ТӘЖІРИБЕ АЛУҒА КЕЛГЕН ЖАСҚА АУЛА СЫПЫРТЫП ҚОЙЫПТЫ
Елімізде Президенттің тікелей тапсырмасымен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Жұмыссызға жұмыс тауып беруге, кәсіпкерлікпен айналысуына, оқу орнын жаңадан бітірген жас мамандардың тәжірибе алуына, мамандығы жоққа білім беруге көмектесуге бағытталған жан-жақты бағдарламаның игілігін көріп жатқандар көбейіп келеді. Елге осындай шараның шапағаты тисін деп бағдарламаның әр бағыты бойынша жұмыссыздарға жасалып отырған тиімді ұсыныстар, көмек, қолдаулар жайлы да жиі жазылып жатыр.
ТАЛАПТАНБАЙ ТІРЛІК ЖОҚ
Жоғарыдағы бағдарламаның «Жастар іс-тәжірибесі» бағыты оқу орындарын бітіріп шыққан 29 жасқа дейінгі жастардың мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауына жағдай жасауды көздейді. Жұмыссыз жастар жергілікті жерлердегі жұмыспен қамту орталықтары арқылы кәсіпорындар мен мекемелерге, мемлекеттік ұйымдарға барып, жарты жыл бойы тәжірибе жинақтайды және олардың әрқайсынасол жерден белгілі бір кәсіп, мамандық бойынша тәжірибе алып, жұмыс істеуі үшін мемлекеттен 60 мың теңге көлемінде жалақы бөлініп отыр. Жастарға көрсетіліп отырған осы қолдау жайлы кеңінен жазу мақсатында Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарынан, осы орталық арқылы қаладағы байланыс қызметі кәсіпорнына тәжірибе жинақтауға жіберілген жас маманның телефон нөмірін алып, хабарластым.
Маған телефоннан: «Көктен іздегенім, жерден табылды ғой, қоңырау соққаныңыз мұндай жақсы болар ма, жұмыс тауып беруге көмектесіңізші, апай!» деген жігіттің сөзін бөлмей, айтқанын аяғына дейін тыңдадым. Жастар іс-тәжірибесімен мемлекеттік мекемеге алты айлық тәжірибе алуға жіберілген жігіт ол жерге бара салысымен бірден қара жұмысқа жегіліпті.
– Мен ол жұмысқа электр монтері мамандығы бойынша тәжірибе жинап, теория жүзінде оқығанымды практикамен ұштастырып, көп нәрсені үйреніп алатын болдым деп қуана келген едім. Бірақ мені келе салысымен қара жұмысқа салып қойды. Күн сайын барып кел, шауып келдің жұмысын істеумен болдым. Ең аяғы шаң сүрту, аула сыпыру, жиһаз тасу сияқты жұмыстарды да істеуіме тура келді. Қолыма жұғып қалмайды ғой әрине, алғашында бәрін де істей бердім. Апта артынан апта өтіп жатқан соң, бірде басшылықтағылардың біріне желі бойына шығып, тәжірибе жинақтасам деген өтінішімді айтып, оған әзірге шыға алмайтыным туралы қысқа жауапты естігенде, үмітім мүлде үзілді. Содан кейін амалсыздан кетуіме тура келді, қазір жұмыссыз жүрмін, көмектесіңізші, – деді тәжірибеден өтуге жіберілген Е есімді жігіт.
Мемлекеттен жас мамандарға тәжірибе берсін деп бөлініп отырған қыруар қаржы, ел қазынасынан жастардың тәжірибе алуы үшін төленіп жатқан миллиардтаған қаражат сонда жұмыс берушілердің оны-мұны шаруасын атқаруға, ауласын сыпыруға кетіп жатыр ма?! Меселі қайтып, үнжырғасы түсіп кеткен жас аты-жөнін жазбауды өтініп, тәжірибеден өтуге барған өзінің таныстарының бірі де алты айды әйтеуір жалақы алу үшін «әупірімдеп» жүріп өткізгенін айтты. Айтты не, айтпады не, жастар іс-тәжірибесіне барғандардың кейбірінің басынан осындай жағдай өтіп жатыр. Тәжірибе жинақтауға барып «қағаз басып отырдым, мекеменің көлік жүргізушісінің қасында жүрдім» деген сөздерді де естіп жүрміз. Сонда жұмыс беруші мемлекеттік бағдарламаның мақсатын, келген маманның алдындағы өзінің жауапкершілігін түсінбегені ме?
