Тұңғыш өлкетану мұражайын тұрғындар өздері ашыпты

Былтыр қара күзде Бородулиха ауданы, Новопокровка ауылында өңірдегі бірден-бір өлкетану мұражайы өз есігін келушілер үшін айқара ашыпты.
Мұражайды «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға үлес ретінде ауылдың тұрғындары өздері құрған. Музей орналасқан ғимаратты күрделі жөндеуге қаражатты жергілікті шаруа қожалықтары бөлген екен.
Өлкетану мұражайы ауылдың кәсіпкері әрі ақсақалы, өлкетануға ден қойып жүрген Анатолий Романовтың бастамасымен, сондай-ақ орта мектептің директоры Арман Мұқановтың қолдауымен ашылыпты. Игі бастаманы ауылдық әкімдік, кітапхана мен Мәдениет үйі қызметкерлері де қуаттап, қол ұшын созған. Мұражайға Мәдениет үйі ғимаратының бір бүйірінен орын беріліпті.
Ауыл мектебіндегі мұражайда тұрған барлық жәдігерлер тікелей осы мұражайға көшіріліп, оның негізін қалаған. Жаңа орынжайға шамамен 120 экспонат әкелініпті. Ал мұражай сөрелерін алуға жергілікті тұрғын Сергей Малюков көмектескен. Анатолий Романов оларды Семейден өзі алып кеп, жөндеп, бояп, орнатыпты. Ауылдағы бір жанұя мұражайға деп ескі мата тігу станогын тапсырған. Осылайша, біртіндеп ауылдағы бірегей мұражайдың қоры толығып келеді.
– Мұражай залдарын рәсімдеу үшін біз ауыл тарихын бейнелейтін стендтерге тапсырыс бердік. Ілініп тұрған фотосуреттер өлкеміздің көркем табиғатын көрсетеді. Кітапханашылар болса, ауылдың тарихы, осында тұрып, еңбек еткен танымал тұлғалар туралы материалдармен қамтыды. Клуб еңбеккерлері сөрелерді рәсімдеу, жәдігерлерді сипаттау, сонымен қатар ұлттық-мәдени бұрыштарды әзірлеу ісіне атсалысты, – дейді Анатолий Михайлович.
Мұражай үйіне кіреберіс аумақ абаттандырылыпты. Тротуар төселіп, гүлзарлар отырғызылған.
– Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысушылар бойынша ауқымды материалдар жинақталды. Бұл жерде «Мәңгілік полк» атты альбом жасалды. Ол кітапта жерлес ардагерлер туралы мәліметтер сақталған. Аталмыш ақпараттардың бәрін іздестіруге мектеп директоры көмектесті. Осы өңірді мекендеген қазақ, орыс, татар, неміс ұлттарының тұрмыстық заттарын жинауға Анатолий Михайлович жәрдемдесті. «Ажар», «Ләйсан» және «Славянка» атты үш этномәдени бұрыш құрылды. Бұлар тұрған бөлме «Достық бөлмесі» аталады. Осы мұражайды құруға округтің әрбір азаматы, әрбір мекеме-кәсіпорын атсалысты десем артық айтқандық емес. Мұндағы мақсат – ұрпақтың қамы, тарихымызды сақтап, өсіп келе жатқан жастарымыздың санасына сіңіру ғой, – дейді Новопокров ауылдық округінің әкімі Индира Бельская.
Әкімнің айтуынша, материалдар мен жәдігерлер өте қарқынды жиналуда. Өздеріне қаншалықты ыстық әрі құнды естелік болса да, тұрғындар ата-әжелерінен қалған заттарды баршаның игілігі үшін деп әкеліп жатады.
– Анатолий Романовтың арқасында осы игі іс атқарылды, ол – нағыз патриот, осы өлкенің тарихын бес саусағындай білетін жан, – деп бағалайды округ әкімі.
Бұл мұражайдан адам арылмайды, ірі қалалардағы осындай мәдени орындарда осыншама келуші болмайтын шығар, сірә. Бұл ауылға келушілердің аялдайтын жері – музей. Ал мектеп оқушылары тарих сабақтарының біразын осы мұражайда оқиды.
Новопокровка ауылы 18-ғасырда салынған. Ішкі Ресейден көшіп келген переселендер осы бір табиғаты көркем, жері шұрайлы жерді мекен етіп қалған екен. Алғашқы переселендер арасында орыс, украин, неміс ұлттарының өкілдері болыпты. Олар осы өңірдің байырғы тұрғындары – қазақтармен етене араласып, тату-тәтті өмір сүріп келеді.
– Өңірдің арғы тарихы әлі де жөнді зерттелмеген, бұл жерде байырғы замандардан қалған құдықтар, қоныстар бар. Соларды зерттеу, құпияларын ашу – алдағы міндет. Ал осы мұражай соған негіз болуы тиіс, – деп санайды ауылдың азаматтары.
Олар аудандағы жалғыз өлкетану мұражайы туған ауылдарында орналасқанын және оны өз қолдарымен құрағандарын мақтан етеді.
Ержан Әбіш
Бородулиха аудандық ішкі саясат бөлімінің
тапсырысы бойынша әзірленді