Қоғам

Туризм – экономиканың төрінен орын алатын сала

Туризм - экономиканың төрінен орын алатын сала


Тамылжыған табиғатымен тамсантқан Катонқарағай өңірінің атақ-даңқы бұл күндері алысқа кеткен. Сондықтан болар, соңғы кездері аграрлы ауданның экономикасының болашағын туризммен байланыстыру үйреншікті үрдіске айналған. Бұл саланың өңірге берері не? Катонқарағай қандай ресурстарымен тартымды? Таулы-орманды, өзен-көлді, қойнауы тарихи қазынаға толы аймақта туризмді дамытуда қандай қадамдар жасалып отыр? Аудан әкім Ахметқали Нұрғожинмен осы сауалдар төңірегінде әңгіме-дүкен құрған едік.

– Ахметқали Ахашұлы, Катонқарағай ауданының тізгінін ұстағаныңызға тоғыз айдан асса да, өңірді аралаған үш-төрт күнде біраз шаруалардың тындырылғанына көз жеткіздік. Мол астық алыныпты, ауыл шаруашылығында өнім өндіру көлемі 12 миллиард 832 миллион теңгені құрапты, ірі қара 47 мыңға жетіпті, жылқы, қой саны өскен көрінеді. Жыл басынан бері екі мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Атақты «Рахман қайнары» шипажайына қарай екі көпір іске қосылып, Берелге дейін бес шақырым жолға асфальт төселіпті. Көшелерді абаттандыру, жарық беру, басқа да игі істерді көзбен көрдік. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстанның беделін туризм арқылы көтеру, осы саланы дамыту жайындағы айтылғаны белгілі. Демек, әңгімені осы арнаға бұрсақ.

– Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВТІҢ тапсырмасы бойынша «Алтын Алтай – аймақ дамуының басты байлығы» пилоттық жобасын жүзеге асыру басталды және ауылдық туризмді дамытудың жол картасы бекітілді. Айта кету керек, бұл күндері осы жоба бойынша ауданда 12 қонақ үй жұмыс істеп тұр. «Алтын Алтай – аймақ дамуының байлығы» жобасы Еуроодақтың «Махаон Интернешенел» словак қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Бұл жобаны жүзеге асыру осыдан екі жыл бұрын қолға алынған. Құны 350 мың еуроны құрайтын, Аққайнар, Өрел, Белқарағай ауылдық округтерінде қонақ үй желілерін құру аяқталып қалды. Жақында ғана бағдарлама аясында «Медовый спас Лэнд ард симпозиумы» этнофестивалі өтіп, ол көпшіліктің қызығушылығын туғызды.

Соңғы уақытта ауылдық туризмді және белсенді туризмді дамытуға көңіл бөле бастадық. Келген туристерді қонақ үйлерге орналастыру, ұлттық және кәдесый өнімдерін шығаруда да ізденіс танытудамыз. Өткен жылы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі сегіз бағыт бойынша келген туристерге қызмет көрсетуді бастады, алдағы уақытта ол көбейтілмек.

– Қазіргі кезде ауданда қанша емдеу орындары жұмыс істеп тұр?

– Аудандағы бұл саланың негізін емдік-сауықтыру, экологиялық, ауылдық, әлеуметтік, мәдени-танымдық және белсенді туризм құрап отыр. Қазіргі күні туристер мен демалушыларға екі шипажай, 12 пантымен емдеу орталығы, екі қонақ үй, 12 дәмхана, төрт мейрамхана, екі спорт кешені, ондаған футбол, хоккей қорапшалары, 19 халыққа тұрмыстық қызмет көрсету ғимараты, 252 сауда орны, үш базар, бал өнімдері мен пантыны қайта өңдейтін бір фармацевтикалық цех, бал өнімдерін қайта өңдейтін екі цех («Қасенов ШҚ, «Нектар Катонқарағай» ӘКК), екі автобекет қызмет көрсетуде. Өткен жылы Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына туристік және рекреациялық мақсатпен 3415 адам келсе, үстіміздегі жылдың тоғыз айында 2600 турист табан тірепті. Қазір туристер неғұрлым көп келетін орындарға қонақүйлер құрылысы салынуда. Бұдан басқа, ұлттық паркке келушілерге көлік, мініс аттар беру, қонақүйде күту, инспекторлық жол көрсету қызметтері де бағдарлы шешілуде. Аудан аумағында орналасқан Көккөл сарқырамасы, Рахман қайнары термальді бұлағы, биік таулы Көккөл кеніші, Берел қорғандары, Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы (Алтын тармақ) алыс-жақын шет елдерден келген туристердің қызығушылығын тудырып отыр. Соңғы екі жылда аталған аймақта мыңнан астам турист болып қайтты.

