Туристерге жыл бойы қызмет көрсетеміз

Шығыс Қазақстан облысының еліміздің туризм индустриясының драйверіне айналуына мүмкіндіктері мол. Біріншіден, аймақ Ресей, Қытай, Моңғолия сияқты үш мемлекетпен шектеседі. Екіншіден, өңір туристерге тур пакет пен өнімнің – панты, шөп, радонмен емдеу сынды эксклюзивті түрлерін ұсына алады. Сондай-ақ өңірдің туристерге жыл көлемінде қызмет көрсететіндей әлеуеті бар. Мұны жуықта өңірге атбасын бұрған еліміздің туристік әлеуетін арттыру мен салаға инвестиция тарту бағытындағы «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының өкілдері де атап өтті.
Ұлттық компанияның басқарма төрағасы Рашид Күзембаев бастаған жұмыс делегациясы облыс әкімдігінде өңірдегі туризмді дамытудың басымдықтарына арналған дөңгелек үстел ұйымдастырып, осы саланың жетістіктері мен мәселеріне назар аударды. Іс-шара барысында компания өкілдері келесі жылы Астана қаласында өтетін ITB Eurasia фестивалі туралы кеңінен мағлұмат беріп, биыл еліміз бойынша жасалған 20 маршруттық экспедицияның нәтижелерімен бөлісті. «Алтай – өрекениеттің алтын бесігі» халықаралық фестивальдың концепциясы жөнінде сөз қозғаған облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев фестиваль аясында өңірдің үздік туристік маршруттары мен ресурстары таныстырылатындығын атап өтті. «Аталмыш жоба эко және тау-шаңғы туризмін дамытуға, сондай-ақ өңірдің танымалдығын арттыруға үлес қосады деген сенімдеміз. Фестивальдың негізгі мақсаты – өр Алтайды Ресей, Моңғолия, Жапония, Венгрия, Түркия елдерінің туристеріне өркениеттің алтын бесігі ретінде таныту», – деп атап өтті басқарма басшысы. Сондай-ақ басқарма басшысы «Kazakh Tourism» өкілдерінен өңірдің туристік әлеуетін арттыруда шекаралас елдермен, әсіресе Қазақстан мен Ресей, Қытай мемлекеттері арасында құқықтық актілерді теңестіру, топтық визамен қабылдау мәселелеріне назар аударуды сұрады.
Облыстық туризм басқармасы өңірде туризмді дамыту саласында атқарылған іс-шараларды да тілге тиек етті.
Соңғы жылдары өңірде туризм саласын дамытуға арналған нақты іс-шаралар жүзеге асырылды. Олардың қатарында көл жағалауларындағы жерлерді инвентаризациялау бар, нәтижесінде игерілмей жатқан мыңға жуық жер учаскесі анықталды. Салық түсімдері мен туристердің нақты көлемін анықтау шаралары да өз нәтижесін берген көрінеді. Мәселен, өткен жылы Алакөл жағалауындағы демалыс орындарынан түскен салық мөлшері 35 млн. теңгеге әзер жетсе, биыл 54 миллион теңгеден асып жығылған.
-Туристік нысандардың инфрақұрылымы мен логистикасын дамыту бағытында 2016-2018 жылдары ауқымды шаралар атқарылды. Осы кезең аралығында көлік жолдарын жөндеуге ғана 5 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Аталған қаржы Алакөл, Сібе көлдері, Марқакөл, «Нұртау», «Алтай Альпісі» тау-шаңғы базаларына апаратын жолдарды жөндеуге бағытталды,-дейді басқарма басшысының орынбасары Марат Қабақов.
Оның айтуынша, өңірдің туристік әлеуетін арттыру бағытындағы шаралар алдағы жылдары да жалғасын табады. Биыл «MacKinsey» халықаралық консалтингтік компания өкілдерімен бірлесіп, Алакөл жағалауын дамытудың жобасы жасалды. Ол суқұбырлары, кәріз желісінің құрылысы, электр желілерін тарту, жағалауды бекіту, Үржар ауданының әуежайын қайта жаңғырту сынды бағыттардан тұрады. Сондай-ақ, Қатон-қарағай ауданындағы «Алтай» курорты мен қазақ шипагерлігінің орталығы құрылысы жалғасатын болады.
– Үлкен Нарын ауылындағы әуежайды қайта жаңғырту мәселерері қарастырылуда. Облыстық бюджеттен бөлінген 13 миллион теңгеге оның техникалық негіздемесі жасалды. Әуежай құрылысы республикалық бюджет есебінен салынуы тиіс. Құрылысқа қажетті сомма 4,5 млрд. теңгені құрап отыр. Бүгінгі күні Инвестиция және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетіне инвестициялық ұсыныс жолданды. Өкінішке қарай, әзірге жауап алынған жоқ, -дейді басқарма басшысының орынбасары.
