Қоғам

Тың бастамаларды қолдауға әзір

Азамат Темірбеков

Шығыс өңірінің дамуына қолдау көрсетіп келе жатқан «Samruk-Kazyna Trust» қорының өкілдері өңір жұртшылығымен кездесіп, әлеуметтік жобаларды қаржыландыру тетіктері жайлы айтып берді.

«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қызметкерлері үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, журналистермен, белсенділермен, жастармен және облыс әкімдігі қызметкерлерімен кездесті. Бүгінгі күні аталмыш қор еліміздің қайырымдылық саласындағы ірі донорларының бірі болып табылатындықтан үкіметтік емес ұйымдардың әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған халыққа пайдалы әрі жүйелі жобаларын үнемі қолдап отырады.

– Біз бұл кездесуді аймақтық үкіметтік емес ұйымдарды жаңа әлеуметтік жобаларды ұсынуға ынталандыру үшін өткіздік. Осылайша, еліміздің шалғай аймақтарындағы адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған тың идеялар күтеміз. Қорымыз азаматтық сектордың шағын бастамаларының ауқымын кеңейтуге күш салмақ. Мысалы, шағын елді мекендердегі бір бастама бүкіл облыс, тіпті бүкіл ел үшін игілікті болуы мүмкін, – деді «Samruk-Kazyna Trust» жобалық басқару департаментінің директоры Әсет Қылышбаев.

Оның айтуынша, «Samruk-Kazyna Trust» қоры 2018 жылдан бері өңірде жалпы сомасы бір миллиард теңгеге жуықтайтын 13 әлеуметтік жобаның іске асуына атсалысқан көрінеді. Атап айтсақ, қор облыстың аудан, қалаларында алты әмбебап балалар спорт алаңын орнатып, Өскемен қаласындағы №8 орта мектеп базасында инклюзивті білім берудің ресурстық орталығын ашты. «Қамқорлық» жобасы аясында Өскемен қаласының «Ана мен бала орталығы» базасында дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған оңалту орталығын жөндеп, жабдықтады. Семей қаласындағы №36 жалпы орта білім беретін мектептің базасында инклюзияны қолдау кабинетін ашып,  өкпені жасанды желдетудің төрт аппаратын, 30 концентратор және 60 пульсоксиметр, сондай-ақ бес санитарлық машина сатып әперді. Бұған қоса, қор қаражатына Семей қаласының перинаталдық орталығы базасында бөлімше ашылып, Шүлбі кентінің орталық көшесінде көпфункционалды спорт кешені салынды.

Осы айдарда

Back to top button