Қоғам

Тұғырлы тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды

Тұғырлы тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылды


Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің ұйымдастыруымен Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналған «Алаш және рухани жаңғыру: идеялар жалғастығы» тақырыбында халықаралық ғылыми-танымдық конференция өтті.

Конференцияда Алаш қозғалысының тарихи даму эволюциясы мен ұстанымдары, деректанулық және методологиялық негіздері талқыланады. Конференцияға Қазақстанның, Венгрияның, Ресейдің, Қырғызстанның мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар, қоғам өкілдері, атап айтқанда, облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, академик Ғарифолла Есім, филолог-ғалым Арап Еспенбетов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қатысты. Жиынды университет ректоры М.Ескендіров ашып, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының ауқымында өткізіліп жатқан конференцияның маңыздылығына тоқталып өтті.

– Бүгінгі күн – ұлы күн. Міне, Семейде Әлихан атамыздың ескерткіші ашылды. Қазақ елі алашордалықтар бастамасын өз заманында бодандықтың бұғауында қарсы алғаны бізге мәлім,-деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов,-«Алаш идея¬сы» – қа¬зақтың мемлекеттік, елдің ұлт¬тық идеясы. Өйткені, Алаш – елімізді ерекше күш-қайратқа бөлеп, есейіп ат жалын тартып мінгенде бойына күш-қуат және сенім берген ұлттық идея. Егемен еліміздің тәуелсіздігі бұл ата-бабамыздың асқақ арманынан туындаған, бүгінгі ұрпақ қол жеткізген ұлы Жеңіс. Ежелден еркіндік аңсаған азат халқымыз тәуелсіздігінің жиырма алты жылын тойлап отыр. Тәуелсіздік атты қасиетті ұғымның тереңіне үңілсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы мен мұратын, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтың ұрпаққа қалдырған аманатын жүрегімізбен сезінеміз.

-Киелі Семей жерінде өтіп жатқан дүбірлі тойлар ұрпаққа үлгі,-деді «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов,-Алаштың 100 жылдығы, Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, осының бәрі халыққа қажет рухани дүниелер. XX ғасырдың басы қазақ қоғамының, қоғамдық ой-сананың жаңғыру кезеңі болды. Осы кезеңде ұлтымыздың ағартушы тұлғалары, айтулы ақындары, қоғам қайраткерлерінің толғандырған негізгі мәселелері отаршылдық бұғаудан құтылып, өз алдына дербес ел болу еді. Солардың бірі және бірегейі ретінде халқымыздың ұлт болып қалыптасуына, саяси сана сезімінің оянуына, ұрпақ мүддесіне қызмет етуде Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Х.Досмұхаметов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев және тағы басқа қазақ зиялыларының қосқан үлестері зор екені анық. Тұғыры биік тәуелсіз мемлекет құруға ұмтылған Алаш қайраткерлері көтерген ұлттық мәселелер бүгінгі күннің тәуелсіздік мұраттарымен сабақтасып жатыр. Осыдан 100 жыл бұрын құрылған Алашорданың бүгінгі бейнесі – Тәуелсіз Қазақстан.

-ХХ ғасырдың басында қазақ даласында Қарқаралы петициясы қабылданған болатын. Оның түпкілікті мақсаты патшалық Ресейдің отаршылдық жүйесіне қарсы тұру еді. Осы петицияның басында Әлихан Бөкейхановтай дара тұлға тұрды. Ұлт-азаттық қозғалыстың жаңа мазмұнға ие болуының тағы бір көрінісі қазақтардың Ресейдің мемлекеттік думасына қатысуын айтуға болады. Семей облысы қазақтарының атынан Ә.Бөкейханов 1-ші мемлекеттік думаға депутат болып сайланғаны баршаға мәшһүр. Сол сәттерде ол өзінің саяси көрегенділігін көрсетті,-деді Шәкәрім университетінің профессоры, тарихшы-ғалым Мұхтарбек Кәрімов.

Конференция барысында Алаш қозғалысының бастаулары, Алаш қозғалысының тарихи маңызы, ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихының зерттелуі сарапталды. Алаш мәселесі, қазақ мемлекеттігінің концепциясы, Алаш идеясындағы «Мәңгілік Ел» құндылықтары, ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалыстар да талқыланды. Алаш зиялыларының өмірі мен қоғамдық-саяси қызметтері туралы айтылып, ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстанның мемлекеттік билік жүйесіндегі ерекшеліктер мен XXI ғасырдың басындағы қоғамымыздың қайта жаңарып демократиялану мәселелері де қаралды.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button