Қоғам

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, профессор: Шыңғысхан тақырыбын әдебиетке алып келдім

Белгілі жазушы, ғалым-тарихшы жерлесіміз Тұрсынхан Зәкенұлы биыл асқаралы алпысқа толып отыр.Онымен Өскеменге, Төр Алтайға сапары кезінде кездесіп, сұхбаттасқан едік.

– Туған жер, өскен ортаңыз туралы ой толғай отырсаңыз.

– Мен Алтайдың арғы бетінде Ертіс пен Қыранның тоғысындағы Сарсүмбе қаласына қарасты Шеміршек ауылында дүниеге келдім. Қаймағы бұзылмаған қазақы ауыл еді. Аңыз айтар абыздары, шежіре шертер шешендері, басқалар үлгі тұтар батырлары бар бағзының мұрасы сынды ауыл болды. Өйткені тасқа бүрлеген тағдыр сынды бағзыдан қалған балбал тастарға, тарихқа бай еді. Сол ауылда еңбектің дәмін татып, аңыз бен ақиқатқа ой жіберіп ержеттік. Менің тарихшы болуыма осы туған ауылымның табиғаты мен тарихы, қазыналы қарттардың шерткен шежіресі әсер етті деп ойлаймын. Ал баба қонысымыз – Марқакөл өңірі.

– Енді сол шығармашылығыңызға бет бұрсақ…

– Жалпы менің шығармашылығымды екі бағытта алып қарауға болады. Біріншісі әдеби бағыт болса, екіншісі – ғылыми-педагогикалық бағыт. Қазіргі таңда шығыстанушы шәкірттерді дайындап жүрген ұстаздардың қатарынанмын. Көптеген монографиялар жаздым. Соның ішінде көне түркі ескерткіштеріндегі қытай мәтіндерін зерттедім. Бұл ескерткіштердің көбі руникалық мәтіндерден құралған, алайда кейбіреуінде қытай мәтіндері кездеседі. Ол енді түркі мемлекеттерінің қытай елімен қарым-қатынаста болғанының дәлелі. Күлтегіннің, Білге қағанның ескерткіштерінің бетінде бар. Сол бір бабалар мұрасын зерттеп үш кітап шығардым. Соның ішінде Күлтегін ескерткішін арнайы тарихи деректану тұрғысынан зерттедім. Оны көптеген ғалымдар тіл тұрғысынан ғана зерттеген болатын. Мен оны қазақ мемлекеттілігінің түп дерегі ретінде қарастырдым. Одан кейін «Ойратнама» деген ойраттардың тарихын зерттедім. Жоңғар мемлекетінің қалыптасу және дамуы туралы ғылыми зерттеу еңбек жаздым. Бұл өзі қазақпен белдесе-келдесе елдескен ел болатын. Олардың бізбен ортақ 300 жылдық тарихы бар. Осы уақыт аралығындағы мәдениетіміздегі, салтымыздағы және заңдарымыздағы ұқсастықтарды зерттедім.

– Ұмытылған мемлекет деген еңбегіңіз бар

– Иә, ол Шығыс Түркістандағы ұлт азаттық қозғалысы туралы ғылыми жұмыс. Бұл тақырыпты ертерек зерттедім. Осы жұмыс барысында Шығыс Түркістан мемлекетін құру жолындағы тарихи тұлғаларға сипаттама жасалып, баға берілді. Оны енді тарқатып айтар болсақ, үлкен тарих, сүбелі еңбек.

ТАРИХИ РОМАННЫҢ ЖАЛҒАСЫ БАР

– Қандай әдеби зерттеу еңбектеріңіз бар?

– Кезінде қытайдан «Жеті қаған» деген эпикалық жыр табылған. Оны қырғыздың манасшылары жырлау арқылы тарих сахнасында алып қалған көрінеді. Бұл шығарма шартты образға құрылған Самархан, Бұқара, Ташкент бойындағы халықтың дерекнамасын қамтыған тарихи жыр. Соны қырғыздың атақты манасшысы Жүсіп Мамайдың аузынан естіп, әдеби зерттеу жасадым. Сондай-ақ «Ескендірнаманың» шағатай тілінде жазылған прозалық үлгісін зерттедім.