Сонымен қатар Зырян ауданының әкімдігіне Бұқтырма су қоймасының жағалауын Алакөл үлгісінде дамытудың жоспарын жасау жөнінде тапсырма берілген. Шетелдің ғылыми-зерттеу институттарының зерттеулері нәтижесінде өңірдегі панты мен дәрілік шөптердің біразына сертификат алынды. Бүгінгі күні өңірде еліміздегі алғашқы «Digital touristic centre» туристік орталығын құру бағытындағы жұмыстар атқарылып жатыр.
Бірегей «Жаңа ауыл»
Жұмыс делегациясы өңірде жүзеге асырылып жатқан 13 инвестициялық жобамен танысты. «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінің базасында салынуы тиіс қысқы спорт түрлері бойынша оқу-жаттығу орталығының құрылысы делегация өкілдері тарапынан оң бағаға ие болды. Тау-шаңғы кешенінің директоры Александр Чиликиннің айтуынша, жобаның жүзеге асуы еліміздің спорттағы жетістігінің артуына әсер етпек. Жоба жүзеге асқан соң, қазақстандық тау-шаңғы спортшыларына жыл бойы жаттығуға жағдай жасалмақ.
-Бүгінгі күні тау-шаңғы базасында төрт арқан жолы бар. Осы арқылы біз ТМД елдерінің ТОП-10-на еніп отырмыз. Тағы екі арқан жолының құрылысы жүріп жатыр. Жоба бойынша жасанды қар төсеу жоспарда бар. Бұл әрине, қардың тапшылығынан туындаған қажеттілік емес. Еліміздің спортшылары жасанды қарда жаттықпағандықтан да, қысқа ойын түрлері бойынша олимипиадада кібіртіктеп жатады. Осы олқылықтын орнын толтырсақ деген мақсатымыз бар,-дейді Александр Чиликин.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыруға 2 млрд. теңгедей қаржы салынып та қойды. Енді 1 млрд. 200 млн. теңге қаржы қажет. Жоба аясында «Алтай Альпісі» тау-шаңғы кешенінің аумағында спортшыларға арналған оқу және интернат корпустары, биатлонға арналған стадион, жасанды қар төселген шаңғы жолы, екі арқан жолы салынбақ.
Өңірде жүзеге асырылып жатқан бірігей жобалардың қатарында Бесқарағай ауданындағы «Қожагелді» сауықтыру кешені мен «Жаңа ауыл» киіз үй қалашығын атап өтуге болады. Жоба жүзеге асырылған соң, Семей қаласынан он шақырым жерде ұлттық калоритке бай киіз үй қалашығы мен сауықтыру кешені пайда болмақ.
– Нысандар қарағайдың арасында орын теппек. Семей мен Павлодар қалалары аралығындағы автожолдың бойында орналасатын бұл кешен өңірге көрші облыстардан да турист тартуға мүмкіндік бермек. «Қожагелді» сауықтыру кешенінде 80 орындық екі қонақүй, 22 орындық коттедждер бой көтермек. Сондай-ақ 120 адамға лайықталған асханасы болады. Жоба бойынша, бассейн, панты, батпақпен емдеу және фитобөшкелермен емдеуге бағытталған 56 адамға арналған сауықтыру корпустары, массаж кабинеттері жабдықталмақ. Бұл сауықтыру кешенінің жобасы ғана. Ал киіз үй қалашығы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталатын болады,-дейді «Қожагелді» ЖШС өкілі Гүлнар Катчибаева.
Оның айтуынша, «Жаңа ауыл» киіз қалашығында 260-280 орындық екі қабатты ресторан бой көтереді. Киіз үй стиліндегі мейманхана да ұлттық асханамыздың үздік тағамдарын ұсынатын болады. Жоба авторлары мейрамхананы шетелдіктерді қабылдайтындай дәрежеге жеткізуді көздеп отыр. Мұндағы қонақүй бөлмелері де киіз үй стилінде болмақ. 40 орындық қонақүй бөлмелері ұлттық жиһаздармен жабдықталады.
-Жобаның жалпы құны – 800 миллион теңге. Оны жүзеге асыру барысында «Қожагелді» ЖШС 550 миллион теңге көлеміндегі өз қаржысын салып, бірқатар шаруаларды тындырды. Қазіргі күні мұнда екі қабатты қонақ үй, асхана, коттедждер мен сауықтыру кешенінің ғимараттары бой көтерді. Екі қабатты киіз үй стиліндегі ресторан да дайын. Сондай-ақ алты киіз үй, қонақ үй бөлмесі толықтай жабдықталды,-дейді Гүлнар Катчибаева.
Оның айтуынша, жобаны толықтай жүзеге асыру үшін 250 млн. теңге көлеміндегі қаржы қажет. Кешен 2020 жылы алғашқы меймандарын қабылдайды деп күтілуде.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынабасары Қайрат Мамырбаевтың айтуынша, өңірде туризм саласына қатысты 52 инвестжоба бар. Олардың он үші, соның ішінде жоғарыда аталған жобалар жүзеге асырылу үстінде, сондай-ақ оларға қажетті қосымша қаржы бөлінген.
Лаура Тілеубайқызы