Қоғам

Тыл ардагерлеріне мерекелік медальдар табысталды

Тыл ардагерлеріне мерекелік медальдар табысталды

Облыс орталығындағы Достық үйінде өскемендік тыл еңбеккерлеріне мерейтойлық медальдар табысталды. Қала әкімінің орынбасары Бұлбұл Бакинова тыл еңбеккерлерін келе жатқан мерекелерімен құттықтап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ атынан «Жеңiске – 70 жыл» медалiн тапсырды.
-Биыл – халқымыз үшiн ерекше жыл. Елiмiз Жеңiстiң 70 жылдығын лайықты атап өтуге дайындық үстiнде. Бiз тылда еңбек еткен әрбiр ардагерге алғысымызды бiлдiремiз. Бүгінде ардагерлер қауымына барлық жағдай жасалған, жеңісті жақындатқан сіздерсіздер, тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз, – деді қала әкімінің орынбасары.
Тыл еңбеккерлерімен бірге салтанатты жиынға Ауған соғысының ардагерлері де қатысты. Олар аға буын өкілдерінің сұрапыл соғыс жылдарында бұғанасы бекімеген бала болғандығын, соған қарамастан «Бәрі де майдан үшін!» ұранымен аянбай еңбек еткендігін атап көрсетті.
Мерейтойлық медальдармен барлығы 23 тыл ардагері марапатталды. Қариялардың кеуделері медальға, құшақтары гүлге толды.
– Еңбегімізді бағалап, мереке қарсаңында кеудемізге медаль тағып жатыр, біз үшін бұдан асқан бақыт бар ма?! Бұдан былай соғыс болмасын, еліміздің аспаны ашық болсын,-дейді тыл ардагері Әдебиет Бәйтіков.

Дарын Нұрсапаров

Осы айдарда

Back to top button