көбінде жаяу жүруді әдетке айналдырған. Бұл дәрігерлердің кеңесі екенін айтады. Сексенге келгенде селкілдеп отырмай, серілерше «лексус» теуіп жүрсең, арман бар ма. Әдемі қартаюдың өзі осы шығар.

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button