Тығырыққа тірелген түлектерге орталықтар көмектеседі
![Тығырыққа тірелген түлектерге орталықтар көмектеседі Тығырыққа тірелген түлектерге орталықтар көмектеседі](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526527757_img-20180514-wa0000-kz.jpg)
Оқу орнын бітіріп шыққан соң, «қай жерге барып тұрам?» деп басы қатып, шарқ ұрып жұмыс іздейтін жастар бұдан былай өз қиындығымен бетпе-бет қалмайтын болды. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылға арналған бағдарламасының үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге және еңбек ресурстары ұтқырлығын арттыру арқылы еңбек нарығын дамытуға арналған. Осы бағыттағы «Жастар іс-тәжірибесін ұйымдастыру» шарасы аясында оқу орындарын бітірген түлектер меңгерген мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін алып, жұмысқа орналаса алады.
Жастар іс-тәжірибесі шарасы жоғары және орта оқу орындарын бітіргеннен кейінгі 3 жыл ішінде ешқайда жұмысқа тұрмаған және 29 жастан аспаған жұмыссыз жастарға арналған.
Шынар Нұрсейтова, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы жұмыспен қамту бөлімінің басшысы:
– Бұл шара оқу орнын бітірген студенттердің тәжірибе жинауына көмектесуге, жас мамандардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады, ұзақтығы 6 айдан аспайды.
Жастар іс-тәжірибесінен өтетін оқу орны түлектеріне ай сайын мемлекеттен 25 АЕК немесе 60 мың 125 теңге көлемінде еңбекақы төленеді. Түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушыларға жалақыны қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай ішінде жүзеге асырылады.
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады. Оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмаған жас мамандар «Жастар практикасына немесе іс-тәжірибесіне» қатысу үшін халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш береді. Халықты жұмыспен қамту орталықтары жұмыссыздарға жастар практикасын өту мәселесі бойынша кеңес беріп, олар келіскен жағдайда жастар практикасына жолдама береді. Жұмыс беруші мен жастар практикасына қатысатын жұмыссыз арасында еңбек шарты жасалады.
Біздің облыста былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 1 413 жас маман іс-тәжірибеден өткен. Солардың 556-сы іс-тәжірибе жинап, жұмыс істеген мекемеге тұрақты жұмысқа алынған.
Биыл облыста жоспар бойынша 504 жас маман осы бағдарламаға қатыспақ. Осы жылдың бірінші тоқсанында 176 маман тәжірибеден өтуге жіберіліп отыр. Оқу орындарын бітіріп, жұмыс таба алмаған жас мамандар аудандардағы 19 жұмыспен қамту орталықтарына барып, жұмыссыз ретінде тіркеліп, жастар іс-тәжірибесінен өтулеріне болады. Мысалы, экономист мамандығы бойынша оқу бітірген студент осы жастар іс-тәжірибесі арқылы экономика басқармаларына, бөлімдеріне, кәсіпорындар мен мекемелердегі экономика, қаржы бөлімдеріне барып тәжірибе жинақтайды. Мамандар жұмыспен қамту орталықтарына тіркелетін оқу орындары түлектерінің арасында экономист, заңгер мамандары әлі де көп екенін айтады.
![Тығырыққа тірелген түлектерге орталықтар көмектеседі Тығырыққа тірелген түлектерге орталықтар көмектеседі](http://didar-gazeti.kz/uploads/posts/2018-05/1526527777_img20180510125417-1-kz.jpg)
Жұмыспен қамту орталықтарына келген барлық жұмыс іздеп жүрген жұмыссыздарға және заңға сәйкес басым құқықтарды пайдаланатын өзге адамдарға лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге қолдау, басқа да көмектер көрсетіледі. Мысалы техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру, қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастыру.
