Тынығып та, тіл үйреніп те қайтады
Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ бастамасы бойынша өңірімізде 2015-2019 жылдарға арналған үштілділік білім беруді енгізудің кешенді жоспары әзірленіп, бекітілгені белгілі. Осыған орай аймақта оқушылар үшін тілдік лагерлерь өз жұмысын бастады.
Енді шығысқазақстандық оқушылар қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жазғы сауықтыру лагерлерінде де оқитын болады. Сөйтіп, жазғы сауықтыру лагерлерінде олар тынығып қана қоймай, тіл үйреніп, пайдалы іспен де айналысады. Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына қатысушылар мұның өте тиімді әдіс екенін ерекше атап айтты. Мысалы Зайсан ауданындағы «Бәйтерек» жазғы сауықтыру лагерінде 150-ге тарта орыс тілді оқушылар қазақ тілін «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбековтің методикасы бойынша оқып, үйренбек. Бұл қандай методика?
Біз өмірде әртүрлі жағдаятқа тап боламыз. Міне, осындай ситуациялық жағдайда қалай сөйлеу керек екендігін ешқандай оқулық үйретпейді. Мысалы, қазақ халқында салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа байланысты рәсімдер көп. Қыз ұзату, құда түсу, Айт, Наурыз секілді шараларда не айтуымыз керек? «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері, «Ситуативный казахский» кітабының авторы Қанат Тасыбековтің оқушыларға қазақ тілін оқыту әдісіндегі ерекшелік те осында секілді. Ең алдымен қазақ халқының дінін, ділін біліп, табиғатын таныған баланың ұлттың тіліне де ден қояры шындық.
– Үш тілді білу қажет. Бірақ біз Қазақстанда тұрамыз, сондықтан мемлекеттік тілді міндетті түрде білуіміз керек. Мен облыстық білім басқармасының арнайы шақыруымен келіп отырмын. Балалармен жұмыс істеу – мен үшін үлкен қуаныш. Тіл үйренудегі менің әдісім олар үшін пайдалы болады деп ойлаймын, – дейді бірегей әдістеменің авторы Қанат Тасыбеков.
Аюдыдағы «Жігер» жазғы сауықтыру лагерінде Тарбағатай, Күршім, Зайсан секілді қазақы аудандардан келген 150 бала орыс тілі пәнінен білімдерін жетілдіретін болса, ал Үржар ауданындағы «Үржарайым» лагерінде 150 бала ағылшын тілін үйренуге ден қоймақ. Бір атап айтарлығы, бұл лагерьде балаларға ағылшын тілін тіл тасымалдаушысы, филиппиндік Ровена Габут үйретпек.
Қазақстанда мен екінші жыл мұғалімдік қызметпен айналысып жатырмын. Лагерьде біз тек қана тіл үйренбейміз, жаз қызығын да тамашалаймыз. Өз білгенімді балаларға үйрету – мен үшін үлкен мәртебе. Мұнда біз тілді мектептегі секілді емес, басқаша, арнайы бағдарлама арқылы үйренеміз. Бір-бірімізді жақын танитын боламыз. Мен үшін оқушылардың пікірі маңызды, – дейді Ровена Габут.
Сонымен қатар, жазғы тілдік лагерьлердің жұмысына мұғалімдерден өзге жоғары оқу орындарының шет тілі факультеттерінде оқитын студенттер мен волонтерлер де тартылмақ. Солардың бірі – Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс студенті Жансая Ысқақова.
– Мен үшін бұл алғашқы тәжірибе болғалы отыр. Сондықтан да болар, бір жағынан жүрексініп, қалай болады екен деп толқып та отырмын. Бірақ мен балаларды қатты жақсы көремін. Өйткені, өзім де кеше бала болғанмын. Әрі бұл тәжірибе өзім үшін де пайдалы боларына сенімдімін. Тіл тасымалдаушыларымен бірге жұмыс істеу, араласу арқылы өзімнің де ағылшын тілімді тереңдетемін деп ойлаймын, – дейді студент.
Естеріңізге сала кетсек, Елбасының үстіміздегі жылғы 1-наурыздағы Жарлығымен елімізде білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілген болатын. Онда үштілділік идеясын іске асыру алдағы төрт жылға арналған елдің білім беру саясатындағы аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде белгіленген-ді. Оны кезең-кезеңмен енгізу 2017-2018 оқу жылынан, 5-ші сыныптан басталмақ. Ал Шығыс Қазақстан үш тілде білім беруге көшуде айтарлықтай басымдыққа ие. Облыс бірінші болып қанатқақты жобаны іске асырып, 2020 жылға қарай жинақталған тәжірибеге ие болмақ. Кейін тәжірибе ары қарай бүкіл еліміз бойынша қолданылуы мүмкін.
Мейрамтай Иманғали