Тұңғыш рет классикалық өнер фестивалі өтеді

Кеше аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ төрағалығымен облыс әкімдігінің мәжілісі өтті. Күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралып, өзге де сұрақтар бойынша тиісті сала басшылары мен әкімдерге бірқатар тапсырмалар берілді.
Баға – бақылауда
Әуелі облыс басшысы елдегі макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты баға саясатын бақылауда ұстаудың тетіктерін нұсқады.
– Бізде бірінші кезекте қажетті тұрмыстық тауарлар тізбесіне кіретін 33 аталым бар. Осы тауарлардың ешбірінің бағасы өспеуі керек. 2015-2016 жылғы маусымға деп 600 млн теңгеге 10 мың тонна көкөніс сатып алдық. Облыс орталығы мен Семей қаласында апта сайынғы жәрмеңкелер жалғаса беретін болады. Осы шаралар арқылы біз бағаның күрт өсуіне жол бермей, бақылап тұруымыз қажет. Ол үшін барлық мүмкіндіктер бар, – деген өңір басшысы ірі қалаларды абаттандыру бойынша қолға алынған жобаларды аяғына дейін жеткізу қажеттігіне де тоқталды. Семей қаласында Ертістің жағалауын абаттандыру, сондағы субұрқақтың қасбетін көрнекі қалыпқа келтіру, орталық алаңда жарық-музыкалық субұрқақ орнату, көшелерді асфальттау жұмыстарына бөлінген қаржы тиімді әрі дер кезінде игерілуі тиіс.
Облыс орталығында да Ертістің Славский атындағы жағалауын абаттандыру жұмысын жыл соңына дейін аяқтау тапсырылды. Ұлы Отан соғысына арналған ескерткішті абаттандыру бойынша жаңа жоспар дайындау да қала басшылығы биыл атқаратын шаруаның бірі. Ал жағалау бойынша ескерткіштен бастап Үлбі көпіріне дейінгі аралықты абаттандыру, Славский көшесін кезең-кезеңмен кеңейту, Комендант өзенінің айналасын толық көріктендіру келер жылы аяқталуы тиіс.
Екі қаладағы бейберекет көше саудасын тыю үшін азық-түлік саудалайтын кешен салу бойынша нақты ұсыныс дайындау қажеттігі айтылып, екі ай мерзім берілді. Сондай-ақ, Өскемен қаласының әкіміне бірінші қыркүйектен бастап Ертістің сол жағалауындағы этносаябаққа кіру қызметін ақысыз қылу тапсырылды.
Өскеменде
Облыс әкімі қыркүйектің 10-ы күні Өскемен қаласында тұңғыш рет классикалық өнер фестивалі ұйымдастырылатынын мәлімдеді. Шахимардан Әбілов, Айман Мұсақожаева сынды майталмандар келетін шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарланып отыр.
Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ержан Сембинов Елбасының «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіру бойынша қала және аудан әкімдерінің атқарған жұмысы жөнінде ақпарат берді.
Жолдауды ел арасына кеңінен насихаттау мақсатында облыстың түкпір-түкпірінде 605 ақпараттық топ жұмыс істеуде. Бүгінге дейін осы бағытта ұйымдастырылған түрлі шаралар аймақтағы еңбекке жарамды халықтың 46 пайызын қамтыған. Жолдауды түсіндіру аясында облыстық басқармалар қарапайым халықпен кездесу өткізіп, жекелеген сауалдарына жауап беруге міндеттелгенімен, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары, денешынықтыру және спорт басқармалары бір де бір кездесу ұйымдастырмаған. Жыл басынан бері Ұлт жоспары мен Жолдауды көрнекі ақпарат арқылы насихаттау бағытында тек ақпараттық баннерлерге 47 млн теңге жұмсалғанын айтқан Ержан Сембинов Елбасы Жолдауының облыс тұрғындары арасында қызу талқыға түскенін айтты. Бір ғана инфрақұрылымды жаңғырту мәселесі бойынша облыс тарапынан 200 ұсыныс жөнелтілгені соның дәлелі болса керек.
