ТОП

Туымызда тұтастық идеясы бар

Ту көшпелі бабаларымыз үшін бірлік-берекенің нышаны болып саналған. Қазақ хандығының да өз туы болғаны анық. Бірақ нақты қандай болғаны бізге беймәлім. Кейінгі кезде Қазақ хандығының байрағы деп көрсетіліп жүрген туды қазіргі геральдикамен шұғылданушылардың қиялынан туындаған дүние десек болар.

Кей деректерде тудың шығуы жылқымен қатысты деп жатады. Көшпелілер жылқы құйрығын найзасына байлап ту еткен. Осылайша, әу баста жылқының құйрығын ту қылған ата-бабаларымыз кейін келе түрлі маталарды ту ретінде пайдаланса керек. Алайда құйрық қылдан жасалған ту да қолданыстан шыға қоймаған. Оған дәлел – Шыңғыс ханның тоғыз аяқты ақ туы. 1206 жылы Моңғол мемлекетін құрған көшпелі тайпалар Темужинді хан сайлап, «Шыңғыс хан» деп ақ киізге көтергенде ұлы әмірші ақ жылқының құйрығынан жасалған тоғыз аяқты ақ туға тағзым еткен.

Қазіргі байрағымыздың түсі – көк. Оның шығу тарихы туралы Мұхтар Мағауиннің айтқан мына әңгімесі бар.

«Комиссия мүшелері әр тарапқа тартты. Шерхан Мұртаза бөрінің суретін салып әкелді. Ақселеу Сейдімбек басқа таңба ұсынды. Шота Уәлиханов айдың суреті бейнеленгенін қалады. Ал мен алдымен тудың түсіне келісіп алуды ұсындым, оның көк болғанын талап еттім».

Зиялы қауым өкілдері ақылдасып ұйғарған бұл шешім көпшілік тарапынан қабылданғандықтан халық көңілінен шыға алды. Көк байрағымыздың нақты үлгісі қабылданды. Себебі, көк түс – көп мағыналы қанық бояу. Оның да түпкі мәні ежелгi түркілердің «көк» сөзін ерекше қадір тұтқанын аңғартып тұр. Алтын күн де – бағзыдан қалған ырым нышаны. Күнге табыну – көк Тәңірден жеткен белгі. Қыран бүркіт – яғни, «бөрі құт» көк бөріден тарағанымызды айғақтайды. Арқар мүйіз ою-өрнек үлкен мағына үстейді. Қошқармүйіз қазақ хандарының арқар ұранды болғанын байқатады. Туымызда тұтастық идеясы бар. Бір тудың астына жиналу бірлігімізді, тұрақтылығымызды аңғартады.

Тәуелсіздігімізге отыз жыл болғанда еліміздің егемендігін мейлінше нақтылай түсетін рәмізіміз – көк байрағымыз.

 

Берік Сәрсеков,

Қазақстан-американдық еркін университетінің студенті

Осы айдарда

Back to top button