Қоғам

Тұңғыш ұшқышқа ескерткішке лайық емес пе?!

Тұңғыш ұшқышқа ескерткішке лайық емес пе?!


Халқымыз әдебиет пен өнердегі, ғылым мен саясаттағы, тіпті қай салада болмасын, кейінгі ұрпаққа белгісіз болып, олардың ұлттық рухын ойсыратып кеткен тарихтың ақтаңдақ парақтарын бірте-бірте толықтырып, бүкіл бір ұлттың, халықтың мақтанышына айналған жарқын бейнелермен қайта қауышып жатуы, әрине, қуанарлық жайт. Деректері туыстарының естеліктерінен, Москваның, Харьковтың, Ашхабадтың архивтерінен там-тұмдап алынып, есімі бертін ғана елге таныла бастаған, құрметке лайық ірі тұлғаның бірі – қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев. «Дидар» газетінің бетінде ұшқыштың өмірі туралы толық деректер 20-30 жыл бұрын жарияланғандықтан, жас оқырмандардың білмеуі де мүмкін. Сондықтан мақаламызда ұшқыш өмірінен қысқаша деректер де келтіре отырғанымыз жөн болар.

Жақаң – өзіміздің жерлесіміз, 1907 жылғы 15 мамырда Күршім ауданының Шеңгелді ауылында шаруа отбасында туған. 16 жасынан жылқы бағып, Майқапшағай алтын өндірісінде еңбек етті. ЧОН отрядының құрамында Қытаймен шекарадағы әскери қақтығыстарда басшылық жасаған. 1928 жылы Зайсан аудандық батырақтар комитетінің төрағасы болды.

…1929 жылы жиырма екі жасқа қараған шағында Жақыпбек арыз жазып, өзі тіленіп қызыл әскерлер қатарына алынды. Сол ақпан айының он үшінші жұлдызында ол Түркіменияның Мерв қаласында орналасқан Түркістан ерекше кавалериялық бригадасының 82-полкына қызметке келеді. Осы құрамаға Жақыпбек келген жылы да ішкі, сыртқы жаулармен – басмашылармен күрес толас таппаған, дүрбелеңі мол кезең еді. Жақыпбек те осындай қиын-қыстау кезеңде қайнаған ұрыстың бел ортасында жүрді.

Басмашылардың үлкен бір тобымен қанды шайқас Хангали құдығының маңында болды. Сол жолы Жақыпбек жалғыз өзі сегіз тұтқынды негізгі отряд тұрған он шақырым жердегі Қаракунгурге айдап әкеледі. Жолда қолдарын босатып алып, қарсы шыққан үшеуін атып, өзі қолынан жараланған Жақыпбек қалған бесеуін алып келіп штабқа тапсырады. Сол жолғы жеке батылдығы мен ерлігі және Түркімен ССР-і аумағында басмашыларды жоюға қатысқаны үшін 82-кавалерия полкінің қызыл әскері Малдыбаев бағалы сыйлық – сағатпен наградталды делінген Түркімения Орталық мемлекеттік архивінен алынған құжатта (ф.1, оп.2, д.632).

Ал 1934-38 жылдары Жақыпбектің қолында тұрып оқыған інісі Әбілбек Малдыбаев өзінің бір әңгімесінде «Қызылқұм, Қарақұмдағы түркімен басмашыларына қарсы соғыста командир болып, қышлақтарды жаудан азат етудегі ерліктері үшін Жақыпбек «Еңбек Қызыл ту» (1928 жылы белгіленген) және «Қызыл жұлдыз» (1930 жылы белгіленген) ордендеріне ұсынылған. Бірақ Жоғарғы әскери командованиядан бір адам қарсы болып, бергізбей тастапты. Кейін, қайта тексере келе наградалардың берілу керектігі туралы Түркімения республикалық газеттерінде жазылған. Ол кісі сол наградалары туралы құжаттарын қайтадан реттеп жүргенде, 1938 жылы қайтыс болды» деген еді. Бәлкім иесін жоғалтқан сол награда қағаздары архивтердің бірінде жатқан да болар.
Полк мектебін бітіріп, бөлімше басқарды, взвод командирінің көмекшісі болды. Осында жүріп, 1932 жылғы наурыз айының 28-де РККА-ның кіші командирі Жақыпбек Ленин атындағы біріккен Орта Азия әскери мектебінің (кейін – Ташкент әскери училищесі) кавалерия бөлімшесінің бірден үшінші курсына қабылданып, взвод командирі дәрежесінде бітіріп шықты. (САОМА ф.25046, оп.4, 56-іс).