– Аударма саласында біраз еңбегіңіз бар. Соның ішінде Су Бэй Хайдың «Қазақтың жалпы тарихы» атты еңбегіне тоқтала кетсеңіз?

– Мен жақында қытай ғалымы Су Бэй Хайдың «Қазақтың жалпы тарихы» деген кітабын аудардым. Бұл кітап мені қатты арпалысқа салған еңбек болды. Оны мен қолжазба нұсқадан аудардым, қолжазбаны автор маған 1996 жылы табыстап еді. Себебі ол өз елінде жарық көрмеген кітап. Өте көлемді жұмыс болатын. Бұл еңбегім мемлекеттік бағдарлама негізінде қолдау тауып, қазақ руханиятына жол тартты. Бұл кітаптың тәпсірнамасын тағы баспаға дайындап жатырмын. Ол да жуық арада оқырманмен табысар деп отырмын. Осыған дейін автордың «Қазақтың мәдениет тарихы» деген кітабын 2001 жылы жарыққа шығарған едім. Бұл екеуі де қазақ үшін тарихи деректер тұрғысынан өте пайдалы еңбектер.

– Көпшілікке мәлім «Көк бөрілердің көз жасы» атты еңбегіңіздің көздегені не еді?

– Мен осы шығармам арқылы Шыңғысхан тақырыбын алғаш рет әдебиетке алып келдім. Осы кітап жарық көргеннен кейін Шыңғысхан тақырыбын зерттеушілер көбейіп кетті. Ол енді қуанышты жағдай. Бұл кітап менің де атағымды аспандатып, қаламыма шабыт сыйлады. Жалпы көздегенім Шыңғысхан заманындағы керей, найман мемлекеттеріне қатысты тарихи деректерді ұлттық таным негізінде жеткізу болды. Сол себепті де көкбөрі ұғымын тақырыпқа арқау еттім. Көкбөрі көшпенділердің, далалықтардың мифтік культі, тегі. Біз қазақ көптеген дүниеге кие тұрғысынан қарайтын халықпыз, сол бір киелі ұғымдардың түп тамырында біздің санамызды ұстап тұрған математикалық байланыс бар. Ал біздің санамыздың биігінен орын алған киелі ұғым – көкбөрі. Кейде біз осындай ұғымдарға таяз қарап немесе күрделендіріп аламыз. Сол себепті де тіпті «бабамыз қасқырдан туыпты-мыс» дегенді айтатындар бар. Көкбөрінің сүтін ішкендігіміз ақиқатқа жақын және бұл болуы мүмкін аңыз. Ал көкбөріден туғандығы туралы қияли аңызбен келісе бермеймін.

– Шыңғысханнан «қазақ жасаушыларға» қатысты пікіріңіз қандай?

– Әуелгіде мен де осындай пікірде болғанмын, кейін бұл ойымнан қайттым. Шыңғысхан тұлғасына біз біріктіруші фактор ретінде қарауымыз керек. Оны жан-жаққа тартудың қажеті шамалы. Қазақ өзі 15 ғасырда мемлекет ретінде тұтастыққа қол жеткізіп, қазақ деген атаудың астына жиналды. Ал моңғолдар Шыңғысханды 800 жыл бойы құрметтеп, ұрпағына дәріптеп келді. Олардың әр үйінің төрінде Шыңғысханның мүсіні немесе суреті бар. Біз болсақ, жол ортадан іліп алып өзімізге телуге тырысамыз. Бұрын қайда қарап жүрдік?! Сондықтан біздің тарих үшін керек дейтін болсақ, Шыңғысхан тұлғасын біріктіруші фактор ретінде дәріптеуіміз керек.

– Бұл романның жалғасы бола ма?

– Алла қаласа болады. Ары қарай Жошы ұлысы дәуірімен жалғастырамын. Шыңғысханның төрт баласына жер бөліп беруі, соның ішінде үш баласының қазақтың кең даласына иелік етуі. Талас құрылтайының өту тарихы. Осының барлығын жүйелеп жазуды көздеп отырмын.

– Жыл өткен сайын қытай архивтеріндегі қазақ тарихына қатысты құжаттарға қол жеткізу қиындай түсуі мүмкін бе?

