Қоғам

Тыңдарманның құлақ құрышын қандырды

Ұлттық музыкада өзіндік қолтаңбасын айшықтаған, 70 жылдан астам тарихында талғамы биік тыңдарманы қалыптасқан беделді өнер ұжымының бірі – Семей қаласындағы Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармония.

Жуырда өнер ұжымы ауданға гастрольдық сапармен келіп, Ақсуат мәдениет үйінде өнер көрсетті.

«Халықтық музыканың кәнігі майталмандары мен нағыз жанашырларынан құралған Семей филармониясы – ел мәдениетінде өз орнын жоғалтпаған шығармашылық ұжымдардың бірегейі. Бұл ұжымнан әлі талай өнер марқасқалары шығатындығына күмән жоқ, себебі мұнда өзіндік мектеп қалыптасқан», – деген аудан әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов өнер ұжымына ізгі тілегін арнай келіп, күміс көмей филармония әншілері Бақытгүл Исаеваға «Еңбек ардагері», Қадылбек Омаровқа «Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген еңбегі үшін» медальдарын табыс етті. Сондай-ақ филармония директоры Айбек Бекбосыновқа аудан әкімінің Алғыс хаты берілді. Салтанатты іс-шарада саз мектебінің директоры Қ.Сафаров та өз атынан бірқатар марапаттар тапсырды.

Кезінде Қазақстанның халық әртісі Мәдениет Ешекеев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Болат Сыбанов пен Дауыл Хайруллин,  Мәдениет қайраткерлері Келденбай Өлмесеков, Роза Байдалина, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, дирижер Мырзағали Айдаболов, дирижер, Мәдениет қайраткері Рахымбек Ноғайбаев, көркемсөз шебері Ануарбек Иманғожин, композитор Жолдыбай Дәстенов, талантты музыкант Ғабит Көпбаев қара шаңырақтың киелі өнеріне әрдайым адал болып, руханиятқа елеулі үлес қосты.

Филармония өнерпаздары тек ел ішінде ғана емес, Франция, Германия, Испания, Италия, Венгрия, Ресей, Украина, Қытай, Жапония, Түркия, Монғолия, Өзбекстан, Қырғызстан секілді алыс-жақын шет мемлекеттерге де ұлттық өнеріміздің жауһарларын паш етті. Көптеген байқаулардың өтуіне ұйытқы болып, жас өнерпаздардың томағасын сыпырып, жаңа толқынның шығуына да себепші болды.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында әуелеген әнімен адамзат баласын таңдандырған, қайталанбас ұлы тенор әнші Әміре Қашаубайұлының есімімен аталатын өнер ұжымына ауылдағы көзі қарақты көрермен зор ықылас білдіріп, іркілместен қол шапалақтап, алғыстарын жаудырды. Өнер биігінің шыңынан көріне беріңіздер деп ақжарма тілектерін де арнап жатты.

Ерлан БАПАНОВ, ТАРБАҒАТАЙ

Осы айдарда

Back to top button