1931 жылғы 25 қаңтарда өткен ІХ съезінде комсомол Қызыл Армияның Әскери-Әуе күштерін өз қамқорлықтарына алады. Сонда бүкіл Одақ бойынша «Комсомол – самолетке!» деген ұран тасталады. Және сол кезден бастап ұшқыштардың жеделдетілген курстарына ең таңдаулы кіші командирлерді, комсомолецтер мен жас коммунистерді қабылдайды. 1932 жылы әскери мектепті ойдағыдай бітіріп РККА командирі атағын алған жерлесіміз Жақыпбек Малдыбаев та осы таңдауға лайық және өзінің үлкен ынтасы болғандықтан СССР революциялық Әскери Кеңесінің 1933 жылғы 1 қаңтардағы № 22 бұйрығымен ұшқыштар және ұшқыш-бақылаушылар даярлайтын 9-әскери мектепке қабылданды (қазір – Харьков әскери авиация институты).

Мен Москвадағы Совет Армиясы Орталық архивінде екі жұма жұмыс істеп, 1933 жылға дейін әскери ұшқыштар дайындаған барлық оқу орындары курсанттарының тізімін қарап, Малдыбаевтан басқа қазақ фамилиясын кездестірмегендіктен, Жақыпбектің 1933 жылдың 1 қаңтарында әскери ұшқыштар мектебінің табалдырығын қазақ жігіттерінің ішінен тұңғыш аттаған азамат екендігі күмәнсіз.

1933 жылғы 14 желтоқсандағы РККА-ның әскери-әуе күштерінің жеке құрамы жөніндегі № 0113 бұйрық бойынша 9-әскери ұшқыштар мектебін бітірген 484 адамның он тоғызына, оның ішінде Жақыпбек те бар, «Әскери ұшқыш-бақылаушы» атағы беріліп, Москвадағы РККА-ның әскери-әуе күштері жанындағы әскери арнайы қызмет мектебіне, фотоқызмет бастығының курсына қабылданады.(САОМА ф.34403, оп.2, 285-іс).

Жақыпбек бұл курсты 1934 жылғы 24 шілдеде бітіріп, Орта Азия әскери округінің Сталинабад қаласындағы Свердлов атындағы 40-ерекше авиациялық отрядына аға ұшқыш-бақылаушы (қазіргіше – аға штурман), сонымен қатар фотоқызмет бастығы болып тағайындалады.

Сол жылы күзде Жақыпбек өз өмірінде тұңғыш рет 75 күндік демалыс алып, сонау Шығыс Қазақстанның Марқакөл ауданындағы Еңбек ауылына келеді. Шағын ауыл ел үшін туған ер жігітін хан көтеріп, той жасап қарсы алады. Малдыбай шалдың қараша үйі сол кездері осы өңірдегі қарапайым шаруа қуған қазақтар үшін бүкіл әлемнің кіндігіне айналып, мәре-сәре болады.

…Архив құжаттарында Жақыпбек Малдыбаевтың Москвадағы Жуковский атындағы Әскери-әуе академиясында оқығандығы туралы деректер де бар екен.
1938 жылғы 14 қаңтардағы 6754 әскери бөлімнің командирі капитан Леонтьевтің қолымен жазылған № 10 бұйрықта «Звено штурманы, лейтенант Я.Малдыбаев (әскери бөлімдегі жолдастары Жақыпбекті Якуб деп атайды екен) Москва қаласындағы Жуковский атындағы әскери-әуе академиясынан – штурмандық бөлімнен келді деп есептелсін» деп жазылған. (ф.35861оп.1, 30 іс.)

Тұңғыш ұшқышқа ескерткішке лайық емес пе?!

Іссапар ретінде беріліп тұрған бұл бұйрықтарға қарағанда Жақыпбек академияны сырттай оқып бітірген.

Әбілбек ағаның айтуына қарағанда Жақыпбек Малдыбаев интернационалдық борышын атқарып, Хасан көлінің соғысына да, Испания соғысына да қатысқан. Алайда Испания соғысы туралы деректерді алу үшін Генштабтың арнайы рұқсаты және өзің туралы оншақты жерден құжаттар қажет болғандықтан, ол құжаттарға қол жетпеді.

