Қоғам

Туризм табыс көзіне айналады

Туризм табыс көзіне айналады


Катонқарағай – агроөнеркәсіптік те, туристік те әлеуеті жоғары, еңбексүйгіш халқы бар, берекесі артқан шекаралық аудан. Өңірдің экономикалық әл-ауқаты да айтарлықтай. Ауданның тыныс-тіршілігін толығырақ біліп, болашақта атқарылар маңызды жұмыстардан хабардар болу мақсатында аудан әкімі Ахметқали Нұрғожинмен жолығып, сұхбат құрған едік.

– Елбасының өңірлерді әлеуметтік-экономикалық дамыту және мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға байланысты тапсырмаларын орындау барысында ауданымызда қазір халыққа қажетті әлеуметтік, мәдени нысандар салынып, ел игілігіне берілуде, – деп бастады әңгімесін Ахметқали Ахашұлы.

– Мәселен, былтырғы наурызда ауданымызда бизнесті дамытуды ынталандыру мен отандық кәсіпкерлерге жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсыну мақсатында өткен Инвестфорумда жалпы сомасы 1 млрд. 380 теңгені құрайтын 53 меморандумға қол қойылып, оның ішінде екі жоба мемлекеттік жекеменшік серіктестік арқылы жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда 1 млрд.177 млн. теңгенің 40 меморандумы орындалды. Биыл Бұқтырма су қоймасы жағалауында орналасқан жалпы сомасы 150 млн. теңгені құрайтын 16 үйлік демалыс орнының құрылыс жұмыстары басталды. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік жобасы аясында ауданның тумасы, бүгінде Шымкент қаласындағы танымал кәсіпкерлердің бірі – Ғани Шаймарданов өз қаражаты есебінен Приморск ауылындағы бұрынғы мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, онда жыл он екі ай жұмыс істейтін балалар сауықтыру лагері ашылды. Осы жылдың соңына дейін «Арайлы Шығыс» балалар лагері 50 баладан, барлығы бес маусым өткізуді жоспарлап отыр. Жыл аяғына дейін аталмыш мекеме 250 баланы қамтитын болады. Одан бөлек, өткен екі-үш жылдың көлемінде ауданымызда Достық үйі, тілдерді дамыту орталығы сияқты маңызды мекемелер ашылып, бүгінде жемісті еңбек етуде.

Ауданның ағымдағы жылғы 9 айдағы мемлекеттік бюджетке түскен салықтар мен басқадай төлемдері 625,1 млн. теңгені құрады. Жергілікті бюджетке түскен салықтар мен басқадай төлемдер – 517,9 млн. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсу қарқыны 100,9 пайыз болды. Ағымдағы жылдың 1 қарашасында негізгі капиталға 2759,8 млн. теңге ішкі қаржы тартылып, өткен жылмен салыстырғанда өсу қарқыны 28 %-ды құрады.

– Ауданның басты саласы – ауыл шаруашылығының бүгінгі жай-күйі турасында айтып өтсеңіз…

– Бүгінгі күні ауданда мыңнан астам ауыл шаруашылығы құрылымдары жұмыс істейді. Аудан агроөнеркәсібі кешені лайықты көрсеткіштерге қол жеткізді.

Диқандардың қажырлы еңбегінің арқасында қамбаға 32,32 мың тонна астық жиналды, егістік алқаптары өткен жылмен салыстырғанда 3,2 есеге ұлғайды. Бүгінде ауданымыз марал өсіріп, панты өндіруден республика көлемінде көшбасшы. Ауданның Ақсу, Коробиха, Өрел, Жамбыл, Новополяковка, Аққайнар және Белқарағай секілді ауылдық округтерінде 5 мыңнан астам марал мен теңбіл бұғы бар. Бал мен қымыз өндіруден аймақтағы көшбасшылар қатарынан орын алған. Сұрыптық асылдандыруға ауданның марал шаруашылықтары жылы 9,9 млн. теңге қаржы алды. Сонымен қатар ірі қара мал, жылқы мен құстың саны күн санап өсуде. Етті мал шаруашылығының дамуына «Әлихан-17», «Тайшы» сияқты шаруа қожалықтары үлес қосуда.
Жыл сайын аудан омарташылары 300-400 тонна бал өндіреді. Биыл 12 омарта шаруа қожалығы 15,4 млн. теңге субсидия иеленді. Жыл сайын ауылшаруашылық техника түрлері де біршама жаңаланып келеді. Ауданның ауылшаруашылық құрылымдары 525,7 млн. теңгенің 18 бірлік жаңа техникасын сатып алды.

– Аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамту мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?

– Бұл тұрғыда өңірде биыл ауқымды жұмыстар атқарылды. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында Новохайрузовка, Аққайнар, Солдатово ауылдарында жалпы құны 2 млрд. теңгеге таяу қаржыға су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Бүгінгі таңда Новополяковка, Ақсу ауылдарында халықты сапалы ауызсумен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталды. Облыстық бюджет қаржысы есебінен Солоновка және Аршаты ауылдарының су құбыры желілерін қайта жаңғырту үшін тиісті жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Жыл сайын аудандық бюджет есебінен аудандағы су құбыры желілерінің күтіміне қажетті қаражат бөлініп отырады.

– Өңірдегі білім беру саласында атқарылып жатқан игі істер де баршылық сияқты…

– Келешек ұрпақтың сапалы білім алуына қажетті жағдайлар жасалған. Бүгінде аудан көлемінде 38 мектеп, тоғыз мектепке дейінгі мекеме, сонымен қатар ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын агротехникалық колледж, жас жеткіншектердің шығармашылығы мен бос уақыттарын тиімді өткізу үшін Шығармашылық үйі, балалар спорт мектебі, жас турист бекеті, музыка мектебі сынды мекемелер қызмет етеді. Білім сапасын арттыру үшін мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңартылған білім беру мазмұны аясында заманауи жаңа сыныптар ашылуда. Мәселен, өткен жылы облысымызда өткен «Туған жер» кәсіпкерлер форумында бастау алған «Менің мектебім» акциясы нәтижесінде, аудан тумаларының, кәсіпкерлері мен мектеп түлектерінің демеушілігінің арқасында өңірдің үш орта білім ошағында робот техникасы кабинеттері ашылса, онан бөлек, физика, биология сыныптары заманауи соңғы үлгіде қажетінше жабдықталды. Биылғы оқу жылында ауданның 14 мектебінде үштілділік бағдарламасына сәйкес физика-математика, жаратылыстану бағытындағы пәндер ағылшын тілінде жүргізіле бастады. Одан бөлек, аудан мектептері түгелімен кеңжолақты Интернет желісімен қамтылған.

Педагогтердің кәсіби біліктілігін көтеру жұмысы үнемі назарда. Мәселен, өткен оқу жылында аудандағы 700-ден астам педагогтің 100-ге тақауы білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша білімдерін көтерді. Одан бөлек, ағымдағы жылы оқушыларға қажетті оқулықтар алуға жергілікті бюджеттен 34,2 млн. теңге бөлінді.

-Катонқарағай өзінің сұлу табиғатының арқасында кеңінен танымал. Туризмді дамыту бағытында атқарылған жұмыстар туралы айтсаңыз.

