Тұғылға таза су келеді.

Тұғыл кентінің өзекті проблемаларының бірі -ауызсумен қамту мәселесі. Таза судың азабын тартып отырған көл жағасындағы төрт мыңнан астам тұрғын 20 жылдан астам уақыт ауызсуға жарымай отыр еді.
Оған басты себеп – кенттегі магистралды су құбырының әбден тозығы жеткендігі. Ауылдағы он екі көшенің бойындағы бірде-бір құдық жарытып жұмыс істемейді. Бұрын бұл өңірде балық комбинаты жұмыс істегенде мұндай тапшылық болмаған және ол комбинаттың құзырында болған көрінеді. Өткен қыста кентте тұрғындармен кездесу өткізгенде аудан әкіміне тұғындардың алдымен айтқан бұйымтайы – осы ауызсу болатын. Елбасының аудандар мен елді мекендерді дамыту, және ауыз су тапшылығын жақсарту тапырмасына орай аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев кенттегі ауыз су мәселесін бірден қолға алған болатын. Тұғыл ауылына респубикалық «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылға ауыз су тарту үшін тиісті қаржы бөлініп, маусым айының басында аудандағы жалғыз мердігер мекеме «ПМК-Құрылыс» бел шешіп іске кіріскен болатын. Ауданда осыған дейін алты ауылды ауызсумен қамтыған аталған құрылыс мекемесі күні-түні жұмыс істеуде. Құрылысы қызу жүріп жатқан жұмыс басында болып мердігер мекеменің бригадирі Әміренов Бақытбекпен жолықтық.
-Міне, төрт айдан бері дамылсыз жұмыс істеудеміз. Қарауымда 18 жұмысшы бар, барлығы осы ауылдың тұрғындары техника, керекті құрал-жабдықтар уақытында жеткізіліп тұрады, барлығымыз қалыпты жұмыс ырғағында жұмыс істеп жатырмыз, жоба бойынша 45 шақырым су құбыры тартылып, ауылдағы 12 көше мен шағын өндіріс орталықтарына тартылмақ. Қазір 11 шақырым жерге құбыр тартылды, ауа райы қолайлы болса, биыл кенттің жартысына тартып үлгереміз. Мердігер мекеме қазір ауыл сыртындағы су қорын толықтыратын қазанды толық орнатты. Енді биылғы жылға су мұнарасының құрылысын бастамақ,-дейді ол. Жақында ғана ауылға әкім болып тағайындалған Әділ Егінбаевты да осы жерден кездестірдік. Әкімнің айтысына қарағанда, ауыл тұғындары таза судың болатынына дән риза болып отыр. Күн сайын ертемен жұмысымды осы құрылыстың жұмысын қадағалап отырудан бастаймын, өйткені, бұл – ауыл үшін аса маңызды нысан. Осыны күткенімізге 20 жылдай болды, оның үстіне ауыл тұрғындары осыған дейін тек балықпен айналысып келген болатын. Ендігі жерде кәсіптің басқа жолын тауып, шағын өндірістерді дамытудамыз. Қазір осы ауылдан шағын лимонад цехын, кондитер цехын ашуды жоспарлап отырымыз, ал оған таза су аса қажет. Бағдарлама бойынша су құбырлары әр үйдің іргесіне дейін жетізілмек. Ендігі жерде ауылдағы ардагерлер мен тұрмысы төмен жандарға іргеге келетін суды тартып беруді де жоспарлап отырмыз. Келер жылы осы округке қарасты 300-дей тұрғыны бар «Байтоғас» ауылы да осы бағдарламаның игілін көрмек, – дейді ауыл әкімі.
Биыл тұғылдықтардың жартысы таза суға қарық болмақ. Ал келер жылы аудандағы тағы екі елді мекенге «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша су бармақ. 2020 жылға дейін аудан тұрғындары толықтай таза сумен қамтылмақ.
Қадырбек Кәкімұлы
Тарбағатай ауданы.