– Берел қорғанының атақ-даңқы жалпақ жұртқа танылғаны белгілі. Жақында ғана ақпарат құралдары «Берел қорымы – көшпенділер тарихының үлкен қазынасы» деп дүркірете жариялады. Осы жайлы кеңірек таратып берсеңіз?

– Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Ұлытауда сөйлеген сөзінде: «Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаңыз да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысқа барсаң, Берел қорымы бар, Орталыққа келсең, қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар, Батысқа барсаң, алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар, ал Оңтүстікке барсаң, Түркістан тұр» деп текке айтпаған ғой. Берел қорғанындағы қорымдар алғаш рет 18-ші ғасырда ғалымдардың назарына ілінген болатын. Орыстың атақты археологы В.Радлов (1865 жыл) тұңғыш рет қазба жұмыстарын жүргізіп, Алтайдың ежелгі көшпенділері өмірінің бірегей жәдігерлері – киім, құрал-саймандар, адам мүрделері мен жылқылардың еті мен сүйектерін тауып алған. Бұдан кейін зерттеу жұмыстарын С.Сорокин 1959 жылы аяқтаған. Тәуелсіздік алғаннан кейін жерлесіміз З.Самашев Берелді кеңінен зерттеп, ақыры көшпенділер тарихының үлкен қызынасын халыққа кеңінен таныстырды. 1997-1999 жылдары З.Самашев бастаған шетел ғалымдары 11-ші қорғаннан ер адам мен әйелдің мәйіттерін, жақсы сақталған 13 аттың мүрдесін, алтын әшекейлерді тауып, бүкіл әлемді таңғалдырды. Осыдан 25 ғасыр бұрынғы Сақ дәуіріндегі өркениеттің деңгейі қандай болғаны шынында да ғажап жаңалық еді.

Жақында ғана аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ тікелей бастамасымен №2-ші қорғанға салынған ашық аспан астындағы саркофагтың салтанатты жағдайда ашылуы аудан жұртшылығының есінде қалмақ. Ресми қонақтар мұның алдында ғана «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, оба үлгісімен айнымай жасалған құрылысты көрген кезде ерекше таңғалды. Айта кету керек, екінші қорғаннан әйел адамның мүрдесі мен жеті аттың қаңқа сүйектері, екі қыш құмыра мен алтын жапырақшалар, қоладан жасалынған айна табылған еді. Бір ғажабы, мұнда да көшпенділердің мәйітті жерлеудегі барлық ережесі қатаң сақталған. Берел қорымындағы саркофагтың ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар, ғалым З.Самашев, Берел ауылындағы ақсақалдар алқасының төрағасы С.Еламанов, Ұлыбритания, Түркия, Польша, Монғолия, Кореядан келген ғалымдар тарихи құрылыстың ел кәдесіне жарайтыны, алдағы уақытта Берелдегі қорымға туристердің қаптап келетінін тілге тиек етті.

– Күні кеше ғана Өскеменде тағы бір елеулі оқиға – «Алтай Инвест-2016» форумы өтіп, оған 13 мемлекеттен делегация келді. Сіз форумға қатысып, Катонқарағай ауданында туризмді дамытудағы атқарып жатқан істеріңіз жайында баяндап, бірқатар келісімдерге қол қойдыңыз. Енді осы жайында айта кетсеңіз?

