Руханият

Тұңғыш рет «Түркі мұрасы» дирижерлер фестивалі өтті

Тұңғыш рет «Түркі мұрасы» дирижерлер фестивалі  өтті

Семейде Әміре Қашаубаев атындағы облыстық мемлекеттік филармониясының 70 жылдық мерейтойы аясында 1-ші халықаралық «Түркі мұрасы» дирижерлер фестивалі өтіп, «Әміре ауылы» деректі фильмінің тұсауы кесілді. Сондай-ақ, Абай атындағы театрда салтанатты жиын өтіп, соңы гала-концертке ұласты. Салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.
Қалалық мәдениет сарайында өткен баспасөз мәслихатында Әміре Қашаубаев атындағы филармонияның директоры Адай Азаматов өнер ұжымының биылғы іс-сапарлары туралы журналистерге әңгімелеп берді. Оның айтуынша, филармонияға қарасты «Кербез» фольклорлық ансамблі Францияда өткен әлем елдерінің «Мәдениет және Дәстүр» атты халықаралық фестивалінде өнер көрсетіп қайтқан екен. Осыдан 90 жыл бұрын қазақтың саңлақ әншісі Әміре Қашаубаев Парижде өткен дүниежүзілік көрмеде этнографиялық концертке қатысып, тыңдаушыларын тәнті қылған болатын. Ұлы өнер иесі атындағы филармония 70 жылдық мерейтойы қарсаңында осы дәстүрді жалғастырып, 140 жыл өтіп келе жатқан фестивальге қатысып қайтыпты.
Баспасөз мәслихатынан кейін жиналған қауым Әміре Қашаубаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Әміре ауылы» деректі фильмін тамашалады. Бұдан соң мереке Абай атындағы театрда жалғасын тапты.
– Бұл – Қазақстанда ғана емес, күллі Орта Азияда тұңғыш рет қолға алынып отырған шара. Сондықтан да Абай елі, Семей жері мәдениет пен әдебиеттің қайнар көзі екендігін тағы бір көрсетті. Бұндай шаралар екі жылда бір рет өткізілсе артықтық етпейді. Барлық дирижерлерге шығармашылық табыс тілеймін, -деді салтанатты жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары.
Жиын барысында бірқатар өнер адамдары «Мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін» мерекелік медальдармен марапатталды.
Жалпы, еліміз бойынша тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған өнер мерекесіне өз еліміздің ғана өнер тарландары емес, Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты алыс-жақын шет мемлекеттерден келген осы саланың үздіктері қатысты. Атап айтқанда, Қытай елінен келген Бөрдібай Смағұл, моңғолиялық Мұрат Қапезұлы, ресейлік Владимир Кончев, астаналық Қарасай Сайжанов, алматылық Жанас Бектұров, ақтөбелік Дәурен Ғылымов, шығысқазақстандық Арай Ахмеджанова сынды дирижерлердің өнеріне халық дән риза болды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button