– Жастардың өзінен де бар. Сіз айтып отырған тәжірибеден өтуге барған жасқа өзіміз телефон соғып, үнемі хабарласып, қайтадан бізге келуін өтінгенімізбен, ол жігіт мүлде келмей қойды. Жұмыс беруші өз міндетін орындамаса орындамаған шығар, бірақ біз оған әрі қарай жұмысқа тұруына көмектесетінімізді айттық. Өзі жұмыс тауып алғанын айтып, құлықсыздық танытты. Осы уақытқа дейін жастардың іс-тәжірибеден қалай өтіп жатқанына қадағалау жүргізген жоқпыз, біздің ережеде ондай міндеттер жазылмаған. Жақында бізге қадағалау, мониторинг жүргізу туралы өзгеріс енгізілді, енді қадағалауға аламыз. Біз қашан да жұмыссыз жүрген жастарға қолдау көрсетіп, жұмысқа тұруына көмектесіп келеміз. Бірақ жастардың көпшілігі енжар, қиналғысы келмейді, ақшасы көп жұмыс іздейді, кейбірін «кел, ана жерге бар, мына жерге бар, мынандай жұмыс бар» деп әрең шақырып аламыз тіпті. Жастар талаптануы керек қой, істейін, үйренейін, біліп алайын деп тырмысып, талаптанбағанға тірлік жоқ, – дейді осы орталықта жұмыс істеп жатқан мамандардың біразы жастар іс-тәжірибесі арқылы жұмыс істеп, тұрақты жұмысқа алынған қыз, жігіттер екенін айтқан Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары Зайра Жарылғасинова.
ТҮЛЕКТЕРІ ЖҰМЫСҚА ТҰРМАСА, ЛИЦЕНЗИЯСЫЗ ҚАЛМАҚ
Германияда оқу орны өз түлектерінің 70 пайызын жұмыспен қамтамасыз етпесе, бюджеттік қаржыландырудан қағылатын көрінеді. Бүкіл әлемде қабылданғандай, енді бізде де түлектердің нақты еңбекпен қамтылу көрсеткіші еліміздегі жоғары оқу орындарының жұмысын бағалау өлшемінің бірі болмақ. Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев өткендегі тамыз конференциясында Президенттің 2018 жылы грантты екі есеге көбейту туралы шешімін түсіндіре келе енді ЖОО-ларға қатысты талаптың қатаң болатынын, түлектері жұмысқа тұра алмағандардан лицензиясы қайтарылып алынатынын айтты.
Егер оқу орындарының лицензиясы түлектердің жұмысқа тұру көрсеткішіне, соның ішінде жұмысқа мамандығы бойынша тұруы көрсеткішіне қарай қалдырылатын болса, орта және жоғары оқу орындарының тең жартысы жұмысын тоқтатары даусыз. Өйткені сарылып жұмыс іздеп жүрген жастардың басым бөлігі дипломы барлар.
Жылдан-жылға жоғалып бара жатқан ауылдарымыздан жұмыс іздеп қалаға көшіп келіп жатқан тұрғындар, жастар көп. Қалаға келген олар қандай кәсіппен шұғылданбақ, шұғылданып жатыр? Ауылдан келгендердің ішінде тұрақты тіркеусіз пәтер жалдап жүргендері қаншама. Мұндай жұмыссыздардың жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, бағдарламаға қатысуы үшін уақытша тіркеу жарамды ма?
Зайра Жарылғасинова, Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы басшысының орынбасары:
– Қазір 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында қалада тұрақты тіркелген жұмыссыздарға, жастарға, өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұрғындарға тұрақты және уақытша жұмыс тауып беруге, қысқа мерзімдік оқу оқуға үлкен мүмкіндік бар. Орталыққа келіп тіркелген жұмыссыздарға көмек көрсетілмей қалған емес. Жұмыссыздардың бір бөлігі кәсіби оқуға жіберілуде. Олар тегін оқиды, ай сайын 16 759 теңге шәкіртақы алады. Ең бастысы, оқуды бітірген соң оқу орталығы мен жұмыспен қамту орталығы оларды жұмысқа орналастырады. Жыл басынан бері 309 адам автокөлік жөндеуші, есепші, кондитер, аспаз, кран машинисі, электрик сияқты мамандықтарды қысқа мерзімде оқып, меңгеруге жіберілді.
Жыл басынан бері бағдарламамен қала бойынша 8067 жұмыссыз қамтылып, соның 7327-сі (жастар іс-тәжірибесі, уақытша жұмыстарды қоса алғанда) жұмысқа орналастырылған.
2018 жылдың қаңтарынан бастап жұмыспен қамту орталығы электронды «Еңбек биржасы» жүйесіне көшкен. «Еңбек биржасынан» жұмыссыздар орталыққа келмей-ақ интернеттен өз мамандықтарына сай келетін жұмыстарды іздей алады. Оған күн сайын облыс орталығындағы, аудандар мен ауылдық округтердегі қажетті жұмыс орындары туралы мәліметтер енгізіліп отыр. Сондықтан жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, ауылдан келген жастар жұмысты өз бетімен іздемей, электронды «Еңбек биржасын» қарап, қарекет жасап, жұмыспен қамту орталықтарына баруы керек.
Жанаргүл Мұқатай