Басқарма басшысы Жолдауды насихаттау жұмыстарына БАҚ-ты жұмылдыру бойынша шешілмеген мәселелер бар екенін атап көрсетті. Әсіресе мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы бір мәнерде берілетініне, сараптамалық дүниелердің аздығына тоқталған басқарма басшысы елдегі ішкі және сыртқы жағдайларды обьективті түрде таразылап, халыққа сауатты ақпарат ұсыну тұсы кемшін соғып жатыр деген ой айтты.
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ халықты жасалған жұмыспен ақпараттандыру жұмыстары нақты көрініске сәйкес жүргізілуіне назар аудару қажеттігін ескертті. Ол үшін мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына, Жолдаудың орындалуына әр бағыт бойынша жауапты мемлекеттік мекемелер жан-жақты зерделенген, жүйелі әрі нақты ақпарат қорын БАҚ өкілдеріне ұсына білуі қажет. Бұл ақпаратты аудандық және қалалық БАҚ-тар өз аумақтарындағы атқарылған шарулармен толықтырып отыруы тиіс.
– Әр әкім аудан немесе қалада атқарған шаруалары жөнінде халыққа шынайы ақпарат ұсынуға мүдделі болуы тиіс. Істелген жұмысты ашып көрсету арқылы елге Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді орындап отырғанымызды көрсете білуіміз керек. Тек ұсынылған ақпарат шындыққа сәйкес болуы қажет, – деді аймақ басшысы.
Құрылыс саласындағы жұмыстар жүйелене бастады
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәди Отарбаев құрылысы аяқталмаған тұрғын үй және әлеуметтік мақсаттағы нысандар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Сала басшысының мәліметінше, биыл облыс аумағында әлеуметтік мақсаттағы 64 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталмыш объектілердің 39-ы жылдың соңына дейін іске қосылмақ. 12-сі кесте бойынша пайдалануға беріліп те қойған. Оның ішінде бес білім беру және үш денсаулық сақтау нысаны бар. Қалған 13 нысандағы жұмыс барысы облыстық құрылыс басқармасының жіті назарында. Олардың қатарында Ұлан ауданы Алғабас ауылындағы, Үржар ауданы Қабанбай ауылындағы, Глубокое ауданы Глубокое кентіндегі, Жарма ауданы Шар қаласындағы, Зырян ауданы Чапаево ауылындағы мектептердің, Катонқарағай ауданы Новоберезовка ауылындағы, Күршім ауданы Сарыөлең ауылындағы дәрігерлік амбулаториялардың ғимараттары бар. Бірнеше құрылысы кестеден кешігіп, тұралап тұрған нысандардың мердігерлеріне қатысты істер сотта қаралуда.
Сонымен қатар, қазірде 65 тұрғын үй салынып жатыр. Келер жылы Өскемен мен Семей қалаларында алты үйдің құрылысы басталмақ. Жалпы, тұрғын үй құрылысы биыл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға кеміген, жеке тұрғын үй құрылысы керісінше 30 пайызға артқан. 1 тамызға дейін облыс бойынша 135 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 195 мың шарша метр тұрғын үй іске қосылмақ. Басқарма тарапынан мердігерлер мен жобалаушы ұйымдарға қатысты жауапсыз деп тану жөнінде 26 арыз-шығам сотқа жөнелтілген.
