Қоғам

Тынышпаевқа тыныш көше бұйырды

Тынышпаевқа тыныш көше бұйырды


Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі, Алашорда үкіметі төрағасының орынбасары, қазақтың тұңғыш теміржолшы-инженері Мұхамеджан Тынышпаев атындағы көше ресми түрде ашылды.
Ең бастысы, бұл көше қаланың у-шуынан алыс, тыныш жерде тұр. Екі жолақты көшенің бойында негізінен жер үйлер. Екі мектеп (№2, №22 орта мектептер) орналасқан. Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар осында 17 кәсіпорын бар екенін айтады. Сонымен қатар аталған көше мен теміржол бекетінің аралығында базар және балаларға арналған ойын алаңы бар. Бекеттен түскен қонақтарды Теміржолшылар көшесі қалаға қарай бастап барса, соған параллель жатқан Тынышбаев жүргіншілерді Глубокое ауданына, нақтырақ айтсақ Тәжірибе алаңы ауылына шығарып салады.

– Мұхамеджан Тынышпаевқа теміржолшылардың шоғырланған жерінен ұзындығы үш шақырымға созылған көше бердік. Бұл – осы жердегі үлкен көшелердің бірі. Осы ісіміз арқылы біз қала халқының жүрегінен Мұхамеджан Тынышпаевтың алатын орнын белгілеп бердік деп ойлаймыз. Өздеріңіз көргендей, оқушылар ол кісіні білмей жатыр. Бұл – олардың кінәсі емес. Ендігі жерде қаланың орталығында көшесі тұрған соң әрдайым есте ұстайтын болады. Репрессия жылдары – еліміздің ең қасіретті кезеңі. Біз осынау ұлы тұлғаларымыздың істеп кеткен ісінің арқасында көк байрақтың астында тәуелсіз тірлік кешіп жатырмыз. Арыстарымызға қандай құрмет көрсетсек те лайық, – деп тебіренді қала әкімі.

Іс-шараға облыстық ономастикалық комиссияның мүшелері, кітапханашылар, теміржолшылар және шаһар тұрғындары қатысты.

– Бүгін әйгілі Түрксіб теміржолын жобалаушы қазақтың бас теміржолшы-инженерінің атына көше берілді. Бұл іске облыстық ономастикалық комиссияның отырысында ұсыныс айтқан ардагер теміржолшыларымыздың үлесі тиді деп есептейміз. Мұхамеджан Тынышпаев есімі елімізде жақсы насихатталып жатыр. Ең үлкен насихат – Алматыдағы көлік және коммуникациялар академиясы сол кісінің атымен аталғаны. Осы оқу орнын тәмамдаған кез келген теміржолшы тұңғыш инженерді еш уақытта ұмытпауы керек, – деді облыстық теміржол бөлімшесінің бас инженері Отарбек Қасымбеков.

Іс-шарада саяси қуғын-сүргін құрбандарына арнап көрме қойған облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Мұхамеджан Тынышпаев саяси қайраткер, теміржолшы ғана емес, ғалым, журналист болғанын айтады. Ол қазақтың шығу тарихын алғашқы болып жазғандардың бірі. Сондай-ақ журналист ретінде Еуропадағы ұшақ, пойыз, кемелердің қалай жасалып жатқанын елге таныстырып, «Қазақ», «Сана» газеттеріне мақала жазып тұрған.

Иә, бұрын пойыздар соғыс жағдайында жауынгерлерді тасыса, қазір бейбіт күнде жолаушыларды арқалап жүйткиді. Бәйгеге бас тігіп, нақақ жаламен айдауға ұшыраған ұлт перзенттерін лайықты деңгейінде ұлықтайтын заман ғой бұл!

Тасқын Болатұлы

Осы айдарда

Back to top button