Туризмді тың бағытта дамытамыз
Биыл облыста 20 ірі туристік маршрут түзіліп, келген қонақтарды белсенді демалыспен қамту көзделіп отыр. Бұл ауқымды жобаға «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалы мұрындық болғанын айта кету керек.
Бүгінде Шығыс Қазақстанның туристік орындары көрші елдердің бәріне танымал. Яғни, бұған дейін өңірдің туристік әлеуетін сыртқа таныту мақсатында жүргізілген жұмыстар жемісін бере бастады деген сөз. Туристердің қарасы көбейгені жер-жерде қонақжайлар мен мейманханалардың бой көтеруіне түрткі болуда. Облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының дерегі бойынша, біздегі қонақ қабылдау орындары бір мезетте 22749 адамды қабылдай алады екен. Өткен жылы жергілікті туристік компаниялар мен кәсіпкерлік нысандар 175548 адамға қызмет көрсетіп, салық төлеген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанда 14,2 пайызға көп. Мейрамхана қызметін қоспағанда, қонақтарға 152,1 млн. теңгенің қызметі көрсетілген.
Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий мұндай өсімге бір жағынан қаржылық дағдарыстың әсер еткенін айтады. Теңге мен доллардың айырмашылығы талай қазақстандықты туған елінің табиғатын қанағат тұтуына мәжбүр етсе керек. Осы шетел көрген туристердің өзімізде қалуы жергілікті нысандардағы қызмет көрсету сапасына қатысты сыни пікірлердің күрт көбеюіне әкеп соқтырған екен. Ол сындардың көбі шындық та. Алайда, бұдан туризм саласы зардап шеккен жоқ. Керісінше, кейбір мәселелер шешімін табатын түрі бар.
Біздің аймақ еліміздегі ең ұзын автомобиль жолдары төселген өңір болуымен де туризм үшін ыңғайлы саналады. Өткен жылы сол жолдардың көбі орташа жөндеуден өтіп, Өскемен мен Самар ауылын, Сібе көлдерін жалғайтын жолдар жөнге келді. Бұл жұмыстар биыл да жалғасып, Риддерге қатынайтын жолда жаңғырту жұмыстары жүргізілмек. Ақша шығарып, арнайы келген соң, турист деген кірпияз келеді. Жүздеген шақырымдық жолдардың бойында тоқтап ауқаттанатын орындардың, қыл аяғы дәретхана жүйесінің бүгінгі өркениеттен тым алыс жатқанын ерінбегеннің бәрі сынап кетіп жүр. «Атамекен» палатасы мұрындық болған жоба 20 бағытта осы аталған кемшіліктер түбегейлі жойылады деп күтілуде.
-Әзірге тек 20 бағытты қамтымақпыз. Облыстың барлық жолдарындағы аялдау пункттерін бір мезетте талапқа сай ету әзірге мүмкін емес. Кейбір есептер бойынша бұған 10 млрд. теңгеден астам қаражат кетуі мүмкін. Сондықтан биыл ең танымал деген туристік бағыттарды қолға алып отырмыз. Биыл іргеміздегі Қытайдан туристер ағыны сезіледі деген болжам бар, – дейді Игорь Шацкий.
Бұл маршруттардың кейбірі 10 күнге дейін созылмақ. Маршруттық қызметке туристерді әуежайдан күтіп алудан бастап, ұшаққа отырғызып жіберуге дейінгі жұмыстардың барлығы кіреді. Мысалы, «Шығыс Қазақстанға алты күндік сапар» атты маршрут Өскемен қаласын, Ұлан, Күршім және Катонқарағай аудандарын қамтиды. Облыс орталығындағы әуежайдан туристерді 18 кісілік Mersedes-Benz Sprinter және тоғыз кісілік Toyota Hiace маркалы шағын автобустар күтіп алады. Өскемендегі ең үздік саналатын Dedeman төрт жұлдызды қонақүйінде орналасқан меймандар «Еуропа-Азия» мейрамханалар желісіне енетін KeyDiBar, Barbaris, BarbaLeto сияқты орындарда кешкі астарын ішсе, таңғы ас түрінде қонақүйдің өзінде швед столы жайылады. Түске дейін Өскеменнің этноауыл, Қазақстан тауы, зообақ сынды орындарын аралаған туристер түскі тамақтан кейін Күршім бағытында жолға шығып, Тайынтыдағы «Көк-Тау» демалыс базасында түнейді. Күршімге паром арқылы өткен топ әрі қарай Қиын Керіш, Мәрмәр асуы, Марқакөл сынды тылсымға толы жерлерде болып, Катонқарағай ауданының «Нұр бұлақ» базасынан бірақ шығады. Бұл ауданда Берелдегі Патшалар жазығын тамашалап, Өскеменге оралады. Визалық шығындарды қоспағанда, осы алты күндік сапар туристер үшін 600 долларға түседі.
Ал төрт күндік «Жидебай» маршруты Семей қаласын, Күшікбай асуы мен Бөрілідегі М.Әуезов мұражайын, Қасқабұлақ және Жидебай ауылдарын, Еңлік-Кебек үңгірі мен ескерткішін қамтиды. Бұл маршруттың бағасы 60 мың теңгенің айналасында болмақ.
Ұлан ауданының Сібе көлдері мен Аблайкит ғибадатханасын, Ақбауыр кешенін қамтитын бір күндік маршрутқа «Көненің ізімен» деген ат қойылыпты. Бағасы – 15000 теңге. Бұдан басқа бағыттар Абай ауданындағы Қоңыр әулие үңгірін, Риддердің Батыс Алтай қорығы мен шаңғы базаларын, Шілікті жазығы мен Алакөл жағажайын, Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықты, Семейдің тарихи мұражайларын, Жарма ауданындағы Ер Жәнібек ескерткіш-кешенін, Катонқарағай ауданындағы «Аустрия ирегін» қамтыған. Аталған сапарларды «Вояж Алтайский Казахстан», «Барика», «Жарма Арасан», «Тоғас Интурсервис» сынды компаниялар ұйымдастырмақ. Алдағы уақытта осындай туристік маршруттардың санын арттыру көзделген. Алайда, ол үшін салаға инвестиция салғысы келген кәсіпкерлер көзқарасын өзгерту қажет. Өйткені, қазіргі жағдай белсенді қозғалыс пен түрлі саяхаттарға сұраныстың артқанын көрсетіп отыр.
Есімжан Нақтыбайұлы