– Цифрлар бойынша саладағы жағдай жаман емес сияқты көрінеді. Десек те, құрылыстың сапасы сын көтермейді. Құрылыс басқармасы нысандардың іске қосылу кестесін екі жарым ай бойы әзірлеп, әрең аяқтап отыр. Яғни, саладағы жұмыс енді ғана жүйеленіп, реттеле бастады. Сосын, біздегі бір кемшілік – жергілікті атқарушы билік – аудан және қала әкімдері құрылыс нысандарының салыну барысына бақылау жүргізбейді. Мәселен, Зырян ауданындағы Грехово кентінде оңалту орталығының құрылысы тым ұзаққа созылып кеткен. Ал жергілікті аудан әкімі әлі аталмыш мердігерге қатысты прокуратураға және басқа да құқық қорғау органдарына осы жайтқа байланысты тиісті хат жолдамаған. Қала-аудан әкімдері құрылыс нысандарының дер кезінде аяқталып, іске қосылуына жеке жауап берулері тиіс. Қазақстандық ипотекалық компаниямен тұрғын үй құрылысын жандандыру жөнінен жүйелі іс атқару керек, бұл салада бізге қажеттісі – кәсіби жұмыс. Тендерлік процедуралардың ашықтығы мен мөлдірлігіне де жіті назар аударған абзал, айталық, бір компания қатарынан төрт тендердің жеңімпазы атанған фактілер кездеседі. Орынбасарым Нұрымбет Сақтағановқа осы жайттарды түбейгейлі тексеруді тапсырамын. Мұнымен қоса, құрылыс саласына жан-жақтан инвестиция тарту ісін де қаперден шығаруға болмайды, – деп қадап айтты жиында аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ.
Риддер қаласының тәжірибесін қарастыру керек
Келесі кезекте Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын іске асыру шеңберінде Бесқарағай және Глубокое аудандарындағы мектепке дейінгі мекемелерде орын тапшылығын қысқарту жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы білім басқармасы басшысының орынбасары Айнұр Сұлтанова ақпарат берді.
Басқарма мамандары ұсынған мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда Басқарағай ауданында 7 жасқа дейінгі 296 бала мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтамасыз етілмеген. Мәселені шешу үшін Глуховка және Беген ауылдарында жекеменшік балабақша, Өндіріс орта мектебі жанынан шағын орталық ашу көзделуде. Глубокое ауданында 422 бүлдіршін балабақшамен қамтылмаған. Аталмыш аудан бойынша Опытное поле ауылында, Глубокое кентінде балабақшалар, Прапорщиково ауылындағы орта мектепте шағын орталық ашу жоспарланып отыр екен.
Аймақ басшысы осы ретте барлық аудан-қала әкімдеріне Риддер қаласының тәжірибесін қарастыру керектігін ұсынды. Аталмыш қалада төрт жекеменшік балабақша салынып жатыр. Облыс әкімінің пікірінше, барлық аудан-қала әкімдерінің орынбасарларына арнап Риддерде балабақша тапшылығын жою жөніндегі тәжірибені үйрету мақсатында семинар өткізген жөн.
Жиында, сондай-ақ, облыс әкімінің мамандандырылған мектептердің қызмет тиімділігін тексеру туралы тапсырмасының орындалу барысы туралы мәлімет берілді. Облыста 45 мамандандырылған орта білім беру мекемесі бар, солардың 14-і биылғы ҰБТ-да орташа облыстық балдан төмен нәтиже көрсеткен.
Аймақ басшысының айтуынша, 1 қаңтарға дейін облыстағы лицейлер, гимназиялар, көптілді және бейінді мектептер өздерінің аталмыш статустарынан айырылады, осы орайда аталмыш білім мекемелері мұғалімдерінің еңбекақыларына заңмен белгіленген нормативтен тыс 10-40 пайыз қосымша ақы белгіленгенін атап көрсеткен жөн. Енді осы қаражат ҰБТ-да үздік нәтиже көрсеткен орта мектептердің ұстаздарына төленбек.
Жиында, сондай-ақ, жоғары мамандандырылған медициналық көмекті дамыту келешегі туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Вадим Овсянниковтың ақпараты тыңдалды.
Есімжан Нақтыбайұлы, Ержан Әбіш