ТЫҢДА, ДАЛА, ЖАМБЫЛДЫ!

Биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ХХ ғасырдың жырауы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық айтулы мерекесімен басталып жатыр. Осы мерекелер аясында бұрын-соңды өңірімізде болмаған, жанры қиындау болса да, «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты жыршы-термешілер байқауын өткізуді жөн көрген едік.
Ұлтымыздың көнермес ұлы дәстүрі, әдеби-музыкалық өнердің жыршылық саласы «Біздің Шығыста мүлдем жоқ!» деуге болады. Термешілік өнерді серік еткен бірен-саран дәстүрлі әншілеріміз болмаса, жыршылық өнер қағыс қалған.
Айтайық дегеніміз, жыршылық-термешілік өнер – ана тіліміздің мөлдір қайнарларын паш етумен қатар, дәстүрлі ұлттық мәдени мұрамыз арқылы қазақи ұлттық рухымызды қайта тірілтудің өлшеусіз құралы екендігі.
Осы орайда екінің бірі домбыра ұстайтын Тарбағатай ауданындағы термешілерімізді жинап алып, «Жамбылдың жырларын жаттайсыңдар!» дегенде біразының тосырқап, енді бірінің жаттауға қиналып, тағы бірінің санасына сөз қонбай кеткені де шындық. Арасынан табанды дегендері осы байқауға қатысты.
Онлайн байқаудың қазылар алқасы құрамында болған Нұр-Сұлтан қаласы Қазақ Ұлттық өнер университетінің «Дәстүрлі ән» кафедрасының аға оқытушысы, еліміздің Мәдениет қайраткері Е.Шалдыбеков, Алматыдан белгілі ақын, еліміздің Мәдениет қайраткері, Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры С.Қалиев, «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әнші-термешісі Ш.Уатқан, Ақсуат Мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Т.Шәкәрімов сынды өнер майталмандары маңдайы терлеп жыр айтқан үміткерлерді он күн бойы талдап екшеді.
Байқауға алты жастан бастап 60 жасқа дейінгі 16 өнерпаз Жамбылдың «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр», «Менің пірім – Сүйінбай», «Сарыбайға», «Төгейін жырды халқыма», «Ақындарға арнау» жырларымен қатар өз қалаулары бойынша халқымыздың даналық, ақыл-нақыл термелерінен әлеуметтік желіде көрермендеріміздің сусынын қандырды.
Сонымен қазыларымыз қамшысын ортаға тастап, бір бітіммен жыршы-термешілер байқауының ережесіне сай, ылдидан салса, төске озған жыршымыз ақсуаттық Еламан Құжимановқа бас бәйгені (100.000 теңге), екі І орынды (50.000 теңгеден) Айжан Тілеуленова мен қызылкесіктік Еркебұлан Шымырбаевқа, екі (40.000 теңгеден) ІІ орынды ақсуаттық Қарлығаш Орынбекова мен көкжыралық Дулат Шідерге, сондай-ақ ІІІ орынға тігілген ақшалай (30.000 теңгеден) үш сыйақыны ақжарлық Жұмабек Сахариев, көкжыралық Ұлан Майқанов, қарғыбалық Гүлнұр Жәлелбековаға тапсырды. Сайыстың жалғыз арнайы жүлдесін екпіндік Зәмзагүл Төлеубаева иеленді.
Халқымыздың қастерлі қазынасы, бабадан қалған сөз өнеріне сөзге келместен демеушілік көрсеткен Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының бірінші вице-президенті, жерлесіміз, облысымыздың құрметті азаматы Бәделхан Камалханұлына шексіз алғысымызды білдіргіміз келеді.
Шәкен Көпшікбаева
Тарбағатай ауданы.