Сонымен қатар орталықтарда еңбек нарығының бірыңғай ақпараттық базасы – «Электрондық еңбек биржасы» енгізілген. «Электрондық еңбек биржасы» порталында жұмыс берушілерден, жұмыспен қамту орталықтарынан, жұмысқа орналастыру жөніндегі жеке агенттіктерден бос жұмыс орындары мен түйіндемелер орналастырылған.
Жұмыс іздеп жүргендер тікелей жұмыспен қамту орталықтарына өзі бармай-ақ, Электрондық биржаға кіріп өз түйіндемелерін тіркеуге болады. Жұмыс берушілердің ішіндегі лайықты ұсыныстарды таңдап, түйіндеме жіберуге болады. Ол үшін www. enbek.kz сайтына тіркелу қажет.
ЖАСТАР ЖОҒАРЫ БІЛІМ АЛУҒА АСЫҚ
Бүгінде елде «Өзім оқи алмасам да, балам оқысын, ұлым өзімнен озсын, біз біле алмағанды ұрпағымыз үйренсін» деп тақымын қысып отырған қай қазақ отбасының, отандастарымыздың да арман-тілегін орындайтындай үлкен мүмкіндік бар. 2017-2018 оқу жылы басындағы тіркеу бойынша облыстағы 76 колледжде және екі музыкалық училищеде 35 мың студент техникалық және кәсіптік білім алуда. Статистика департаментінің талдаулары көрсеткендей, аймақта бір жыл ішінде техникалық және кәсіптік білімі бар 11,6 мың маман даярланып шығып, соның 6,9 мыңы (түлектердің санының 59,1%) жұмысқа орналастырылған көрінеді. 784 түлек (6,7%) жоғары оқу орнында және колледжде оқуын жалғастырған. Колледж түлектерінің 17%-ға жуығы қызмет көрсету, экономика және басқару мамандықтарын игерген болса, 14%-ы білім, медицина және фармацевтика мамандығын, 10%-ы көлік пайдалану мамандығын игерген. Оқушылардың 46%-ға жуығы қазақ тілінде оқиды, сонымен бірге, қазақтардың үлесі колледж оқушыларының жалпы санының 68%-ын құрайды.
2017-2018 оқу жылы басында облыс бойынша сегіз жоғары білім беру мекемесі (университет, институт) және мекеменің дербес бөлімшелері жұмыс істеген. Студенттердің жалпы саны – 29 мың адам. Облыс статистерінің зерттеулері өткен оқу жылымен салыстырғанда облыста ЖОО студенттер саны 4,9%-ға (керісінше, облыста орта оқу орындарында оқитындар саны өткен оқу жылымен салыстырғанда 2,9%-ға кеміген) артқанын көрсетеді. Меншік түрі бойынша облыстағы төрт жоғары оқу орны мемлекеттік мекеме болып табылады, онда 19 мың студент немесе жалпы студенттер санының 65%-ы оқиды. 9,3 мыңнан астам жас мемлекеттік грантпен, 20 мыңнан астамы ақылы негізде жоғары білім алуда. Студенттердің 71%-ы күндізгі бөлімде, 17%-ы кешкі және 12%-ы сырттай бөлімде оқиды. Облыстың ЖОО-да 93-тен аса мамандық бойынша мамандар даярланып жатыр. Күндізгі бөлім студенттерінің орташа жасы – 20 жас, кешкі бөлімде – 26 жас және сырттай бөлімде – 27 жасты құрайды. Облыс бойынша ЖОО-да 27 ұлт өкілдері оқиды. ЖОО-ның оқытушыларының құрамы 2,3 мың адамнан құралған, соның ішінде 1 мың адам – жоғары дәрежелі мамандар (кандидаттар және ғылым докторлары) екен.
ОСЫ БЕТТІҢ ОСПАҒЫ
Оқытушы студенттерге:
– Бәрімізге «автомат» зачет керек дейсіңдер ме?!
– Иә, ағай
– Онда өз мамандықтарың бойынша жұмыс істемеуге уәде беріңдер маған!
Жанаргүл Мұқатай