Түйе шаруашылығын түлетсем дейді

Сонау таудың етегінде қос киіз үй көз ұшында бұлдырап көрінеді. Біздің межелеген жеріміз де сол. Онда Манарбек Құрмет деген айнабұлақтық азамат азын-аулақ түйе бағып, тіршілігін дөңгелетіп отырған көрінеді.
Бәрі де Тоғжаннан басталды
Алтайдың арғы жағынан келген ағайын Манарбектің түйе бағумен айналысуына кішкентай қызы Тоғжан себепші болыпты. Құлындай құлдыраңдап, жүгіріп жүрген кішкентай бүлдіршінгее аяқ астынан дерт жабысады. Жас баланың кеңірдекшесінде кінәрат бар ма, әйтеуір дем жетпей, тұншығып қала беретінді шығарады. Қатты жылаған кезінде көгеріп, тіпті, талып та қалатын. Тоғжанының қиналғанын көргенде Манарбек жанын қоярға жер таппайтын еді. Ата-ана үшін бәрінен баласының ауырғаны жаман ғой. Апармаған жері, қаратпаған дәрігері жоқ. Бір жолы Қытайдағы Серік дейтін дәрігер жігіт «балаға түйенің сүтін беріңіз, сол көмектесуі мүмкін» деген кеңес береді. Алғашында қызы үшін бір-екі түйе байлайды. Бастапқыда балаға түйенің сүтін аз-аздан береді. Кейін Тоғжан күніне бір литрін бір – ақ ішетін жағдайға жетеді. Уақыт өте келе өзі шелекке жабысып тұратынды шығарды. Шынында, емшінің айтқан сөзінің жаны бар екен. Тоғжаны күн санап, тәуір бола бастайды. Бұрын дем жетпей қиналатын қызы түйенің сүтін бір жыл үзбей ішкеннен соң, жанын азаптаған дерттен құлан-таза айығып, шауып кетеді. Сөйтсе, жарықтық түйенің сүті мың бір ауруға ем көрінеді ғой. Осылайша, түйенің киелі түлік екеніне көз жеткен Манарбек қолдағы екі-үш түйенің басын көбейтудің жолын қарастыра бастайды. Қолдағы бар қаражатына түйе алуға бел байлайды. Сөйтіп, осы жылдың көктемінде Алматы облысының Балқаш өңірінен он түйе сатып алып, КамАЗға тиеп әкеледі. Бір түйенің өзі 380 мың теңгеге, ал 10 түйе 3 миллион 800 мың теңгеге түсіп, қалтаға кәдімгідей салмақ салады. Мұнан өзге көлікке төлейтін ақша тағы бар. Сонау Алматы өңірінен мынау Зайсанға түйелерді кім тегін әкелсін? Бірақ тәуекел етпесең, тағы да болмайды.
Ә дегенде, түйелер Зайсан өңірін жерсіне қоймапты. Тіпті, түйелердің бірі төбеге шығып алып, алыстағы Зайсан көліне көз жіберіп, ұзақ қарап тұрады дейсің. Кейде жанары жасаурап, жылайтын да секілді. Сондай кезде Манарбектің жүрегі кәдімгідей елжіреп кететін. Өзінің де сонау шалғайда, шекараның арғы жағында қалған туған жеріне деген сағынышы бас көтеретін ондайда. Шіркін-ай, мал екеш мал да өзінің туған жерін аңсайды екен ғой. Сол түйе екі айдың ішінде қатты жүдеп кетті ғой. Тек бертін келе осы өңірге бауыр баса бастаған соң ғана, қоң жинады. Осы өңірге келген соң, он түйенің 8-і боталады. Қазір боталары марқаланып, өсіп те қалыпты.
Жалпы, мал бағу – ежелден ата-бабамыздың негізгі кәсібі ғой. Түйе бағу да аталарымыздан қалған. «Бақырауық демесең, бағалы көлік түйе ғой», «Нары бардың малы бар», «Көтерем деп түйеден безбе, салтанатың емес пе» деген мақал-мәтелдерден біздің халықтың түйе түлігін ерекше бағалағанын да байқауға болады. Бірақ кейін келе еліміздің көп жерлері сол түйе малынан қол үзіп, ажырап қалды. Десе де, қазір Зайсан ауданы төрт түліктің осы түрін өсіріп, көбейтуге бет бұра бастағандай.
– Жергілікті әкімдікке көп рақмет. Біздің түйе өсірсек деген ойымызды қолдап, осы жерді берді. Маңайдың бәрі шеңгел, көкбояу мен итмұрынға тұнып тұр. Түйе дейтін жануарыңыз да негізінен жұмсақ шөпке қарағанда тікені бар сүйекті шөпке үйір екен. Әрине, несие алып, түйе басын көбейткіміз-ақ келеді. Бірақ әзірге ол мүмкін болмай тұр. Ол үшін азаматтығың болу керек. Кепілге қоятын дүние-мүлік тағы қажет, – дейді Манарбек.
Манарбектің зайыбы Әймен де мінезі ашық жан екен. Шұбат толы кесесін қонақтарға ерекше бір ізетпен ұсынған оны шипалық қасиеті мол сусынды қалай әзірлейтінін сұрау үшін әңгімеге тарттық. Әйменнің шұбатының дәмі шынында да тіл үйіреді.
