Қоғам

Түйткілді мәселе көп

Нұржан Кенжеұлы

Облыс әкімдігінде жастарды мерзімді әскери қызметке шақыру мәселелеріне арналған алқалы жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев төрағалық еткен бұл басқосуда әскерге шақыруды оңтайландырудың жолдары қарастырылды.

Жиынға Қорғаныс министрлігінің, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, жергілікті атқарушы билік органдарының, әскери прокуратура, полиция департаменті мен денсаулық сақтау басқармасының өкілдері қатысып, 2022 жылғы көктемгі әскерге шақыру науқанының қорытындыларын шығарып, күзгі науқанға арналған міндеттерді белгіледі.

Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев әскерге шақырудағы кемшін тұстарға тоқталып, бірқатар құзырлы органның жұмысын сынға алды.

– Осыдан біраз бұрын Қорғаныс министрінің төрағалығымен өткен республикалық кеңесте азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру мәселелері де қаралған болатын. Сол жиында бірқатар сын-ескертпе айтылған-ды. Сын садағына іліккен аймақтардың арасында біздің облыс та болды. Енді осы олқылықтың орнын толтыру бағытында біраз еңбектенуімізге тура келеді. Әскери қызметке шақыру ұлттық қауіпсіздік мәселесі болып табылады, соны ұмытпайық. Қарап отырсақ, бізде шынымен де, кемшілік көп екен. Осы істің басы-қасында жүруі тиіс органдар бір-бірінің қызметін қайталауда, міндеттер мен жауапкершілік нақты бөлінбеген. Бұлай жұмыс істеуге болмайды. Ендігі мақсатымыз бен міндетіміз бұл бағыттағы жұмысты оңтайландыру болмақ. Қажет болса, мұндай жиындарды апта сайын өткізетін боламыз, – деді Ержан Нұрбаев.

Белгілі болғандай, облыста әскерге шақырылушыларды іздестіруге қатысты проблема жетіп артылады екен. Әскери прокуратурадан хабарлағандай, кей шақырушылар тіптен жылдап іздестірілуде. Оған қоса, шақырушыларды медициналық тексеруден өткізетін дәрігер мамандар тапшылығы байқалады. Соның кесірінен жас сарбаздар тексеруден уақтылы өтпей, көп жағдайда шақырушылар қатарын толтыру жоспары орындалмай жатады, дейді мамандар.

– Жалпы, өткен жылы біздің облысымыздан республиканың өзге өңірлеріне 1 070 адам шақырылды, – деп хабарлады облысымыздағы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы Қайырбек Қайырқанов. – Бүгінде олар ел Қарулы күштерінің әскери бөлімдерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметінде, Ұлттық ұланда, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Мемлекеттік күзет қызметінде әскери борыштарын өтеуде.

Сондай-ақ жиында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева өңірде әскери қызметті насихаттау және жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.

Басқосуды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев жиында көтерілген мәселелерге жіті мән беру керектігін ескертіп, құзырлы органдарға бірқатар міндет жүктеді.

Осы айдарда

Back to top button