– Туристік салаға шетелдік инвесторларды тарту мақсатында, экономикалық байланыстың дамуына күш салу үшін біз туризм және сыртқы байланыстар басқармасына туристік нысандар салуға ниет білдіргендерді тарту үшін бос жатқан жерлер жөнінде ақпарат жібердік. Инвестфорумда Болгариядан келген қонақтар бізбен тығыз қарым-қатынаста болды, баяндамадан соң сауалдар қарша борады. Өңірдің ғажайып табиғаты мен туризмді дамытуға жеңілдік берілетіні шетелдіктерді қызықтырып отыр. Инвестфорумда Қарағанды облысына 60 тонна картоп, көрші мемлекетке 625 миллион теңгенің 240 тонна сапалы балын беру жөніндегі меморандумға қол қойдық. 500 миллион теңге ауданда құрылған «Нектар-Катонқарағай» мекемесі арқылы «Даму» қорынан алынады. Сонымен бірге, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Ерлан Мұстафин Қарағанды облысындағы Қарқаралы ұлттық паркі, Павлодар облысындағы ұлттық парк басшыларымен экологиялық туризмді бірлесіп дамыту жөніндегі келісімге қол қойды.
Аманшылық болса, өңір басшысы Даниал АХМЕТОВТІҢ қолдауымен алдағы уақытта Катонқарағайға инвесторлар қаржы салады деген ойдамыз.

– Осы салада қандай іс-жоспарларыңыз бар?

– Былтырғы жылдың соңында Өскеменде өткен «Алтай Агро Инвест-2015» форумында «Катонқарағай бұғы паркінің» басшысы Нұрлан Тоқтаров пен көрші Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық районы «Ауыл шаруашылығы отряды» фирмасының басшылары арасында жалпы құны 210 миллион теңге және 280 миллион теңгені құрайтын ет өнімдерін өңдейтін кәсіпорын құру жөнінде келісімге қол қойылды. Демек, жүздеген жұмыс орны ашылады.

Ауданда 2015-2017 жылдарға арналған туризмді дамытуға бағытталған, құны 789,5 миллион теңге болатын 35 жоба әзірленді. Жол картасын жасау арқылы бір жылдан кейін туристік қызмет көрсету 2017 жылға қарай бір жарым есе, 2020 жылы төрт жарым есе артады. Сонымен бірге, «Алтай – Алтын таулар» трансшекаралық маршруты келушілердің қызығушылығын тудырады деген ойдамыз. Туристер көп баратын аймаққа барынша мәдениетті қызмет көрсету басты назарда болмақ. Ауданның жеке кәсіпкерлері де туризмнің дамуына өз үлестерін қосып жатыр. Атап айтар болсақ, өткен жылы Өрел, Маралды ауылдарында үш шағын қонақүй, Жамбыл ауылында бір қонақүй, Катонқарағай ауылында «Құлагер» туристік кешені мен ауылға кіреберісте орналасқан «Атамекен» емдеу-сауықтыру кешені ел игілігіне жаратылды. Оның сыртында бірнеше жылдан бері халыққа мінсіз қызмет көрсететін «Екі дос» және «Баян» қонақүйі тағы бар. Жеке кәсіпкер Асқар Уәлханов жалпы құны 50 миллион теңге болатын 30 орындық 10 қонақжай, 200 орындық жол бойындағы мейрамхананы Белқарағай ауылы маңыңда пайдалануға бермек.

Туризм – табыс көзі. Ауданда осыдан төрт жыл бұрын ашылған «Жас турист бекеті» мекемесінде жеті үйірме жұмыс істеп тұр. Велошаңғы, спорттық туризм, тау туризмі, жаяу туризм сияқты үйірмелерде бұл күндері жүзге жуық оқушылар осы саланың қыр-сырымен кеңінен танысуда. Күні ертең олар алыс-жақын шетелдерден келген туристерге мінсіз қызмет көрсетпек. Қорыта айтқанда, туризм экономиканы өркендетіп қана қоймай, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын қарсы алғалы отырған еліміздің атақ-даңқын, абыройын асқақтата бермек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Оңдасын Елубай
Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button