Сөйтсек, түйе сауу, шұбат ашытудың қыр-сырына Әймен бала кезінен қанығып өсіпті. Қытайдың Алтай аймағы Жеменей ауданы Берарық қалашығындағы Қызыладыр қыстағында туып-өскен Әйменнің өзі де түйе саууды біраз кәсіп еткен екен. Сондықтан да болар, күйеуі түйе ұстап, кәсіп қыламын дегенде, құптамаса, еш қарсы болған жоқ.
– Қытайда бір ауылда жиырма шақты отбасы түйе байлайды. Бұл жаққа қарағанда ол жақтағылар түйенің қадір-қасиетін жақсы біледі. Әсіресе, шұбаттың шипалы екенін қытайлар да біліп алған. Түйе сауып болғанша, ыдыстарын ұстап, кезекте тұрады шұбырып. Ал шұбат ашытудың қыр-сырын қайдан білесіз дейсіз бе? Ешкім де бәрін біліп тумайды ғой. Кісілерден көрдік, үйрендік дегендей. Білмегенімізді үлкендерден сұрап алдық. Негізі, шұбаттың үш литрдей қорын, сіздер ашытқы дейсіздер ғой, соны үзбеймін. Ол ашытқының өзін Қытайдағы түйе сауатын кісілерден арнайы алдыртамын. Қоры келіспесе, шұбаттың дәмі бұзылып кетеді. Ал бір бұзылса, оңайлықпен қалпына келмейді. Қанша шұбат сұрап келген кісілер болса да, қорын сатпаймыз. Соған күнделікті түйе сүтін құйып отырамын. Саумал құйған соң, жарты сағат сайын пісіп отыру керек, – дейді Әймен жымиып. – Шұбатты күнделікті Зайсанға апарамыз. Онда бауырым 1 литрін 800 теңгеден сатып береді. Халық шұбатқа енді-енді үйреніп келе жатыр.
Бойға қуат, дертке шипа
Түйелерді отағасы екеуі күніне үш рет сауатын көрінеді. Түйелер таңғы сағат бесте, күндізгі сағат он екіде, сосын кешкі бесте сауылады. Екі адам түрегеп тұрып сауады. Бір түйе бір сауғанда бір литр сүт береді екен. Сонда барлығы күніне 20 литрдің үстінде шұбат алынады. Әйменнің шұбатын зайсандықтар ғана емес, тіпті Өскеменнен де келіп, сатып алып жататындар бар екен. Өткенде біреулер тіпті түйенің зәрін сұрап келіпті. Айтуларынша, бауыр қатайып ауырған кезде түйенің саумалына бір-екі қасық зәрін қосып ішсе, кәдімгідей ем болатын көрінеді.

– Шұбат көбіне жасы үлкен, қуаты азайған қарт кісілерге, аяғы ауыр әйелдерге ерекше әл береді. Әнеукүні Айнабұлақтағы бір кісі жетпістер шамасындағы әкесін алып келді. Ол кісінің ота жасатып шыққан беті екен. Таяққа сүйеніп әзер жүреді. Содан ол кісі әкесін машинамен осында әкеліп жүрді. Бір келген кезде екі-үш литр шұбат алып кетеді. Бір айдан кейін әлгі қарттың өзі көлік жүргізіп келіпті. «Қызым, шұбаттың арқасында денсаулығым жақсарып қалды» деп алғысын жаудырып жатыр, – дейді Әймен әңгімесін әрі жалғастырып. Айтуынша, шұбатты бір ай ішіп, сосын жарты ай демалған жақсы екен.
Өйткені, шұбаттың азықтық құнары жоғары. Тіпті, адамды семіртіп те жібереді. Мысалы, бие сүтінің құнарлылығы – 510 калория болса, сиырдікі – 660, түйе сүті 787-911-ге тең екен.
Кейбір шұбаттардан түйенің жеген шөптерінің дәмі білініп тұрады. Кейбір адамдар ондай шұбатты «түйенің иісі бар» деп, жиіркеніп ішпейді. Әймен ондай шұбаттың жағымсыз дәмін кетірудің де құпиясын жақсы біледі. Ол үшін түйе сүтін бір уақыт пісіріп, суыған соң бір қасық шекерді бір кесе қайнаған суға араластырып, суыған соң шұбатқа қосады. Сонда шұбаттың жағымсыз дәмі бірден жоғалады екен.
Күн салқындаған соң, ерлі-зайыпты түйешілер Қайнар ауылына көшуді ойластырып отыр. Ол ауылдан үй де алып қойған екен. Қора-жай салып алған соң, түйені де ауылға алып бармақ.
– Түйелерді қыстай сауамыз. Бұйырса, азаматтық алған соң, шаруашылықты кеңейтіп, түйе басын көбейтеміз. Жергілікті билік несие алуға да көмектесуге уәде беріп отыр. Несие алу үшін түйелерді кепілге қоятын шығармын, – дейді Манарбек Құрмет.
Киіз үйдің ішінде әңгіме-дүкен құрып отырып, күннің бесін болғанын да байқамаппыз. Түйелерді сауатын уақыт та болыпты. Әймен мен Манарбек түйе саууға асықты. Ал біз түйені қалай сауатынын алыстан тамашалап тұрмақшы болдық. Бірақ түйе дегеніңіз ақылды жануар ғой, бөтен көзден именіп, иімей-ақ қойғаны…
Үй иелерімен амалсыз қоштасуға тура келді… Біздің көлік орнынан жылжығанда ғана, екеуі түйе саууға кірісті.
Мейрамтай Иманғали