Туристік пойыз өңірде қысқы спортты дамытуға серпін береді
Жақында ғана жолға шыққан \”Риддер-Өскемен\” туристік пойызына қазірдің өзінде сұраныс жоғары болып тұр. Қыс болса аяқталып қалды. Ал «тауға барып, шаңғы теуіп қайту керек еді» деп жүргендер көп.
Өткен аптада бір топ журналистер қауымы жексенбілік пойызбен қарлы өңірге қатынап қайтқан едік.
Сенбі, жексенбі күндері таңғы сағат сегізде қозғалатын пойызға халық лық толады екен. Әсіресе, мектеп оқушыларының қарасы көп. Жылы, жайлы да жарық вагондардың ішінде әдеттегі жолаушы пойыздарындағыдай төсек орын жоқ. Оның орнына кәдімгі жұмсақ орындықтар қойылған. Үш-ақ сағаттық жол үшін бұл өте ыңғайлы.
Әріптестеріміз таңғы пойызға үлгеру үшін қаланың бір шетінен Защита вокзалына дейін таксиге 2000 теңге төлеп келіпті. Ал Риддерге дейінгі баға – 200-ақ теңге.
Риддердің тамаша табиғаты тау шаңғысын дамытуға аса қолайлы болып тұр. Отандық және ресейлік туристердің лек-легімен алты ай қыста кеншілер шаһарына ағылып жатуы – соның айғағы. Әсіресе, демалыс күндері мұнда келетін қонақтардың саны жүздеп саналады. Биыл олардың қарасы тіпті көп. Мамандардың айтуынша, ағымдағы жылы қардың аз түсуі қазақстандықтармен қатар көрші ресейлік туристерді де ақ көрпеге оранған Риддердің тауларына қарай ат басын бұрғызған. Алайда, қалаға дейінгі көлік жолының сапасыздығы, онымен қоса, туристік және спорттық инфрақұрылым-ның жоқтығы алыстан ат шалдырған меймандарға қолайсыздық туғызатыны рас. Соған қарамастан, апта сайын Риддерге ағылған саяхатшылар қатары азаяр емес.
Риддерде негізінен қысқы туризм айтарлықтай дамыған. Біз тоқтаған «Эдельвейс» қысқы спорт клубы шыңдары көк тіреген заңғар таудың етегіне орналасыпты. Таудың ұшар басына дейін тартылған арқанды жолмен биікке көтеріліп бара жатқан шаңғышылар алыстан әдемі де әсерлі көрінеді екен. Ал биіктен төмен қарай құлдилай сырғанап келе жатқан спортшылардың шеберлігіне тіптен көз сүйсінеді. Бұл жерде шаңғыны жаңа теуіп жүргендерден гөрі, кәсіби түрде жаттығып жүрген спортшылар көп. Сол себептен де, сырғанақ алаңдары тым биік және тік. Шұғыл бұрылыстары да тіс қаққан споршыларға арналған екен. Біз кәсіби тау шаңғышылары қатарынан болмағандықтан, етектегі еңістен сырғанауды жөн көрдік. Мыңдаған метр биіктіктен төмен зулауға жүрегі дауалағандарға арқанды жолмен биікке көтеріліп кетуге мүмкіндік бар.
Шаңғыны жалға алып, тебуге болады
Шаңғы немесе сноуборд сияқты керек-жарақты жалға беретін жерде сондай бір ұзын-сонар кезек жоқ болып шықты. Себебі, мұнда тоқтайтындардың көбі өз шаңғыларын арқалай келетін спортшылар. Ең бастысы, қоймада су жаңа тау шаңғылары лық толып тұр. Аяғыңызға қажет өлшемді де оп-оңай табасыз. Шаңғыны жалға алудың бір сағаты – мың жарым теңге. Жалпы, тау шаңғысы өте қымбат спорт түрі болып саналады. Дүкендерде сатылатын қарапайым тау шаңғыларының бағасы 70-80 мың, арнайы аяқ киімінің бағасы 60 мың теңгеден жоғары екендігін есепке алатын болсақ, мың жарым теңге аса қымбат баға емес. Тобықтың буыны шығып кетуден сақтайтын қауіпсіз бәтеңкені шаңғыға салсаңыз болғаны, арнайы бекітінділер арқылы тас болып жабыса қалады.
Бұл жерде бұрын шаңғы теуіп көрмегендерге кеңес беретін кәсіби нұсқаушылар көмек көрсететін болып шықты. Ақшасын төлесеңіз жаттықтырушылар шаңғы тебудің қыр-сырын үйретіп жіберуге әзір тұр. Ал таудың басына ентіктірмей шығаратын арқанды жолмен бір рет көтерілуге 250 теңге төлейсіз. Биікке бір шықсаңыз, соның өзі жетіп жатыр. Шаңғы тебе алмайтындар үшін тауға шығудан гөрі, төмен қарасаңыз бас айналатын биіктіктен сырғанап түсу қиын. Тәжірибесі жоқтарға етектегі еңістен сырғанап үйренудің өзі үлкен демалыс. Ішіміздегі ең тәжірибелі шаңғышы әріптесіміз Серік Әбілхан болып шықты, оның шаңғы тепкеніне қарап журналист емес, кәдімгі кәсіпқой спортшы деп ойлап қаларыңыз анық.
Риддерліктер болса, құдды, аяғына шаңғы байлап туғандай. Қолына 2 жас шамасындағы баласын құшақтап төмен қарай сырғанап келіп тоқтаған шаңғышы қыз өзін Ольга деп таныстырды.
– Қазір баламен үйде отырсам да, қысқы қызықтан кенде қалғым келмейді. Аптасына бір екі рет тауға шығып, шаңғы теуіп тұрмасақ, көңіліміз көншімейді, тау шаңғысымен кәсіби түрде айналысамын. Баланы құлатып ала ма
деп қорықпаңыз, кішкентай қызым бұған үйренген. Төмен қарай сырғанағанда қорықпайды, керісінше, мәз болады, – дейді ол.
Риддер қаласы әкімінің орынбасары Халел Теленшиновтің айтуынша, бүгінде Риддердегі туризмді дамытуға барынша күш салынып жатыр екен. Алдағы уақыттарда мұндағы инфрақұрылымдар барлық заманауи талаптарға сай келмекші.
Облыстық туризм және сыртқы байланыс-тар басқармасы мамандарының айтуынша, туристік пойыз алдағы уақытта да жүретін болады.
– Риддердегі тау шаңғысы спортын дамытудағы басты мәселе – жол. Облыс басшылығы осы түйінді туристік пойыздарды іске қосу арқылы шешіп отыр. Бірнеше апта көлемінде Риддерге ағылған туристердің саны артып келе жатыр, алдағы жылы демалушылар саны молая түседі деген үміттеміз, – дейді басқарма мамандары.
Қарлы өңірдің қызығына кенеліп жүріп, біз кештің қалай батқанын байқамай қалдық. Кері қайтатын пойыз вокзалдан кешкі 18.50-де қозғалатын болған соң, келген вагонымызға жайғастық. Туристік пойыз әзірге наурыздың аяғына дейін жүріп тұратын көрінеді. Риддерге барып, шаңғы тебем деушілерге әлі де болса уақыт жеткілікті.
Дарын Нұрсапаров