– Жалпы, қытай тарихнамасындағы қазаққа қатысты деректердің біразы жинақталды. Тәуелсіздік тарихындағы «Мәдени мұра», «Тарих толқынында» деген бағдарламалар негізінде қытайға экспедиция жасақталып, бірқанша тарихи дерек руханиятымызға оралды. Жинақталған деректер ғылыми негізде аударылып, транскрипциясымен қоса ондаған том болып жарық көрді. Бірақ бұл осымен біткен жоқ. Біздің байырғы тарихымызға қатысты бірқатар тарихи деректер қытайдың көне астанасы Сияньда, ішкі моңғолия архивтерінде жатыр. Өйткені түркілер мен Таң императорлары арасындағы байланыс өте жоғары деңгейде болған. Таң империясын құрып беріп, оны ішкі дүрбелеңдерден сақтап қалған да түркілер. Сондықтан сол заманға қатысты деректер өте көп болуы заңдылық. Қытайда манжу тіліндегі құжаттар да жеткілікті. Енді олардың алдағы зерттелу барысы уақыттың еншісіндегі дүние. Қалай болатыны туралы кесіп айту қиын.

Күлтегін ескерткіші тасқа қашалған конституция

– Күлтегін ескерткішін арнайы зерттедіңіз. Осы ескерткіштің біз үшін маңызы қандай?

– Күлтегін ескерткішінің ғылыми көшірмесі Жапонияның Осака қаласында жасалып, Сеул арқылы Алматыға, одан астанаға арнайы күзетпен жеткізілді. Ол жаңа құрылған қазақ мемлекетінің астанасының рухани түлеуінің бастамасы болды. Осыған байланысты түркі өркениетіне қатысты өте ауқымды ғылыми конференция өтті. Бұл біздің еліміздің саяси-мәдени өміріндегі үлкен оқиға еді. Өйткені Күлтегін ескерткіші о бастан саяси мазмұнда қалыпталған мұра. Ол біздің мемлекетіміздің конституциялық негізін анықтайтын түпкі деректер деуге болады. Онда конституциялық мазмұнға ие, қадау-қадау соқталы мәселелер қозғалған. Мысалы, «елді мәңгі ету», «аз халықты көп қылу, кедей халықты бай қылу», «құлым құлды болды, күңім күңді болды» дейді. Міне, осылардың барлығы елдің саяси-әлеуметтік негізін айқындап тұр. Бұл дегенің тасқа қашалған конституция. Іздесең ішінен бәрін табасың. Өкініштісі, осыны біз әлі дәріптеп, насихаттай алмай келеміз. Барды бағалай алмай келеміз. Мысалы, осы Алтайдың сағасында жатқан Өскеменде бірде-бір көне түркі тарихына қатысты ескерткіш жоқ. Алтайда Күлтегін ескерткіші тұрса, айбынды болар еді ғой. Міне, білген адамға бұл ескерткіш біз үшін ең маңызды құндылық.

– Қазір біз көрермен немесе тыңдарман ұрпаққа айналып бара жатқандаймыз. Газет-журнал, кітап оқитын оқырман ұрпақты қалай қалыптастыра аламыз?

– Қазір заман басқа, заң басқа, өмірдің аяқ алысы жылдам. Біз технологияның тетігін тиімді пайдалануымыз қажет. Цифрлық әлемнен жалығатын кез келер деп ойлаймын. Ол дамыған елдерде болған үрдіс. Осы аралық кезеңнен аман шығу үшін виртуалды технология арқылы құндылықтарымызды дәріптеудің жолын қарастыру қажет. Балаға бірден кітап ұсынбай, кітапты өзі іздейтіндей жол ашу керек. Мысалы, менің «Мәңгі тас туралы» кітабымның мультфильмін түсіріп, анимациялық үлгісін жасаса. Кішкентай Тоныкөктің қытай астанасына оқуға кетіп бара жатқаны, оның жауларын жеңгені, білім алғанын қызықты етіп түсірсе. Осыны көрген баланың оны ары қарай тереңдей білгісі келетіні заңдылық. Сол кезде барып кітапты қолына ұстатсақ, оқырман ұрпақ қалыптасары анық. Ығын тапқан адамға тығырықтан шығар жол көп.

Сұхбаттасқан – Қызырбек Дүргінбайұлы 

Осы айдарда

Back to top button