Тың жоба жүзеге асады
«Қазақмыс» компаниясының директорлар кеңесі Аягөз ауданындағы Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының құрылысын жүргізу жобасын бекітті.
Жобаны игеруге Қытайдың Мемлекеттік даму банкінің 1,5 миллиард АҚШ доллары мөлшеріндегі несие желісі тартылады. Ақтоғайдағы құрылыс жұмыстары келер жылдың бірінші жартыжылдығында басталады. Өңірдің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаның құрылысына үш мың жұмысшы тартылады.
Ал жоба іске қосылғанда 1500 жаңа жұмыс орны ашылады. Комбинатта тотықты кеннен мыс өндіру іс-шаралары 2015 жылы басталмақ. Сульфидті кенді өндірумен айналысатын фабриканың құрылысы 2016 жылдың басында аяқталып, алғашқы кен өңделе бастайды.
Ақтоғай кен орнындағы минералды ресурстар 1719 миллион тоннаны құрайды. Кен өндіру барысында қосарлы өнім ретінде молибденді кен де өндіріледі. Өндірісте әлемдік экономикадағы басым бағыттардың бірі болып табылатын кен шикізатын кешенді пайдалану технологиясы қолданылады.