Тұңғыш Президент қоры талантты жастарды қолдайды

Өскеменде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының күні өтті. «Барлығы жастар үшін» деген ұранды ту еткен Тұңғыш Президент Қорының Шығыс Қазақстандағы күні аймақ басшысы Даниал Ахметовпен кездесумен басталды.
Кездесу барысында Қордың атқарушы директоры Қанат Жұмабаев облыс әкімі Даниал Ахметовке Тұңғыш Президент Қорының атқарып жатқан жұмыстары жайында әңгімелеп берді
– Шығысқа келудегі мақсатымыз – жастармен кездесу, оларды Тұңғыш Президент Қорының жобаларымен және гранттарымен кеңінен таныстыру. Бізде жастарға арналған бағдарламалар мен әлеуметтік жобалар өте көп. Міне, осы бағдарламалар мен жобаларға шығысқазақстандық жастар да көптеп қатысса дейміз. Кейде жастардың жақсы идеялары болғанымен, қаржының жоқтығынан ол идея сол күйінде қалып қояды. Ал бұл үлкен мүмкіндік, – деді ол. Сонымен қатар, Қор 5 мыңға тарта үкіметтік емес ұйымдардың жобаларын жүзеге асыруға да қол ұшын созып, ықпал етіп келеді екен. Биыл Қордың өкілдері Қарағанды, Шымкент, Көкшетау және Талдықорған қалаларында болып, талантты жастардың жобаларын іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетіпті. Жалпы, Шығыс Қазақстан облысынан 24 адам, яғни жас ғалымдар мен студенттер Қордың грант иегері атаныпты. Биыл Қор дарынды Қазақстан жастарын қолдауға арналған 100 жобаны іске асыруда. Өз кезегінде облыс әкімі Тұңғыш Президент Қорының облысқа қатысты барлық жобалары мен бастамаларын қолдайтынын, бірлесе жұмыс істеуге дайын екендігін жеткізді.
Сондай-ақ, кездесу барысында Қордың атқарушы директоры Қ.Жұмабаев Үржар ауданының балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы интерактивтік жабдық сатып алуы үшін 3,7 миллион теңгенің сертификатын облыс басшысы Даниал Ахметовке табыс етті.
– Біз үшін бұл үлкен қуаныш. Тіпті бұл әлеуметтік мекеменің тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға. Сондықтан да Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының басшылығына зор алғысым айтамын, – дейді Үржар ауданының балаларға арналған арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры А.Мұхамадиева. Оның айтуынша қазіргі күні бұл орталықта 56 бала ем алып, денсаулықтарын жақсартып жатқан көрінеді.
Мейрамтай Иманғали