– Ауданымыз туризмді дамыту кластеріне енген. Көшпелі және ішкі туризмді дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында өңіріміз 50 алдыңғы туризм нысандарының қатарына кірді. Өңіріміздегі туристік саланың негізін емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық, мәдени-танымдық және белсенді туризм құрайды. Ауданда туристер мен демалушыларға арналған екі шипажай, 12 пантымен емдеу орталығы бар. Бүгінгі таңда аудан туризмі жергілікті кәсіпкерлердің қолдау-көмегімен жақсы дамып келеді. Соның арқасында қосымша жаңа жұмыс орындары ашылуда. Ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша «Жанат» демалыс орнында «Дамир» шаруа қожалығы жалпы сомасы 52 млн. теңгеге екі демалыс үйін салып, қолданысқа берді. Катонқарағай ауылындағы бұрынғы балабақша ғимараты кәсіпкерлердің жеке қаржысы есебінен оңалту орталығы ретінде қайта жаңғырып, ел игілігіне берілді. Белқарағай ауылында «Тамерлан» демалыс базасында құны 7 млн. теңге тұратын пантымен емдеу базасы салынды. Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы Приморск ауылының маңында ауданымыздың танымал кәсіпкері Жанболат Қазанов басшылық ететін «Мұзтау и К» ЖШС қазіргі заманға сай демалыс орнын салып жатыр. Аталмыш жобаның жалпы құны 150 млн. теңгені құрайды, демалыс орны келер жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Ескерткіштер – тарихи-мәдени байлығымыз. Осы орайда, әйгілі Берел қорғандары жаңғыртылуда. Биыл ондағы №11 обада құрылыс жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музей бой көтерді. Ағымдағы жылы аты аңызға айналған Берел қорғандарына 10 мыңнан астам адам келіп, киелі жердің тарихымен танысып қайтты.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлттық мұражайдың «Киелі Қазақстан» орталығы Қазақстанның 100 жалпыұлттық киелі орындарының тізіміне ауданымыздың аумағынан Берел қорымдары мен Мұзтау сияқты екі ірі нысанды кіргізді. «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» және «Киелі жерлер географиясы» бағдарламалары аясында облысымыздың киелі жерлер картасына ауданымыздан Берел қорғандары, Кіндік тас, Мұзтау және Рахман көлі сияқты киелі орындар енгізілді. Бұл Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Алтай-түркі әлемінің бесігі» деп айтылғандай, өңірімізге көпшілік назары тіптен ауатын болады.

-Шекаралық ауданда халықты тұрақтандыруға сеп болатын «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының іске асырылу барысына тоқталсаңыз.

– Биыл аталмыш бағдарламаның үшінші бағыты «Халықты жұмыспен қамту арқылы еңбек нарығын және еңбек ресурстарының мобильділігін дамыту» бойынша ауданымызға оңтүстік өңірлерден 22 отбасы келіп, қоныстанды. Олардың барлығы баспанамен, тұрақты жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта ауданға оңтүстік аймақтардан тағы 25 отбасыны көшіріп әкелу жоспарлануда. Сонымен қатар жоғарыда аталған бағдарламаны іске асыру аясында екінші бағыт бойынша ауданда жыл бойында 170 адам арнайы оқытудан өтті. Нәтижесінде 114 жоба қатысушысы тиісті сертификаттар алып, өз кәсіптерін ашуға біртабан жақындады. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы 13 адам 43,65 млн. теңге сомасында шағын несиеге қол жеткізді, 15 бизнес-жоба несие комитетінен қолдау тауып, 47,4 млн. теңгеге ие болды. Одан бөлек, төрт бизнес-жобасы «Катонқарағай» несие серіктестігінен шағын несие алды.

– Келер жылы ауданда қандай жоспар-жобалардың орындалуы қарастырылған?

– Келер жылы ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуды межелеген мақсат-міндеттер өз жалғасын табады. Мәселен, өңір туризмін дамыту мақсатында Топқайың ауылында «Топқайың» ЖШС биыл бастаған жалпы құны 120 млн. теңгені құрайтын емдеу-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталады. «Соколенко» ЖК жүргізіп жатқан Бұқтырма су қоймасы жағалауындағы жалпы сомасы 150 млн. теңгені құрайтын 80 орындық демалыс базасының құрылысы жалғастырылмақ. Одан бөлек, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2019 жылы аудан орталығы Үлкен Нарында 30 пәтерлі бір тұрғын үй мен қос пәтерлі жеті тұрғын үй салынатын болады. Одан бөлек, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында келер жылы облыстық бюджет есебінен Топқайың және Шыңғыстай ауылдарының су құбыры жүйелерін жаңғыртуға арналған екі үлкен жоба іске асырылады. Қос жобаның жалпы құны 1 млрд. теңгені құрайды. Алдымыздағы жылдың тағы бір жағымды жаңалығы, Солдатово және Аққайнар ауылдық Мәдениет үйі ғимараттары мен аудан орталығындағы Үлкен Нарын ауылдық мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Бүгінде олардың қажетті жобалық-сметалық құжаттары толығымен дайын.

Сұхбаттасқан – Тимур Смағұлов

Осы айдарда

Back to top button