Қоғам

Тұрғындардың тілегін орындайды

Азамат Темірбеков

Риддерде қаланы дамытуға және абаттандыруға байланысты басталған жаңа жобаға жергілікті халық қатыса алады.

Бұл туралы «Adal komek» жобасы аясында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жайлы ақпарат берген Риддер қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Вячеслав Белебезьев хабарлады. Оның айтуынша, пилоттық жоба тұрғындардың тілектері мен бастамаларын ескере отырып, қаланы дамытуға және абаттандыруға бағытталған екен.

–  Пилоттық жоба бойынша конкурстық жұмыстардың басталғаны туралы барлық ақпараттар тапсырыстарды қабылдағанға бес күн қалғанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып, Риддер қаласы әкімдігінің ресми сайтының «Халық қатысатын бюджет» бөліміне орналастырылады. Конкурс талаптарына сәйкес, ұсынылатын жоба бір нысанды ғана қамтып, ол көпшіліктің қолданысында болуы тиіс. Сонымен қатар нысан қала аумағында орналасып, қала әкімшілігінің коммуналдық қарауында болуы қажет. Коммерциялық бағыттағы жекеменшік жобалар қарастырылмайды, – дейді Вячеслав Белебезьев.

Тұрғындар тапсырыстарды электронды түрде қала әкімдігінің ресми сайтындағы «Халық қатысатын бюджет» бөлімі арқылы бере алатын көрінеді. Сонымен қатар тапсырысқа жобаның болжанған немесе нақты шығындар сметасы мен жобаның сызбасы қоса берілуі тиіс. Ал барлық конкурстық жұмыстар мен оның нәтижелерін жария ету «Халық қатысатын бюджет» жобасының ережесіне сәйкес жүргізіледі.

Жалпы, бұл жобаның берер мүмкіндіктері көп. Атап айтсақ, жоба елді мекендердегі аула аумақтарын абаттандырып, ойын алаңдарының орнатылуына септігін тигізеді. Бұдан бөлек, жаяу жүргіншілер жолдары жөнделіп, көше жарықтары жаңартылады, сондай-ақ елді мекендердегі жасыл желектің саны артып, келбеті жақсара түседі. Айта кетсек, біз бұған дейін облыс орталығында екінші жыл қатарынан жүргізіліп жатқан осындай жоба туралы хабарлаған болатынбыз. Жоба бойынша, биыл өңірдің бас шаһарында 14 ауланың абаттандырылып, 12 ойын алаңының орнатылатыны жайында хабарлаған едік.

Осы айдарда

Back to top button