– Жәкең сол Испаниядан келе жатып, Ташкент маңында самолет апатынан опат болды, – дейді Әбілбек. – Ол жайында маған ағамен бірге қызметтес болған бір командир айтып еді. Аға туралы қайғылы хабарды бізге естірткен де сол кісі болатын. Жерлеуге Зайсаннан ағасы Омар, Сталинабадтан Юлия жеңгей екеуіміз бардық. Өзі қатал болса да әділ, көпшіл адам еді, қоштасуға жолдастары көп жиналды. Оркестрмен, салютпен қастерлеп әскери аэродромның ішінде жерледі. Басына қысқаша өмір жолы жазылған, темір құлпытас орнатты. Құлпытастың ұшына, токты қосқанда айналып тұратын ұшып бара жатқан самолеттің моделі орнатылыпты.

Әрине, халқымыздың тұңғыш ұшқышы, аққан жұлдыздай жарқ ете қалып, небәрі 31 жасында опат болған аға лейтенант Жақыпбек Малдыбаевтың өмір жолы әлі де болса толықтыруды, іздестіруді қажет етеді.

***
Харьков авиация институтының музейімен бертінге дейін хат жазысып тұрдым. Отставкадағы полковник, ұшқыш, музейдің кейінгі директоры Лев Васильевич Бобейко «Өзіңізге айтқандай, сіз жіберген қазақтың бірінші ұшқышы, біздің институттың түлегі Малдыбаев жайында материалдар мен суретті институттың соғысқа дейінгі залына орналастырдық… Қандай тамаша десеңізші, келген адамдар әскери ұшқыштықты игерген тұңғыш қазақтың ерлік өмірбаянымен танысатын болады. Және Қазақстанның осы қыран қанат ұлына көгілдір аспанға жолдаманы біздің 9-мектептің, қазіргі Харьков ұшқыштар институтының бергенін мақтан етеміз. Бізге жолдаған материалдарыңызға қарағанда Сіз өз халқыңыздың үлкен патриоты болуыңыз керек, көп-көп рақмет!..» – деп училище тарихы жайында «Крылатые годы» атты кітабын, төсбелгілер салып жіберген екен өзінің соңғы бір хатында.

Шет ел, шет жерде азаматымызды осылайша ардақтап жатқанда өзіміздің елде қалайша танылмайды деген оймен ұшқыш ағамыздың суреті мен қысқаша өмірбаянын «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясына да жолдаған едік. Орысша энциклопедияның 3-томында, қазақшасының 6-томында жарық көрді. Жақаңның 90 жылдығы Зайсан өңірінде ойдағыдай атап өтіліп, Зайсанда көшенің аты беріліп, туған ауылы Шеңгелдіде мектептің аты берілген еді. Ұшқыштың 100 жылдығы қарсаңында облыс орталығы Өскеменде де Жақыпбек Малдыбаев көшесі пайда болды, ол көшенің басына Малдыбаевтар әулеті ескерткіш-құлпытас орнатты.

Ұшқыштың 110 жылдығы былтыр 17 мамырда облыстық Пушкин атындағы кітапханада қарапайым ғана атап өтілді. Сол жиынға қатысқан көпшілік қауымның атынан сол кезде Өскемен қаласы әкімінің міндетін атқарушы А.Искаковқа облыс орталығында ұшқыш жерлесіміздің еңселі бір ескерткіші орнатылса деген мазмұнда хат жазған едік. Одан билік ауысқан соң, жаңадан тағайындалған қала әкімі М.Тұмабаевқа да осы мазмұнды жазған хатымызға орынбасары О.Булавкинадан «…2018 жылдың бюджетінде ескерткіш орнатуға қаражат қарастырылмаған» деген жауап алдық. Оны алдын ала мәселе етіп, бюджеттік жоспарға енгізбесе, қаражат қалай бөлінеді. Тіпті, Өскемен қаласының 300 жылдық жұмыс жоспарына енгізіп, еліміз мақтан етердей бір еңселі ескерткіш-мүсін орнатылса, ол қалаға да көрік беріп, жерлестеріміз де бір көтеріліп қалар еді.

Айтмұхамбет Қасымов,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ж.Малдыбаев өмірін зерттеуші.

Осы айдарда

Back to top button