Қоғам

Туризмді дамытудың барлық мүмкіндігін қарастыру қажет

Дәурен Аллабергенұлы

Табиғаты тамаша Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамыта түсудің, сол бағыттағы барлық мүмкіндіктерді пайдаланудың жолдары қандай? Бүгінгі күнге дейін салада қандай шаруалар атқарылды? Аталған мәселе облыс әкімі Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің кезекті мәжілісінде жан-жақты талқыланды.  

Алдымен өңірде туризмді дамытуда атқарылған шаруаларды баяндаған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ернар Мұстафин Абай облысын қоспағанда облыста біржолғы сыйымдылығы 19 мың төсек-орындық  туристерді орналастырудың 289 орны жұмыс істейтінін атап өтті. Былтыр бұл көрсеткіш 18 мың төсек-орынды құраған болатын.

– Өткен жылы өңірде 500 мың турист пен демалушы тіркелген (2020 жылы – 239 мың адам). Көрсетілген қызметтер көлемі 3,4 млрд. теңгені құрап, 1,5 есеге артты. 2020 жылы 2,3 млрд. теңге болды. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 2021 жылы 18,5 млрд. теңгені құрады (Абай аймағын есепке алғанда 26,7 млрд. теңге). Осы жылдың қаңтар – мамыр айларында бұл көрсеткіш 2,4 млрд. теңгені құрады. Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде облыстың 4 объектісі – Бұқтырма су қоймасы, Катонқарағай ұлттық паркі, Риддер қаласы мен Глубокое ауданының тау шаңғысы кластері басымдыққа ие, – деп атап өтті өз сөзінде басқарма басшысы.

Катонқарағай ауданындағы экологиялық және ауылдық туризмді дамытудың үлкен перспективалары бар, онда жалпы ұзындығы 680 км болатын 14 туристік маршрут пен соқпақтар шоғырланған (оның ішінде атпен – 333, жаяу – 247, автокөлікпен – 100 шақырым).

Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша ауданда ауылдық туризмді дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жөнінде Катонқарағай ауданының әкімі Ділдар Қалиқанның ақпаратында айтылды.

– Кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, Берел ауылының 24 тұрғынына кәсіпкерлік негіздерін оқыту жүргізілді. 18 жеке кәсіпкер тіркелді, оның 15-і “Еңбек” бағдарламасы бойынша 583 мың теңгеден грант алды (жалпы сомасы – 8,7 млн.теңге). 1 жоба “БЖК – 2025” бағдарламасы бойынша 5 млн. теңге гранттың иегері атанды (ЖК Алтай pro Орлов в.). Бұдан бөлек, “Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы” қоғамдық қоры әрбір кәсіпкерге 500,0 мың теңгеден (жалпы сомасы – 9 млн. теңге) гранттар берді. Аталған қаражатқа кәсіпкерлер ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жиһаздарды жаңартты, атпен серуендеуді ұйымдастыру үшін жылқылар сатып алды, – деді аудан әкімі.

Ауданда ағымдағы жылдың маусым айынан бастап, алғашқы туристерді қабылдау басталған. Үлкен Нарын ауылында туристік-ақпараттық орталық құру бойынша жоба іске асырылуда, ол өзіндік туристік хабқа – 10 тұрақты жұмыс орнын құра отырып, жергілікті туристік өнімдер туралы ақпарат беру жөніндегі сервистік қызметке айналмақ. Орталықтың ашылуы ағымдағы жылдың желтоқсан айына жоспарланып отыр.

Сонымен қатар 12 млрд. теңгеге 20 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жұмысы жалғасуда. Оның ішінде, жыл басынан бері Катонқарағай ауданының Өрел ауылында 1,5 млрд. теңгеге 150 төсек-орындық “Мұзтау” туристік кешені ашылған.

Ал облыс орталығы – Өскемен қаласында 2,5 млрд. теңге сомасына 200 төсек-орынға арналған 3 қонақ үйдің, құны – 900 млн. теңгелік Бұқтырма су қоймасындағы демалыс базасының құрылысы аяқталуда.

– Туризмді дамытудың маңызды бағыттарының бірі ақпараттық ілгерілету. Сол мақсатта visiteast.kz облыстық туристік портал және ақпараттық терминалдар жаңғыртылды. 360 виртуалды тур, аймақ бойынша жолсілтемелер мен карталар, интерактивті web-қосымша әзірленді. Жалпы аудиториясы шамамен 1 млн. адамды құрайтын, танымал блогерлердің қатысуымен  бейнероликтер түсірілді. Еліміздің ірі туроператорлары үшін Катонқарағай және Күршім аудандарына ақпараттық тур ұйымдастырылды. Нұр-Сұлтан, Алматы, Доха, Анкара қалаларындағы халықаралық туристік көрмелерге қатысу шетелдік келушілер санының 90%-ға артуына ықпал етті (ү.ж. I тоқсаны), – деді баяндамасында басқарма басшысы Ернар Мұстафин.

Мәселен, Катонқарағай ұлттық паркінде, Батыс Алтай және Марқакөл қорықтарында көрсеткіштер, ақпараттық стендтер мен аншлагтар орнатылғанын, 2022 жылы туризм саласын мемлекеттік қолдаудың 7 жаңа шарасы күшіне енгенін, оның төртеуін кәсіпкерлік басқармасы көрсетіп отырғанын атап өткен жөн.

Мұнан соң күн тәртібіндегі өзекті тақырыпқа қатысты жазғы және қысқы маусымдардағы туристік орындары мол Алтай ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сергей Охременко, Риддер қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Қосантаев өз аумақтарында туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстарының ақпаратын жиналғандар назарына ұсынды. Олардың сөзінше, барлық бағыттар бойынша жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.

– Шығыс Қазақстанда туризм саласын дамытуда дұрыс жұмыс атқарылып жатыр. Алайда әлі де дамыта түсу қажет. Оған мүмкіндік мол. Мысалы, Катонқарағай ауданында 15 кәсіпкер грант алды дедік. Олардың ауданға қандай, қанша пайда әкелгенін есептеген адам бар ма? Егер тағы талаптанушылар болса, олардың санын отызға дейін жеткізуге болады. Берел қорғанына туристер тартуды, Катонқарағай ауылындағы жартылай бос тұрған аурухананы Шығыс медицинасымен емдейтін орталыққа айналдыруды дұрыстап әрі тездетіп ойластыру керек. Сондай-ақ Самар ауданының Сарыбел ауылының жанындағы құмды жағажайды да үлкен демалыс орнына айналдыруға болады. Ол жердегі құрылыстарды бейберекет салғыза бермей, бір типтес, көрікті демалыс үйлерін салдыруды бақылау қажет. Алдағы уақытта ол жерден жер учаскесін беру жағын да бақылап, неғұрлым әлеуетті, қолынан іс келетін кәсіпкерлерге ұсыну қажет. Марқакөлдің, Риддердің, Алтай ауданының көрікті орындары туризмді дамытуға өзі-ақ сұранып тұр. Міне, осының бәрі тиісті басқарманың аталған аудандар мен қала әкімдерінің алда бірлесіп атқаратын жұмысы. Туризмді дамыту үнемі бақылауда болатын маңызды сала, – деді әкімдік мәжілісін қорытындылаған облыс әкімі Даниал Ахметов.

Осы айдарда

Back to top button